«Құндылықтардың құнсыздануына қоғам кінәлі емес»

393
0

дейді инфляцияға түспейтін байлық иесі

5Қарапайым тұрғындар «шенеунік» десе секем алып, сенімсіздікпен қарайтын дәрежеге жетті. Мұның негізгі себептері Елбасымыздың өткен 2012 жылдың аяғында халыққа жарияланған «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты дәуірлік Жолдауында Үкіметтің алдына қойған нақты міндеттері аясында жүзеге асырылып жатқан қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай, мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру бағытындағы әрекеттер нәтижесінде біршама түсінікті болып жатқан сияқты. Ел басшылығында кездейсоқ азаматтардың көбейіп кеткені көзге ұрып тұр.

Мұндай жағдайда «жаңа қазақстандық патриотизм», «жаңа жалпыұлттық құндылықтар» төңірегінде әңгіме өрбітудің өзі күлкілі болып көрінер еді. Енді ғана мемлекеттік ретінде қалыптасып, әлемдік қауымдастықтан өз орынын табуға талпынған жас мемлекеттің көсегесін көгертеді деп үміт артқан азаматтар осы елдің Ата заңын, елді өркендетуге бағытталған заңнамалар мен қағида, ережелері білу, жүзеге асыруды былай қоя тұрғанда, өздері жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел игілігіне жаратылуға тиіс мемлекет қаржысын игерудің орнына талан-таражға салып, жеке басының мүддесінен аса алмай жатса, жас өркенді қалайша отансүйгіштікке тәрбиелейміз?
«Уақыт» газетінде жарияланған «Санаға серпіліс қажет» атты мақаласында саясаттанушы, заң ғылымдарының докторы Қайрат Балабиев мынадай тамаша тұжырым жасайды: «Біздің пайымдауымызша, «жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасау» дегеніміз қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіне ғана ұлттық болмыс – бітімі мен ерекшеліктерінен баз кешу, өзге елдерге еліктеп, басқа бір болмыстық сапаға өтуі қажет деген сөз емес. «Ұлттық құндылық» дегеніміз әрбір адамның қасиет тұтып қастерлейтін, өмірінің мәнін айқындайтын қағидасы, көздің қарашығындай сақтайтын жәдігері, әр халықтың өткені мен бүгіні, ертеңіне сәуле түсіріп, жарық шашып тұратын ұлттық ұстанымдары, рухани қазынасы, бітім-болмысын айқындайтын атамұра қасиеттер».
Мен өзіме бек сенімді түрде, жан дүниесіне осы бір ғалым айтқан ақиқаттар ұялаған азамат деп Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Құдайберген Ержанды айта аламын. Мен тұратын Сарыағаш ауданы Шардарамен іргелес, адамдары бір-бірімен ағайын- туысқандық, құда-жекжаттық т.б. байланыстармен жақындасып, біте қайнасып кеткен өңір. Оның үстіне, Арал теңізінің жағасында туып-өскен мен тулаған толқын мен шағаланың шаңқылын сағынғанда бір сәтке де іркілмей, Шардараға тартып кетемін. Тебіренген теңізбен сырласып, мауқымды басамын. Құдайберген Ержан туралы шардаралықтардан көп естігем, тұлғалық қасиеттеріне сырттай қаныққам. «Уақыт» газетінің өткен жылғы бір санында ақтарылып айтқан ақжарма ой-лебіздері, жүрекжарды сырлары қолыма қалам алуға мәжбүрледі. Кей сұхбаттан ресмиліктің иісі аңқып, қойылған сұраққа қандай жауап берілетінін оқымай-ақ білім отырасың. 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі» атағын алуы сонау талай алып кәсіпорындардың шаруасы шатқаяқтап қалған, тіпті: құрдымға кеткен егемендігіміздің алғашқы жылдарында Шардара ГЭС-і сынды стратегиялық маңызға ие алып нысанның шаңырағын шайқалтпай, аман алып қалуы, қалтасы қалың әлдекімдердің оны жекешелендіріп алу ниетінен қайтуына қол жеткізуі, сол арқылы өңірдегі тұрғындардың тұрмысы жақсаруына, «арқарша ауып» кеткендердің құт мекеніне қайта оралуына себепші болған Құдайбергеннің өмір, еңбек жолына қайта үңіліп, саралап, сараптап жатуды біз бұл мақаламызға мақсат етпедік. Тек қана оның өз аузынан естіген, мерзімді басылымдардан оқыған өмірлік деректерін, ой-пікірлерін «Жаңа жалпыұлттық құндылықтар» төңірегіндегі ойларымызға  арқау етуге  тырыстық.
