ОҢАЛБАЙ АЯШЕВТIҢ БIЗ БIЛМЕЙТIН БЕЙМӘЛIМ ҚЫРЛАРЫ

464
1

Бiздiң оқырмандарымыздың есiнде болар, республикалық «УАҚЫТ» қоғамдық-саяси газетiнiң 2012 жылғы 31 мамырдағы №14 санында «Тағайындалған әрбiр кадры үшiн облыс әкiмi жауап бередi» деген тақырыпта Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры Оңалбай АЯШЕВПЕН (суретте) көлемдi сұхбат жарияланған едi. Сұхбатта бұл азаматтың шынайы бет-бейнесiн ашуға, кiсiлiк келбетiн танытуға бiршама талпыныс жасағанбыз. Әлбетте, объективтi бағасын беретiн – халық. Халықтан асқан сыншы да, халықтан асқан таразы да жоқ. Мiне, осы мақсатты көздей отырып бiз газеттен бөлек «www.uakit.kz» электронды ақпараттық порталын дүниеге әкелгенбiз. Себебi, қазiр интернет күнделiктi тiршiлiгiмiзге етене сiңiскен заман. «УАҚЫТ» газетiнде жарияланған материалдардың барлығын әлемнiң кез келген түкпiрiнде отырып осы сайттан да оқуға мүмкiндiк туғызуымыз шарт деп бiлдiк.     Электронды ақпараттық порталдың бiр артықшылығы, қайсыбiр мақала бойынша оқырман өз пiкiр-көзқарасын жазып қалдыра алады. Ұсынысын айта алады. Талқылау жасайды. Яғни редакциямен жанды және жедел байланыс орнайды. Соңғы уақытта «www.elbirligi.kz» сайтымен де әрiптестiк қарым-қатынас орнаттық. Ашылғанына бiраз уақыт болған бұл портал бүгiнде өте танымал, аудиториясы кең. Өз таңдауына және қалауына орай «www.elbirligi.kz» сайты бiздiң басылымда жарық көрген материалдарды көшiрiп басып, «УАҚЫТҚА» қолдау бiлдiрiп отыр. Мiне, осы ретте О.Аяшевпен болған сұхбатты да жұртшылық назарына, көзi қарақты халықтың талқысына салғанды құп көрiптi. Газетiмiздiң №14 санындағы сұхбатта О.Аяшев туралы зиялы қауымның пiкiрiн жарияласақ, осы жолы оқырмандардың сұранысына сәйкес «www.uakit.kz», «www.elbirligi.kz» электронды порталдарындағы сол сыншы, сол таразы халықтың кейбiр пiкiрлерiн топтастырып, тасқа басып, оқырмандарға жеткiзейiк деп шештiк. Әрине, бұл ретте сайттағы пiкiрлер редакцияның көзқарасын бiлдiрмейтiнiн ұмытпаған жөн. Сонымен, кiм не дейдi?

КIТАПХАНАШЫ:

Аяшевтiң «Елбасы сүйген Оңтүстiк» деген кiтабын қолыма алып, «не жазыпты екен» деп көрiп шықтым. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң жылнамасы сияқты әсер қалдырды. Шетiнен «Оңтүстiкте» жарық көрген мақалаларды топтастырған. Оған Бейсенбай Тәжiбаевтi соавтор ретiнде тiркеп қойыпты. Басқаға қайдам, қарапайым кiтапханашы ретiнде маған оғаштау көрiндi. Елбасы мұндайларға зәру емес қой. Кiтап шығару керек болса, сәл iзденiс жасап, басқа формасын табу керек едi.

САБИРА:

Оңалбай Аяшевтi бүгiн жана қырынан таныдым. Осыдан кейiн оны перiште ме деп ойлап қалдым.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ:

Оңалбай мырза сұхбатында «…Пединституттың атын өшiруге тырысты. «Елдiң есiнен шығып, ұмытылып кетсе» дедi…» дептi. Бұл – жаңсақ пiкiр. Пединститут қиын-қыстау кезеңдерде лажсыздан жабылды. Заман талабы солай едi. Және оны қайта тiрiлткен де – Аяшев емес. ХҚТУ ШИ-дiң жұмыс iстеу мерзiмi бiте бастағанда-ақ осы оқу орнының ұжымы педагогикалық институттың байырғы мәртебесiн қайтару жөнiнде бiр атаның баласындай арнайы хат дайындап, қол қойып, Бiлiм және ғылым министрлiгiне жолдаған деп естiп едiк. Шамасы, Аяшев «дайын асқа – тiк қасық» болған сияқты…

САРСЕН:

Зиялы Қауым, сiздiң сөзiңiздiң жаны бар болуы да мүмкiн. Өйткенi О.Аяшев былтыр осында келгенде, үлкен қарсылыққа тап болды ғой. Астанадан шығатын «Халық сөзi» деген газет «Баласы адам атқан Аяшев ректор болды» деп сын материал жариялады. Тура сол мақала Шымкенттен шығатын «Рейтинг», «Ардақ», «Еркiн ой» дейтiн басылымдарда да жарық көрдi. Менiң ойымша, Аяшев талайлардың жоспарын бұзып жiбердi-ау. Ол ректор болады деген ешкiмнiң он ұйықтаса да, түсiне кiрмеген шығар.

