ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және аймақтың бюджеттік саясатын тиімді жоспарлау бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Өңірде атқарылып жатқан ауқымды реформалар мен инфрақұрылымдық жобалар ең алдымен халықтың игілігіне, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған. Осы орайда 2026 жылғы 22 шілде күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтіп, өңірдің алдағы даму бағыттары мен бюджеттік мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Маңызды жиынның жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы қатысты.
Маңызды алқалы жиынның жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп отырды. Кезектен тыс сессияның күн тәртібінде халық үшін де, өңір экономикасы үшін өте маңызды 1 негізгі мәселе қаралды. Жиында «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы №20/268-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы» басты мәселе бойыша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жаппар Күмісбек жан-жақты баяндама жасады. Баяндамада қаржыны қайта бөлудің негізгі бағыттары, әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау және инфрақұрылымды дамытудың қыр-сыры нақты деректермен баяндалды. Аталған бюджеттік мәселе бойынша облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мағауия Тұрысбеков комиссия қорытындысымен таныстырып, тиісті ұсыныстарды ортаға салды. Депутаттар ұсынылған өзгерістердің өңір дамуы үшін маңыздылығын ескере отырып, бірауыздан тиісті оң шешім қабылдады. Мұндай бірауыздылық жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың халық игілігі жолындағы өзара ауызбіршілігін көрсетеді. Мәслихат сессиясының жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров халық қалаулыларына қолдау білдіргендері үшін алғыс айтып, алдағы ортақ жұмыстарға сәттілік тіледі. Өңір басшысы өз сөзінде бүгінгі кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі маңызды мәселені жан-жақты қарап, қолдау білдірген депутаттарға шынайы ризашылығын білдірді. Аймақ басшысы қабылданған шешімдердің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ маңызды инфрақұрылымдық жобаларды өз уақытында жүзеге асыруға бағытталған салмақты шаг екенін қадап айтты.
Сонымен бірге облыс әкімі Нұралхан Көшеров бөлінген бюджет қаржысының әрбір теңгесі тиімді әрі тек мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті. Барлық жауапты басқармалар мен аудандар мен қалалардың әкімдеріне қабылданған шешімдердің сапалы әрі уақтылы орындалуын толықтай қамтамасыз ету жүктелді. Өңірде ағымдағы оң қарқынды сақтай отырып, бірлескен жұмысты одан әрі жандандыра түсудің маңызы зор. Осы орайда өңірде импортты алмастыру, отандық өндірісті дамыту, өз-өзін толық қамтамасыз ете алатын дербес облыс деңгейіне жету бағытындағы ауқымды жұмыстар үзіліссіз жалғаса бермек. Айта кету керек, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың тығыз, бірлескен әрі жүйелі жұмысының арқасында биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, Түркістан облысы Республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл – бос сөз емес, тыңғылықты жұмыс пен өңірдің зор әлеуетін орынды пайдаланудың нақты жемісі. Қазіргі таңда Түркістан өңірінде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, өндірістік парктердің жұмысын жандандыру, өнімді терең өңдеуді дамыту, сонымен бірге ауыл шаруашылығы мен туризм бағытындағы жобаларға басымдық беріліп, бұл салалар аймақ экономикасының басты драйверіне айналып отыр.