Жоғарыда келтірілген Қайрат Балабиевтің мақаласында айтылған «әрбір адамның қасиет тұтып қастерлейтін, өмірінің мәнін айқындайтын қағидасы, көздің қарашығындай сақтайтын жәдігері» болуға тиісті ұлттық құндылықтар адам бойында қай кезде қалыптасады? Әрине, балалық шақтан, отбасында берілген тәрбиенің арқасында. Құдайбергеннің мына сөздеріне назар аударыңыз:  «Асыра айтқаным емес, әкем ағайын-туыстың ортасында беделі жоғары, қоғамдағы орны бөлек азамат еді. Өмірлік жолында таңдаған уақыттан бері әкемнің атына кір келтірмеуді, керісінше, абыройын одан әрі асқақтата түсуді ойлап, әр қадамымды ойланып басып келе жатырмын. «Әкеміз біздің іс-әрекеттерімізден ұялмаса екен, қайта мақтаныш етсе екен» деген ұғымдармен өстік. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті. Мен ол кезде студент болатынмын. Алайда, жұртшылықтан тек «Бәрекелді, Төлептің баласы» деген сөзді естуге талпындық».
Міне «жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» деген ұғым төңірегіндегі әңгімеге осы сөздерді өзек, ойға тамызық етуге болады. «Отан – отбасынан басталады» деп жатамыз ғой. Құдайбергеннің өз әкесіне деген құрметі, махаббаты жөніндегі қарапайым ойларын одан әрі өрбітіп, оларды «Отан» дейтін асқақ ұғым биігіне көтерсек, мемлекеттік мүдде тұрғысынан «мәністесек, «жаңа қазақстандық патриотизмнің» бет-бейнесі айқындала түседі.
Осы жерде, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековтың өз аузынан естіген мына бір рәуаят еске түсіп тұр. Бір ауылдың ақсақалының алдына көрші ауылдың бірнеше адамдары келіп, бір үйір жылқының ұрлағанын, іздері осы ауылға алып келгенін, дәл қазір кімнің қорасында тұрғанын да білетіндерін айтып, арызданыпты. Ақсақал дереу бір жігітін шақыртып: «Бәленшенің үйіне барып айт, мына кісілердің жылқысын қайтарсын. Егер олай етпей, қарсыласатын болса, мен бұдан оның сәлеміне әлік алмаймын» депті. Жігіт ұрыға қарияның сөзін жеткізген сәтте: «Ойбай, онда менің құрығаным. Бәленшекең сәлеміне әлік алмаса қалай жер басып жүремін, ел-жұрттың бетіне қалай қараймын»,- деп сөзге келместен ұрлаған жылқысын қайтарып беріпті.
Жоғарыда әке алдындағы перзенттік парыз туралы айттық. Мынау ауыл ақсақалына деген құрмет, «ауылына қарап азаматын таны» деген тәмсілдегі астар. Ал, облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың «Ырыс алды-ынтымақ» дейтін бағалы бастамасын жүзеге асырудағы мақсат-жоғарыда айтылған рәуаяттағы астарды асқарға көтеріп, шындықты шыңға шығару. Ордабасы биігінде бас қосып, Отан тағдыры жайлы тебіренген бабаларды қандай ұлы мұраттар алға жетелейді? Қобыланды, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Кенесарылар не үшін атқа қонды? «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел» боламыз… Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік – жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын» дегенде Елбасы нені меңзеп тұр?
Өмір мен әдебиетте Отанын сатқан ұлын оққа байлаған әкелер туралы мысалдар көп. Тарас Бульбаны алыңыз, немесе Мұхтар Шахановтың өлеңіндегі Махамбеттей марғасқаны өлтірдім деп мақтанған ұлын о дүниеге аттандырған әкені еске түсіріңіз. Еліміздің бұрынғы әнұраны «Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз» деп басталатын. Ара жақын болған соң Өзбекстанның телебағдарламаларын  тамашалаймыз. Сол елдің халық әртісі Озодбек Назарбеков: «Хизматиңда турмасам сениң, «Ұғлым» деме Ватанин мени» деп ән шырқайды. Қазақша: «Қызметіңде тұрамасам сенің, «Ұлым» деме, Отаным мені» деп тәржімалайық.