ХАН БАЛАСЫ:

Төөөөуууу,бiр зиялы азамат секiлдi сұхбат берiптi ғой. Кiм екенiңдi жақсы бiлемiз ғой Аяшев мырза. Сұхбатыңды Алматының газеттерiне бермейсiз бе. Бұл жақта сiздiң мына сөздерiңiзге ешкiм сенбейдi гой.

АБУ:

«Халық сөзiн» қайдам, Оңалбай Аяшев қазiр «Рейтингтiң» жiгiттерiмен әмпей-жәмпей ғой. Осы екi газетке де әжептәуiр «подписка» жасап берiп отыр екен. Мұны қалай түсiнемiз? Қазақтың ордалы жыланды үйден басынан ағарған құйып шығару ырымын ұстанғаны ма, әлде тек өзi аяқ тартқандарын ғана «сыйлайтын» әдетi ме? «Рейтингте» сыналғалы берi Ғалымжан Елшiбайды Аяшев көкем ешбiр жиын-тойынан шет қалдырмайтын көрiнедi. Ал, сұхбатында пендешiлiк, әлсiздiк туралы әңгiме айтыпты.

АДIЛЕТ ГАЗЕТI:

Ойбой, мына «Уақыт» Аяшевпен сұхбаттасып қана қоймай, ол туралы үш адамның пiкiрiн бергенiн қарасай! Мынадан кейiн «шынымен әулие екен ғой» деп жылағың келедi ғой. Менiң ойымша, Оңалбай өзiн-өзi әдейi мақтаттырып отыр. Айтаханов – өзiнiң туысқаны. Түсiнiктi. Жолдасбеков қартайды, қартайған адамды алдарқату оңай, қазiр оған кiм асты-үстiне түсiп, бәйек болса, сол жақсы ғой. Аяшев ондайды қатыратын шығар. Ал, Байғұтты әдемi ұстапты. Ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастыруды желеулетiп, жұртшылық айтып жүргендей, Оңтүстiктiң «штаттан тыс» бас идеологының тiлiн тауыпты-ау ақыры. «Ханға жағамын десең, ханшайымның тiлiн тап» деген. Аяшев осындай «дипломатиялық сәттi қадамдарына» iштей көңiлдi бiр демдеп жүрген болар.

ДИДАР:

Тұтқабай, рақмет! Тамаша сұхбат екен… сол деңгейге жетiп алу керек екен. «Уақыт» газетi өнегелi тұлғаларды көбiрек жазса екен.

ӨМIР АҒАЙ:

…«Саған күнiне бiр бөлке нан тегiн келiп тұрса, өте жақсы. Аштан өлмейсiң. Қомағайлана берме» деп балаларыма үнемi айтып отырамын.????

Мұны қалай түсiнемiз, қайдан, қалай тегiн келедi?

АҚИҚАТ АҚЫН:

Түсiнбеймiн, Аяшевке облыстық мәслихаттың депутаттығының не қажетi бар? Мыңғырған малы, мыш-мыш ақшасы бар екен. Жүдә, ректор болып та басын ауыртудың қажетi шамалы ғой. Менде сондай шiрiген байлық болса, рахатын көрiп жатар едiм. 100 долларлықтармен тiс шұқып, кекiрiк атып, жатар едiм. Жүдә, артылып жатса, кембағалдарға, жетiм-жесiрлерге ақшамды судай шашар едiм. Әй, Аяшевтан ондай ерлiк шыға қояр ма екен?! Әй, қайдам!

ДЕПУТАТ:

Пединститутқа не деген қаржы бөлiнiп жатыр! Ағымдағы жөндеу, күрделi жөндеу дегенiң – нағыз ебiн тауып екi асайтын, байитын жер ғой. Бұл жерден сыбайлас жемқорлықтың иiсi шығатын сияқты ма, қалай? Финполицияның құлағына сыбырлап қою керек-ау! Мемлекеттiң әрбiр тиыны санаулы ғой. Әйтпесе Елбасы «Бастарыңды жұлып аламын» деп тегiннен-тегiн айтқан жоқ…

“УАҚЫТ” ГАЗЕТI:

Құрметтi ағайындар! Оңалбай Аяшевпен сұхбат құрып отырып, жаман қасиеттерiн аңғарған жоқпыз. Жап-жақсы-ақ азамат. Кiсiнiң сыртынан осылай ғайбат сөйлеуге бола ма? Кез келген адамның жақсы қасиетiн көруге болады ғой. Болар елдiң балалары бiрiн-бiрi батыр деу керек, бауырлар. Әрине, ешкiм перiште емес. Бiрақ бiр-бiрiмiздi тек мақтап жүрейiкшi. Үлкен өтiнiш.