ШЫМКЕНТТЕ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ДАМУЫ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

35
0
Шымкент қаласында индустриалды аймақтардың дамуы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта қала аумағында бірнеше маңызды индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарда жобалар іске қосылып, өндіріс көлемі мен жұмыс орындарының саны артып келеді. Осы аймақтардағы жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір экономикасына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың түрлі салаларын дамытуға жол ашады.
«ТАССАЙ» индустриалды аймағында жалпы құны 95,3 миллиард теңге болатын 42 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 3 030 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінде 44,5 миллиард теңгеге 33 жоба іске қосылып, 2 195 жаңа жұмыс орны пайда болды. 2024 жылы 100 миллион теңгеге «Shymkent-Reklama» ЖШС инвестициялық жобасы іске асырылып, 10 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, Сауда-логистикалық орталығында 70,5 миллиард теңгеге 9 жоба іске асырылып, 810 жұмыс орны құрылуда. Осы аймақта 52 миллиард теңгеге 5 жоба жүзеге асырылып, 465 жаңа жұмыс орны ашылды.
«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағында 140,9 миллиард теңгеге 75 жоба іске асырылуда, нәтижесінде 3 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. 2024 жылы 349 жаңа жұмыс орны ашылып, 7,8 миллиард теңгеге 4 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Айта кету керек, «ЖҰЛДЫЗ» индустриалды аймағының инженерлік инфрақұрылым жұмыстары 95%-ға аяқталып, аймақта 179 миллиард теңгеге 59 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың арқасында 4 174 жаңа жұмыс орны құрылды. 2024 жылы аймақта 951 жаңа жұмыс орны ашылып, 39 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске қосылды.
Шымкент қаласындағы «БОЗАРЫҚ» агро-индустриалды аймағында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары 95%-ға аяқталып, құрылыс жұмыстары 2025 жылы толығымен аяқталады. Бұл аймақта 49,6 миллиард теңгеге 25 жоба орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, қала аумағында 1 660 гектар жерге жаңа өндірістік алаңдар құрылып жатыр, ал Сауда-логистикалық орталығын 136 гектарға кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Шымкенттің индустриалды аймақтарын дамыту арқылы өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың әр түрлі салаларын дамытуға бағытталған жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Бұл жобалар алдағы жылдары Шымкент қаласының экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосатын болады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары — Тұрманов Ермек Полатұлы баяндады.