Әкесінің атына сөз келтірмеуді өмірлік ұстанымына айналдырған Құдайберген Ержан осы қағидасын қай қызметте жүрсе, қандай биікке көтерілсе де отбасы, ауданы,облысы, «Қазақстан» деп аталатын сүйікті Отанының алдындағы перзенттік парызына тұғыр еткен. Сондықтан да елі оның еңбегін еледі, қатарынан үш рет облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлады, ал депутаттар оны мәслихат хатшысы лауазымына көтерді.
«Мәслихат» дегенде есіме қазақтың қабырғалы қаламгері Мархабат Байғұттың «Мәслихат шайы» деген әңгімесі түседі. Үлкен газеттердің бірінен оқығаныма біраз жылдың жүзі болды. Егер атауын дұрыс жазбасам, автор кешірер деп ойлаймын.
Біз «халық қалаулылары» деп әспеттейтін көптеген депутаттардың да көңіліне келмесін. Саяси сауаттылығы әлі көңіл толарлық деңгейге көтеріле қоймаған сайлаушыларды алдап, «мәслихат шайын» жиі ұйымдастырып, ақсақалдардың көңілін шапанмен, тұрғындардың көңілін тұрмыстық ұсақ-түйек қажетін шығарумен аулап, «ауданның ардақтысы, халықтың қалаулысы» болып жүргендерді де білеміз. Бірақ, сол халық екінші рет алдауыңа көнбейді. Егер көнсе, ешбір депутат жылы орнымен қоштасқысы келмес еді. Сондықтан екінші, үшінші рет ел сеніміне ие болған азаматтарға менің құрметім үлкен.
Жемқорлық жөнінде жиі айтамыз. Қарапайым адам қалай «жемқор» болсын. Ол тек қолында биліктің тізгіні бар, мемлекет қазынасына жақын жерде, «қазан басында» жүргендердің ғана қолынан келеді. Отан алдындағы перзенттік парызын Құдайбергенше сезінген адамдар да «жемқорлық» дейтін пәлеңізден жырақтау жүреді. Сол сияқты, адамдардың асыл қасиеттерін дәріптеу арқылы жамағатты жемқордан жиіркендіру де мақаламыздың басты мақсаттарының бірі. «Жиіркендіру» демекші, осы жерде Қайрат  Балабиевтің аталмыш мақаласындағы мына сөздерді келтіре кету де артықтық етпес: «Біздің ойымызша, «жемқорлық» дейтін құбылысты халқымыздың санасында ежелден қалыптасқан жат, «ұят, күнә» деген ұғымдардың деңгейіне көтеріп, онымен күресті де еңбекқорлық сияқты қасиетті құндылығымызға айналдыра алсақ, Жолдаудағы міндеттердің тең жартысы орындалды деуге болады.
Әйтпесе, халықтың несібесіне көз тігіп, мемлекеттің қазынасына қол салып, жемқорлықтан келген байлықпен желкесін күдірейтіп жүргендерді көргенде желпілдеп кетіп, елпілдеп қолын алғысы келіп тұратын, соларды бала-шағасына үлгі етіп, ана оқуды бітірсек, солар сияқты майлы жіліктің басын ұстайсың, байлыққа кенелесің деп тәрбиелейтіндер аз емес».
«Халықтың қасиетті құндылықтары ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар бойы қалыптасады. Оларды 70 жылдық кеңестік идеология біршама шайқалтқанымен, түбірімен қопарып тастай алған жоқ. Жаһанданудың да салқыны тиіп жатқан шығар, бірақ өзегін кеміріп, келмеске жібере алмайды. Адам адам болғалы қаншама қоғамдық формацияларды  бастап кешіреді. Құндылықтарымыздың құнсыздануына қоғам кінәлі емес. Ұлт дамудың «соқтықпалы, соқпақсыз» жолдарымен жүріп, біршама бағытынан ауытқуы мүмкін, бірақ қанымыздағы ата-бабаларымыз арқылы өткен ұлттық құндылықтарымыз, мәдениетіміз, әдет-ғұрыптарымыз, тұрмыстық салт-дәстүрлеріміз бәрібір тұтастай қайта жаңғырып, ұлттық ерекшеліктеріміздің сақтала береріне иманы кәміл Елбасымыз біз «Мәңгілік ел» боламыз дегенде осыны назарда ұстаған болса керек» дейді Құдайберген Ержан.
«Бар екен ғой, бар екен жақсы адамдар, Жақсы жоқ деп айтпаңдар, бәтшағарлар» деп ұлы Мұқағали айтпақшы, дүниенің аман сақталып тұрғаны жақсы адамдардың тұғырында ұстап тұрған материалдық байлық емес. Құдайберген Ержанның: «Ата-бабаларымыз «Қанша дүние жисаң да, о дүниеге арқалап кете алмайсың» дейді ғой. Сондықтан, менің негізгі байлығым – отбасым, бала-шағамның амандығы, өзімнің денсаулығым, менің ортам және жолдастарым. Бұл байлық ешқашан тозбайды, ешқашан инфляцияға түспейді» деген сөздері саналының көкірегіне сәуле түсіріп, осынау қарапайым ақиқаттың тылсым тереңіне жетелейді.

Мұрат Бекей,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.