ТҮРКІСТАН МЕН АРИЗОНА АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Америка Құрама Штаттарының Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман бастап келген арнайы делегация өкілдерін қабылдады. Өңір орталығында өткен салмақты да салиқалы кездесуде екі тарап білім беру, ғылым, туризм және инвестиция тарту бағытындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен әріптестік көкжиегін кеңейту мәселелерін кеңінен сарапқа салды.

Салтанатты жүздесу барысында өңір басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы достық әрі серіктестік қарым-қатынастардың жылдан-жылға бекемделіп, жаңа мазмұнмен байып келе жатқанын ерекше атап өтті. Алыстағы Аризона штатымен өңіраралық байланысты өрістету екі елдің арасындағы өзара сенімді арттырып қана қоймай, жаңа экономикалық, мәдени және білім беру мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашатынына тоқталды. Осы орайда Түркістан облысы халықаралық беделді серіктестермен, соның ішінде Американың жетекші орталықтарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, жаңа бастамаларға әрдайым ашық екенін жеткізді. Өңір басшысы облыста АҚШ-тың қатысуымен заманауи білім ордасын құру немесе білікті мамандарды бірлесе оқыту, осы саладағы әріптестікті мейлінше тереңдету аса маңызды екенін баса айтты. Әсіресе, өңір экономикасының драйвері саналатын ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнімді терең өңдеу саласы бойынша халықаралық талаптарға сай жоғары білікті мамандарды даярлау өзекті мәселе екеніне назар аудартты. Өз кезегінде Аризона штатындағы Құрметті консул Хью Холлман Түркістанның соңғы жылдардағы тарихи келбеті мен қарқынды даму қарқынына жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді. Ол америкалық тараптың, әсіресе әлемге танымал Аризона университеті мен АҚШ-тың іскерлік орта өкілдерінің Түркістанмен тығыз байланыс орнатуға, бірлескен жобаларды қолға алуға зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Айта кету керек, бұл сапардың құрамы өте өкілетті әрі білім-ғылым саласының майталмандарынан құралған. Кездесуге Аризона университетінің Табиғи ресурстар және қоршаған орта мектебінің практика доценті Ола Лундемо, аталған университеттің Жоғары білімді зерттеу орталығының профессоры, интернационалдандыру жөніндегі деканы Дженни Джийон Ли, білім беру серіктестіктері жөніндегі аға директоры Рики Салазар, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Аризона штатының Құрметті консулы Айсұлу Абдыбаева арнайы қатысып, өз араралық ұсыныстарын ортаға салды. Мәжіліс барысында қос тарап жоғары оқу орындары арасындағы тиімді әріптестікті дамыту, қосдипломды білім беру, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ киелі өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытындағы өзара байланысты нығайту мәселелері бойынша тұщымды пікір алмасты. Кездесу соңында екі тарап өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастырып, білім беру, ғылым, туризм бағыттарындағы нақты жобалардың экономикалық және әлеуметтік тиімділігін зерделеуге, сол арқылы серіктестік жібін берік байлауға уағдаласты.