ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ «СОСА-СОLА» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСТІ

104
0

Шымкент қаласының әкімі түркиялық «Coca-Cola İçecek» компаниясының Алматы қаласындағы директоры Мустафа Белтекинмен кездесті.

Үшінші мегаполис мүмкіншіліктерін атап өткен шаһар басшысы компания өкіліне Шымкенттен осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігін айтып, Шымкенттің салалық мүмкіншіліктеріне тоқталды. Қала басшысы өз сөзінде биылғы жылы ауданы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» жаңа үшінші индустриялық аймағының құрылғанын, қазіргі таңда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының таяуда аяқталатынын алға тартты. Инвесторларға ұзақ мерзімге жалға берілетін тегін жер телімдері, дайын инфрақұрылымдар мен коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендетілгенін де жеткізді.

«Бүгінгі кездесу екі жақты ынтымақтастыққа септігін тигізіп қана қоймай, Шымкенттегі жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырудың алғы шарты болатынына сенімім мол»,-деді ол. «Coca-Cola İçecek» компаниясының өкілі әкімдік тарапынан арнайы жер телімі және инфрақұрылыммен қамтылу жағынан қолдау болса, инвестиция құюға әзір екендіктерін жеткізді.

Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік саланың біршама көрсеткіштерінде өсім байқалады. ШОБ субъектілерімен өндірген өнім көлемі – 1 097,5 млрд теңге, өсім 103,2% құрады. Жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі – 41,3% жетті, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34% құраған. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қаладағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі драйвері болып табылады. Бағдарлама шеңберінде өткен жылы жалпы 2 525 жоба қолдау тапқан. Оның ішінде:

— сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша — 1 357 жоба;
— ішінара кепілдендіру бойынша — 1 126 жоба;
— жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік гранттар беру бойынша 39 грант берілді;
— өндірістік инфрақұрылымды жеткізу бойынша — 3 жоба.Мегаполисте шағын және орта бизнесті дамыту шаралары одан әрі жалғасатын болады.