Айтудай-ақ айтып едік, тыңдар құлақ табылмады

366
0

3-1«Уақыт» газеті өзінің жарыққа шыққан алғашқы санынан бастап облысымыздағы кадр саясатының дұрыс емес екендігін, бұған жол беріп отырған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қателігі тұрғысында жазудай-ақ жазды, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтудан шаршамады. Біз де бірнәрсені қауіп еткен соң шырылдадық, тыңдар құлақ табылды ма? Қайта өзімізге сес көрсетіп, тек жүрсек тоқ жүретінімізді мықтап тұрып ескертуден танбады. Керек болса, Асқар Мырзахметовтың кадр саясатындағы қателігі туралы сонау Астанадан, Оралбай Әбдікәрімовтің де дуалы аузынан шыққанына қарамастан, «Техастық» тәсілмен бәрін жасырып-жабуға жанталасқан шенеуніктердің әрекеттерінен шошынған едік. Мінеки, нәтижесі мынау болды. Кімге – күлкі, кімге – түрпі?
Мәселен, «Биліктің арғы беті, бергі беті немесе

«Шымкентский буги-вуги» деген немене?» деген мақаламызда: «Біраз уақыттан бері баспасөздің «бетін толтыруға» таптырмайтын тақырып болып жүрген Мырзахметовтың «оң қолы», орынбасары Болат Нәжмеденұлы Әлиев мырзаға қатысты да әңгіме қайта бір жаңғырып шыққан. «Нұр Отанның» республикадағы сыбайластыққа қарсы күрестің басшысы Оралбай Әбдікәрімов мырза Болат Әлиевтің осыдан 10 жыл бұрынғы жасаған теріс тірліктерін, оның сотты болғандығын айдай әлемге жария еткенін «тұмсығы иіс сезгіштер» әлі ұмыта қойған жоқ. Мүмкін бұл әңгімені Мырзахметов мырза білмейтін шығар немесе білгісі келмейтін болар… » деген екенбіз («Уақыт» №004, 2011ж).
«Шындықтың дәмі әркез ащы» демекші, «Мырзахметов өз кадры үшін жауап бере ала ма?» деген бір беттік материалымызда («Уақыт» №014, 2012ж) былайша көсіліппіз:
…«Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков Асқар Мырзахметовтың өзі кезінде Ордабасы ауданы әкімдігінен алып тастаған бұрынғы кадры. Бұл азаматтың да қазақшалап айтсақ, жұрттың берген бағасы «сайда саны, құмда ізі білінбейтіндердің бірінен саналады. Сәкен Әсембекұлы Тасқынның зардабымен қайта айналып соғар қауқары жөнінде облыстағы тұлғалы басшысы ретінде «мынаның алдын алдық» деп әңгіме айтудың орнына бар қауіпті Тәңірдің өзіне «таңып қоятындығына» не күле алмайсың, не жылай алмайсың…»
Ал енді, «Оңтүстікте «Кадр бораны» бет қаратпай тұр» деген сараптамалық мақаламызда Асекеңе біраз сын айта келе, былай деген екенбіз. ( «Уақыт» №016.2012ж)
«Айтатын нәрсені айту керек, өйткені  «Айтпаса сөздің атасы өледі». Біз айналып келіп, өзіміз түкті де түсінбегеннен кейін, тағы да Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кадрларды «алып –салудағы» тосын тәсілдеріне, тың «методтарына» таңырқадық…
…Соңғы кездері «Уақыт» газетінде Асқар Мырзахметовтың кадр саясаты жөніндегі сыни мақалалар аз жазылып жүрген жоқ. Осының салдары ма,  әлде басқа себебі болды ма, Асқар Мырзахметов арасын айға жеткізбей өңірдегі екі басқарманың бастығын, үш қала мен үш ауданның әкімдерін ауыстырды..»
«Болт бұрайтын маман қолына қалақ алды» («Уақыт» №017.2012ж) атты мақаламызда Қазығұртты басқарған Тұманбек Әлиевті басқарма бастығы қызметіне тағайындаған облыс әкімінің бұл әрекетіне келіспегенбіз. «Атына қардай бораған қаншама арыз жазылып, баспасөздің бетіндегі сыннан көзін ашпаған облыстық құрылыс басқармасының бастығы Альмира Орманчина ақыры арызын жазып, астындағы тағын босатып берді. Оның орнына ғайыптан тайып, адам айтса онша сене қоймайтын, құрылысқа үш емес, жүз қайнаса да сорпасы қосылмайтын жаңа бастық- Тұманбек Әлиев келді».
Мұнымызға «мәу» деуге жарамаған тірі пенде болмаған соң «Шымбайға батса да шындық немесе Асқар Мырзахметов өз әрекетіне есеп бере ала ма?» деген тағы бір мақаламыз жарық көрді ( «Уақыт» №19. 2012ж).
«Айта-айта Алтайды…» демекші, Асқар Исабекұлының кадр таңдаудағы қателігі жөнінде біз де жаза-жаза шаршайын дедік. О баста ісі тап-тұйнақтай көрінген оның келе-келе қылық ашқанын көріп, «түймедейді түйедей етпей-ақ қоялық» деп, өзімізді өзіміз сабырға шақырғанымыз зая кетті. Біздің ол кісіде бес бересіміз, алты аласымыз жоқ. Тірлігіне де араласуға құқығымыз шектеулі. Әйтсе де, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тежелетінін, сыбайлас жемқорлықтың белең алатынын, халықтың арасында психологиялық ахуалдың ушығатынын ішіміз сезгендіктен де шырылдаймыз…» ,-деппіз, Шырылдауымыз текке кетпепті, бүгінде Шымкенттен шыққан шуды бүкіл Қазақстан халқы естіп, біліп отыр.
