ҚҰРЫЛЫС ХАБЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАҒЫТЫНДА КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Соңғы жылдары Түркістан өңірі елдегі экономикалық серпілістің, жаңа өндірістік бастамалардың негізгі ошақтарының біріне айналып келеді. Тарихи салмағы басым, рухани орталық саналатын өлке ендігі жерде өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестиция тартып, өңдеу өнеркәсібін жоғары деңгейге көтеру бағытында маңызды қадамдар жасап жатқаны байқалады. Әсіресе сыртқы инвесторлармен байланысты нығайту, өңірге жаңа технология мен қаражат ағынын бағыттау мәселесі жергілікті билік жұмысының негізгі арқауына айналғандай. Осы орайда жуырда өткен кезекті маңызды кездесу өңірдің өнеркәсіптік векторды қаншалықты нық ұстанып отырғанын айқын аңғартты.
Тарқатсақ, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың беделді компанияларының өкілдерімен арнайы жүздесті. Кездесуге «Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Мао Тинь және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобының халықаралық бизнес мен шетелдік өнеркәсіптік инвестициялар жөніндегі басшысы Пэн Бохэн қатысты. Бұл басқосу жай ғана протоколдық сипаттағы дипломатиялық диалог емес, нақты экономикалық ұсыныстар мен өзара тиімді шешімдер қарастырылған мазмұнды жиын болғаны анық. Өйткені қазіргі таңда Қытай өндірісі мен технологиясы әлемдік нарықта ерекше орын алады, ал олардың Қазақстанның оңтүстік өңіріне деген қызығушылығы тегіннен-тегін емес. Кездесу барысында облыс басшысы Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырып өткен еді. Түркістанның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, өңірдегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың артықшылықтары, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері инвесторлар үшін басты тартымды фактор саналады. Облыс әкімі өз сөзінде аймақта өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын қадап айтты. Оның пайымдауынша, өңір экономикасы үшін шикізатты сыртқа жай ғана тасымалдаудан көрген пайда шамалы. Ең басты басымдық — шикізатты осы жерде терең өңдеп, қосылған құны жоғары, сапалы да дайын өнім өндіретін жобаларды жүзеге асыру. Осы орайда құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған кез келген бастама өңір үшін стратегиялық маңызға ие.
Сондай-ақ аймақ басшысы инвесторларға қажетті жағдайдың бәрі жасалатынын білдірді. Түркістан тарапы дайын өндірістік парктер мен арнайы ғимараттарды ұсынуға, инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп беруге әзір екенін жеткізді. Мұның өзі сырттан келген бизнес өкілдері үшін әкімшілік кедергілерді азайтып, жобаны тезірек іске қосуға зор мүмкіндік береді. Сондықтан басты назар дайын өнім шығаруға, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Кездесудің басты нәтижесі ретінде қытайлық инвесторлардың Түркістан облысында үлкен құрылыс хабын қалыптастыруға білдірген қызығушылығын айтуға болады. Олар өңірде заманауи құрылыс материалдары мен сантехникалық өнімдер шығаратын өндіріс орындарын ашу жоспарымен бөлісті. Бұл — қазіргі Қазақстан нарығы үшін аса қажетті әрі өзекті жоба. Сұраныс жоғары болып отырған құрылыс саласында отандық өнімнің үлесін арттыру — ұлттық экономиканың басты міндеттерінің бірі. Егер аталған жобалар сәтті жүзеге асса, бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, елге сырттан келетін импортты азайтуға, яғни импортты алмастыруға айтарлықтай үлес қосады. Мұнымен қоса, жергілікті тұрғындар үшін жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді. Әрине, мұндай ірі өндірістік жобаларды іске асыру жан-жақты сараптама мен уақытты талап ететіні анық. Кездесу қорытындысында екі тарап ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытындағы келіссөздерді ары қарай жалғастыруға уағдаласты. Бұл қадам Түркістан облысының сыртқы инвесторлармен жұмыс істеуде прагматикалық әрі сындарлы ұстанымды таңдағанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, аймақта мұндай өндірістік орталықтардың бой көтеруі ел ішіндегі құрылыс қарқынына да, баға тұрақтылығына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Өз өнімдерімізді өзімізде өндіру арқылы сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту — бүгінгі заман талабы. Түркістанда қолға алынып жатқан осындай бастамалар өңірді тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен бірге оңтүстіктің қуатты индустриялық драйверіне айналдыруға жасалған маңызды қадам болып қала бермек. Келіссөздердің алдағы кезеңі нақты шарттармен толығып, серіктестіктің нақты нәтижелерін береді деп күтіледі.



