29 ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕ 98 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгінде Түркістан облысы тек туризм мен рухани орталық қана емес, индустриялық серпілістің, жаңа өндіріс орындарының қайнаған ордасына айналды. Мұның айқын дәлелі – аймақта өндірістік парктерді дамыту бағытындағы ауқымды да кешенді қадамдар. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономиканы әртараптандырудың өзекті мәселелері жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровнің төрағалығымен өткен алқалы мәжілісте егжей-тегжейлі сараланды. Аудан мен қала әкімдері, сондай-ақ жауапты басқарма басшылары қатысқан осынау маңызды басқосуда өңірдегі өндірістік парктердің құрылыс барысы, инвестициялық жобалардың нақты жүзеге асырылу деңгейі және оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары ортаға салынды.
Қазіргі таңда Түркістан өңірінде өнеркәсіптің тамырына қан жүгірткен 29 шағын өндірістік парк құрылып, оларда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы қызу басталған. Осы нысандардың ішінде бүгінгі күнге дейін 150 ғимарат толықтай пайдалануға беріліп, кәсіпкерліктің игілігіне жарай бастады. Бұл дегеніміз – аймақтағы өңдеу өнеркәсібі мен шағын цехтардың орналасатын дайын құтты мекені әзір деген сөз. Істің ауқымын жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 инвестициялық жобаның қалыптастырылуынан-ақ аңғаруға болады. Осы зор капитал мен идеялар жиынтығының нәтижесінде бүгінгі таңда 98 ірілі-ұсақты жоба сәтті іске қосылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтып үлгерді. Өңірдегі өндірістік парктердің ең басты ерекшелігі – олардың аймақ экономикасын әртараптандыруға, яғни шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға бағытталғандығында. Мысалы, Шаға өндірістік паркінде бүгінде отандық жиһаз өндірісі, құрылыс саласына өте қажетті сэндвич-панельдер мен түрлі металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастап, алғашқы өнімдерін нарыққа шығарды. Дәл осындай серпінді тірлік Сауран ауданында да көрініс тауып отыр. Мұнда жиһаз жасау, құрылыс материалдарын әзірлеу мен металл өңдеу бағытындағы өндірістер қатар іске қосылып, жаңа жобалар кезең-кезеңімен, ешқандай іркіліссіз жүзеге асырылуда.
Әр ауданның өзіндік ерекшелігі мен сұранысына қарай бейімделген кәсіпорындардың ашылуы өңірдің ішкі нарығын байыта түсуде. Мәселен, Шардара ауданында заманауи үлгідегі модульді және капсулалы үйлер, сапалы термопанельдер, ғимараттардың сәнін келтіретін қасбеттік және декоративті материалдар шығаратын цехтар бой көтерді. Ал тарихы терең Отырар ауданында темір бұйымдары, мал шаруашылығына қажетті құрама жем дайындау, тіпті өнімді ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру секілді инновациялық жобалар мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар қатар сапқа тұрды. Табиғаты көркем Төлеби ауданында болса, күнделікті тұрмысқа қажетті полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдарының өндірісі жоғары деңгейде жолға қойылған. Сонымен қатар, Қазығұрт ауданында өңірдің бал шаруашылығын қолдау мақсатында арнайы жәшіктер әзірлеу, матрас шығару және экологиялық маңызы зор пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары сәтті орындалып жатыр. Диқандар өлкесі Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастаса, Созақ ауданында төрт бірдей маңызды өндірістік жоба іске қосылып, дайын тұрған ғимараттар жергілікті кәсіпкерлердің иелігіне берілді. Бұл мысалдар өңірде кәсіп бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлықтың айқын көрінісі.
Осы орайда облыстың өзге де аймақтарында жұмыс ырғағы бәсеңдеген жоқ. Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын түпкілікті аяқтау, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымды дер кезінде жеткізу және бос орындарға отандық әрі шетелдік инвесторларды тиімді орналастыру жұмыстары үздіксіз жалғасып келеді. Десе де, ауқымды істің басында кейбір олқылықтардың да кездесетіні жасырын емес. Мәжіліс барысында кейбір өндірістік парктерде электрмен қамту мәселесінің дұрыс шешілмеуі, құрылыс қарқынының баяулығы және жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешеуілдеуі сынды түйткілдер ашық айтылып, электр желілеріне жауапты мекемелерге нақты және қатаң тапсырмалар жүктелді.