Оңтүстіктегі сыбайлас жемқорлық індетінің асқынғаны соншалықты, республикада бірінші сатыға көтеріліппіз. Бұл тұрғыда да біз «Жаттанды болған сөзден ұтарымыз жоқ» деген мақаламызда айтқанбыз. («Уақыт» №020. 2012ж). Онда:
«Қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа жол берген жағдайда бірінші басшының қызметтік мәселесі қаралатынын облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиі айтады. Әйтсе де, нәтиже жоқтың қасы. Әйтпесе, екі күннің бірінде ірілі-ұсақты қаншама мемлекеттік  қызметкер парамен ұсталып жатса да, олардың бірінші басшылары міз бақпай-ақ, миықтарымен күліп жүрген жоқ па? Демек, бұл жерде Асқар Исабекұлының сөзінің құны жоқ немесе айтылған сөз айтылған жерде қалып кететін әдет қалыптасқан.
… Сайрам, Созақ, Төлеби, Сарыағаш аудан әкімдерінің орынбасарлары сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылды. Солардың қай бірінші басшыларының қызметтік жауапкершіліктері қаралды? Қайта, қайсыбірлерінің қызметі өсіп кетті».
«Біздегі «кадр саясатының «сиқы» («Уақыт» №021. 2012ж) деген мақалада тағы да Асқар Исабекұлына шүйлігіппіз. Бекерден бекер емес, шыдамай кетсек керек.
«Оңтүстікте кадр ауыстыру қолғап ауыстырумен бірдей болып қалғаны қашан. Шамамен 3 жылдың көлемі болып қалды-ау! Содан бері кей ауданда жыл сайын бір әкім ауысып жатса, қайсыбір басқармаларда бұл көрсеткіш одан да жоғары. Биыл Оңтүстіктің күні күйіп тұр. Шіліңгір шілде басталмай жатып сая іздеген шенеуніктердің алды демалысқа шығып үлгерді. Араларында Асқар Исабекұлы да бар. Ол кісіні күйіп тұрған күн емес, кадр саясаты шаршатқандай. Ешкімге де өкпе артуының жөні де, қисыны да жоқ».
Облыс әкімінің кадр таңдаудағы қателіктерін біз ғана қаузап жүрміз бе десек, қателесіппіз. Газетіміздің 2012 жылғы №33 санында «Таңқалдырған, тамсандырған тағайындаулар» деген мақаламызда мынандай жолдар бар.
«Оңтүстіктегі кадр сапырылысы жөнінде біз ғана емес, білетіндердің бәрі айтуда. Күні кеше Астанадан шығатын «Ұлт TIMES» газетінің №12 санында облыс әкімінің алты айда атқарған еңбегіне баға бере келе, дәл осы кадр саясатына өз алаңдаушылықтарын білдіріпті:
« … Кадр сапырылысы бұл ғана емес, энергетика және коммуналды шаруашылық, білім, құрылыс, табиғи ресурстар басқармаларына да тән көрініс болып шықты. Осы мекемелерде соңғы 3 жылда кемінде 2-3 бастық ауыстырылған. Демек, Асқар Мырзахметовтың өңір тарихында анау-мынау басшыларды қолғапша ауыстыра салудың шебері ретінде қалатын түрі бар. Мұндай жағдайда, ешбір іс алға баса қоймас. Керісінше, Оңтүстік облысының даму жағы дағдарып, құлдырау кезеңін бастан өткере бастағанын аңғару  қиын емес».
«Ұлт TIMES» айтып ауыз жиғанша болған жоқ, облыс әкімі тағы да бір басқарма, бір қала және бір аудан әкімін орнынан алып, «өз кадрларын» қойды».
Біздің де, өзгенің де айтып, шырылдап  жатуының түбінде шындық жатқаны даусыз. Бірақ сонымызға түсініп, құлақ түрген не Асқар Исабекұлын, не өзге бір шенеунікті көрмедік емес пе?
«Контрабандамен күрескен маман  құрылысқа келді» атты ( «Уақыт» №052. 2013ж.) мақаламыздағы жәйт мүлдем күлкілі әрі сорақы.
Болт бұрайтын маманды менсінбей жүргенімізде «Тоқал ешкі мүйіз сұрауының» керін келтірген Асқар Исбекұлына қалайша «риза» болмасқа!
Қысқасы, ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтың кадр таңдаудағы қым-қиғаш қателіктері тұрғысында дәл бізден көп жазған, бізден көп шырылдаған ешкім жоқ шығар, сірә? Мұнымыз «тырнақ астынан кір іздеу» де, көре алмаушылық та емес. Түсіне білген адамға жанашырлық болатұғын. Даттаушының, сын айтқанның бәрі жау емес. Біздің ниет түзу еді, айтудай -ақ айттық, тыңдар құлақ табылмаса, қайтеміз енді. Нәтижесі міне, басқарма бастығы қамалып, орынбасары қызметінен кетіп, қала әкімі отставка сұрап…  Мұнымен шектелсе мейлі ғой, Атыраудағы жағдай қайталанбасын деп тілейік.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.