БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ БОЛДЫ

140
0

Тілсіз жаудың салдарынан будақтаған көк түтіннің ортасына қойып кетіп, өрттен зардап шеккен адамдарды түрлі кедергілерден алып шығу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ай күннің аманында отқа түсетін батырлар арамызда аз емес. Қоғам өмірінде құтқарушы болмаса да өрттен зардап шеккен адамды көрген бойда көмек көрсететін ер жүрек азаматтар кездесіп жатады. Ондай кезде олардың есім сойлары елге айтылып, көп алдында марапатталып жатады. Жөпелдемеде адамдарға мұндай жәрдем беру батырлық әрине.

Бірақ өрт сөндірушілер үшін  мұндай ерен істі атқару жүйелі түрде орындалатын зор міндет. Ондай талаптың үдесінен шығу үшін үнемі шеберлікті шыңдап, тәжірибені толыстырудың маңызы зор.

Осындай мақсатта Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ауласында «Үздік газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны» байқауы өткізілді.

Байқау кезінде жас құтқарушылар тілсіз жаудың ортасында оны оқшаулау мен ауыздықтаудың тактикасын орындап, өздерінің кәсібилік қарымының қай деңгейде екенін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша Түркістан қаласындағы №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары «Үздік газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны» атағын алды. Ал «Үздік қауіпсіздік бекеті» атағын Түркістан облысы, Шардара қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі азаматтық қорғау кіші сержанты Бабыр Әмірбекұлы Құметов  иеленді.

Аталған байқауға облыс бойынша үш мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен он бір өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары қатысты.