ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қала өміріндегі маңызды салалардың дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бұл алаңда партия бастамалары мен бағдарламалық міндеттердің орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға қалалық партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, кеңес мүшелері, сондай-ақ қалалық деңгейдегі салалық басқармалардың басшылары қатысты.
Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты қалалық Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасының орындалу деңгейі. Бұл құжат қаладағы әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету, халықтың өмір сапасын арттыру және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылуы тиіс нақты міндеттерді қамтиды. Кеңес барысында әр басқарма басшысы өз бағыты бойынша нақты атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Жол картасында көрсетілген көрсеткіштермен таныстырылып, жоспарлардың орындалу қарқынына талдау жүргізілді. Қаланың экономикалық серпінін арттыруда кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды салу және тұрғындар үшін сапалы қызметтер көрсету бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді. Жиын барысында партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев жауапты басқармаларға нақты ескерту жасады. Оның айтуынша, Жол картасында 2025 жылға жоспарланған 93 тармақ бар, алайда олардың ішінде 12 тармақтың орындалмай қалу қаупі байқалуда. Бұл мәселе партияның орталық аппаратына арнайы хат арқылы жеткізілген. Төраға өңірдегі барлық жауапты құрылымдардың жұмысты күшейтіп, орындалуы күмән тудыратын тармақтар бойынша дереу шара қабылдау қажеттігін атап өтті. Мұрат Жолдыхожаев мәселенің салдары мен себептерін анықтап, оны жою үшін барлық тараптың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін айтты. Жол картасының әр тармағы қала тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қамтитындықтан, оның сапалы әрі уақтылы орындалуы – партиялық бақылаудың басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Кеңес мүшелері өз кезегінде бұл ескертулерді қабылдап, жұмыстарды жандандыруға дайын екендерін жеткізді. Әсіресе, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы міндеттерді уақытылы аяқтау қажеттігі тағы бір мәрте атап өтілді. Жиын қорытындысында Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау кеңесі Жол картасының орындалуын жүйелі түрде бақылауда ұстайтынын, ал анықталған кемшіліктер бойынша қосымша шаралар қабылданатынын хабарлады. Кеңес мүшелері жұмыстың сапасын арттыруға және партия алдына қойылған міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз етуге бірауыздан келісім білдірді.



