ЖАЛПЫ ҚҰНЫ 78 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫ БОЛАТЫН МЕМОРАНДУМДАРҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Ақтау қаласында өтетін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы қарсаңында бауырлас екі ел арасындағы ықпалдастықты нығайтуға бағытталған ауқымды жиын өтті. «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында ұйымдастырылған бизнес-диалог тараптардың экономикалық байланысын жаңа белеске көтеруге жол ашты. Бұл басқосу екі мемлекеттің кәсіпкерлері арасындағы іскерлік қарым-қатынасты нығайтудың, өзара тиімді келіссөздер жүргізудің алаңына айналды.

В2В форматында ұйымдастырылған кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара тауар айналымын ұлғайту мәселелерін кеңінен талқылады. Екі ел өкілдері тек қағаз жүзіндегі келісімдермен шектелмей, нақты өндіріс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту және қос тараптың да экспорттық мүмкіндігін арттыру бағытында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді. Форум барысында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының бизнес өкілдері жалпы құны 66 миллион АҚШ долларын құрайтын бес ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер өңір экономикасына жаңа дем беріп, өндірістік қуатты еселей түсуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өңірде 47 миллион АҚШ доллары көлемінде заманауи металл өңдеу зауытын салу жобасы іске асырылмақ. Жаңа кәсіпорында құрылыс саласына аса қажетті профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар шығарылады. Мұндай өндіріс ошағының ашылуы ішкі нарықты отандық сапалы өніммен қамтып, құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыруға да оң ықпал етеді. Сонымен бірге аграрлық салада да салмақты жобалар қолға алынуда. Соның ішінде 2 миллион АҚШ доллары көлемінде күнбағыс майын өндіретін зауыт салу көзделген. Ал 5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жоба аясында жүгеріні терең өңдеу өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттау жоспарланса, 12 миллион АҚШ доллары көлемінде ет өңдеу кешенінің өнімдерін шетелге шығару бағытында уағдаластық жасалды. Мұнымен қоса, тағы 12 миллион АҚШ доллары көлемінде тұқы өсіруге арналған заманауи балық шаруашылығы кешенін құру қарастырылған. Мұндай ауқымды бастамалар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін тек шикізат күйінде емес, терең өңделген, қосылған құны жоғары дайын тауар ретінде халықаралық нарыққа шығаруына жол ашады.

Форум аясында сауда және экспорттық кооперация, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ су қауіпсіздігі мен экологиялық ынтымақтастық мәселелері бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Шараға екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастықтары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бүгінгі таңда Өзбекстан Республикасы – Түркістан облысының негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Жылы шырайлы форумда қол қойылған меморандумдар өңірге қомақты инвестиция тартуға, су жаңа өндіріс ошақтарын іске қосуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға тың серпін береді. Осы ретте Түркістан облысының делегациясы ертең өтетін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысына қатысып, екіжақты әріптестік көкжиегін одан әрі кеңейтуге ниетті.