ТРАМП ӘСКЕРИ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КҮШ ҚОЛДАНА АЛАДЫ

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Панама каналы мен Гренландияны бақылауға алу үшін әскери күш, сондай-ақ Канаданы иелену үшін экономикалық күш қолдану мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.

Флоридадағы Мар-а-Лагодағы баспасөз мәслихаты кезінде тілші Дональд Трамптан Панамаға немесе Гренландияға қарсы әскери күш қолданбайтынына жұртшылықты сендіре ала ма деп сұрады, деп хабарлайды NBC News.

— Жоқ, мен сізге осы екі тармақтың ешқайсысына кепілдік бере алмаймын, бірақ мен сізге бір нәрсені айта аламын: олар бізге экономикалық қауіпсіздік үшін қажет, — деді Дональд Трамп.

Кейінірек ол Канадаға қарсы әскери күш қолданбайтынын, тек «экономикалық күш» қолданатынын мәлімдеді.

— Сіз бұл жасанды сызықтан құтыласыз. Бұл ұлттық қауіпсіздік үшін де жақсырақ болар еді. Оларды қорғау үшін біз мұнда жүздеген миллиард жұмсап жатырмыз, — деді Дональд Трамп АҚШ-тың Канаданы бақылауына алуы туралы.

Трамп субсидиялардың айтарлықтай әскери қолдауды қамтитынын және Құрама Штаттардың сауда тапшылығына байланысты ұтылып жатқанын атап өтті.

Бұған дейін Трамп Канаданы 51-ші штат етіп қалыптастыру идеясын алға тартты.

2024 жылдың 30 қарашасында Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамппен Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында кездесті.

Бұған дейін Трамп егер олар АҚШ шекараларын заңсыз көші-қон және фентанил есірткісінен қорғау бойынша ынтымақтастық орнатпаса, Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгіземіз деп қорқытқан болатын.