ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 90 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҚТАДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында отандық газ саласын дамытудың өзекті мәселелері кеңінен сарапқа салынды. Алқалы жиында аймақтардағы газдандыру жұмыстарының барысы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және халықты табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттер талқыланды.

Аталған маңызды басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс режимінде қатысып, киелі өңірдегі газ инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды істер мен алдағы жоспарлар туралы мазмұнды баяндама жасады. Өңір басшысы өз сөзінде облыс аумағында табиғи газ желілерін тартып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмыстары жүйелі де кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы газдандыру бағытындағы 87 нысанның құрылысына бюджеттен 20,7 миллиард теңге бөлініп, оның 45-і ел игілігіне толықтай берілген болатын. Соның нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көрді. Ал қалған 42 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл толықтай аяқталады деп күтілуде. Осылайша атқарылған қарқынды жұмыстардың арқасында бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл – өңірдегі 1 миллион 887 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 88 пайызы. Баяндама барысында облыс әкімі аймақ үшін тарихи маңызы бар ірі жоба – теріскейдегі Созақ ауданын газдандыру ісіне арнайы тоқталды. Биыл алғаш рет облыстың терскейіндегі Созақ өңіріне табиғи газ жеткізіліп, көршілес Жамбыл облысынан жоғары қысымды газ құбыры тартылды. Нәтижесінде аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 16 мыңнан астам тұрғын табиғи газдың игілігін арқалап отыр. Сонымен қатар қуаттылығы сағатына 30 мың текше метр болатын «Созақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы ресми түрде іске қосылды. Бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беріп, алдағы уақытта көршілес елді мекендерді де кезең-кезеңімен газға қосуға кең жол ашады.

– Өңір тұрғындарын сапалы әрі сенімді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің басты әрі басым бағыттарымыздың бірі. Газдандыру жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, жыл соңына дейін облыстағы газдандыру деңгейін 90 пайызға жеткіземіз. Ал қосымша жобаларды сәтті іске асыру арқылы бұл көрсеткішті 92 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Созақ ауданына алғаш рет табиғи газдың жеткізілуі – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің өңірге деген нақты қолдауының жарқын көрінісі. Өңір тұрғындары осы қамқорлық үшін шынайы ризашылықтарын білдіруде. Түркістан облысында газ саласын дамыту бағытындағы қарқынды жұмыстар алдағы уақытта да қарқынын бәсеңдетпейді, – деді Нұралхан Көшеров.

Ағымдағы жылы өңірде 74 газдандыру нысанының құрылысына 13,7 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Жыл соңына дейін 33 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осының арқасында тағы 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылып, облыстағы газдандыру деңгейі 90 пайыздық межеге жетеді. Бұл дегеніміз – 640 елді мекендегі шамамен 2 миллионға жуық тұрғынның жайлы тұрмысқа қол жеткізуі. Мұнымен қоса, қосымша 28 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп қойды. Жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаларды іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлуге өтінім жолданды. Бұл бастама қолдау тапқан жағдайда, тағы 28 елді мекендегі 65 мың тұрғын табиғи газға қосылып, өңірдің газдандыру көрсеткішін 92 пайызға дейін көтеруге толық мүмкіндік туады. Қазіргі таңда облыс бойынша табиғи газ тартпаған 161 елді мекен бар. Оның ішінде 36 елді мекеннің тұрғындар саны тым аз болғандықтан, оларды газдандыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылады. Ал қалған 125 елді мекендегі 160 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бекітілген «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді.