МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТІҢ ИГІЛІГІН ЕЛ КӨРІП КЕЛЕДІ

109
0

Шымкент қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Салтанат Каххорова мамыр айында алған мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатына (400 АЕК) бірнеше қой сатып алып, есігінің алдында шағын қой шаруашылығымен айналысуды бастап кетті.

Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен білім беру ошақтарында жұмыс жасамаған. Үй шаруасында болған. Күйеуінің тапқан табысымен және балаларына төленетін мемлекеттік жәрдемақымен күндерін көрген. Көпбалалы ана санатына жататындықтан грантқа қатысуға бел буып, сәуір айының басында тиісті құжаттарын өткізген ол комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғаған. Нәтижесінде грант тағайындалған.

— Қазақта “Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деген қанатты сөз бар. Қой шаруашылығымен айналысу қазақтың қанында бар кәсіп ғой. Тәуекелге бел буып бастап кеттік. Осы істі бастауға мемлекеттік қайтарымсыз гранттың пайдасы мол. Яғни, бұл — қармақ. Ары қарай алып кету өзімізге байланысты, — дейді Салтанат Каххорова.

Айта кету керек, ағымдағы жылы 1000-нан астам адамға мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған. Бірінші лек (поток) бойынша 220-дан астам шымкенттік грантқа қол жеткізді. Осының негізінде көптеген азаматтар өз кәсібін бастап, нәсібін көріп отыр. Мұның өзі әлеуметтің әлеуетін көтеруге де септігін тигізуде. Өзімен қатар, өзгені де жұмыспен қамтып отырған азаматтардың арқасында бюджетке түсер түсім де артқан. Бұдан бөлек, Шымкент қаласына инвестиция тарту мақсатында да қолайлы жағдайлар жасалып келе жатқанын жазып жүрміз. Нәтижесінде жаңадан индустриалды аймақтар құрылуда. Жүздеген, тіпті, мыңдаған жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға қолдау болып жатыр. Сала атқарылып жатқан жұмыстар жайы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жаңа жұмыс орындарын құру бастамасы болашақта да жалғаса бермек.