ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ЖАЙЛЫ ӨТУІ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Қыс келді. Жаз бойы қысқа дайындықтың қамы қалай орындалғанына көз жеткізетін кез бұл. Жылыту маусымының жайлы өткізу тәулік бойы бақылауда болады.

Осы аптада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жылыту маусымына қатысты тиісті мекемелерге тапсырма берді. Облыс әкімі Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы жылу қазандықтарының жай-күйімен танысты. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жылыту маусымына қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады.

Өз кезегінде Дархан Амангелдіұлы «Жылыту маусымын сапалы атқаруымыз керек. Жылу қазандықтарының үздіксіз және мүлтіксіз жұмыс істеуін қадағалауда ұстаймыз»,-деді.

Сонымен қатар ол, көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар толық жылумен қамтылып, ешбір тұрғын дірдек қақпауын қадап айтты. Бұқараның бүрсең қақпауын бақылауда ұстауды шегеледі. Аймақ әкімі коммуналдық мәселелер шешімін тапқан қала әрдайым тұрғындарға жайлы болатынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан №1 қазандығының құрылысын «Астана Строй Ритм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Қазандық  «Жылу» КММ теңгеріміне 2022 ақпан айында өткізілген. Қуаты – 9,1 МВт. Жылу жүйесінің ұзындығы жиыны 3,03 шақырымды құрайды. Бұл қазандық 12 қабатты 15 тұрғын үйді жылумен қамтиды.

Сондай-ақ, облыс әкімі қазандыққа қатысты мәселелер туындаса, жедел шешуге қолдау көрсететінін жеткізді.