«МЕНІ БИІКТЕРГЕ КӨТЕРГЕН ХАЛҚЫМНЫҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ»

370
0

Болат Қырықбаев, ОҚО Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

 

Қазақ қашанда ырымшыл халық. Өмірге ұрпақ келгенде ырымдап ауыл-аймаққа белгілі, танымал тұлғалардың есімдерін беруге ұмтылады. Бұлары заңды да шығар, «болмаса да ұқсап бақсын» деген ниет қой, әйтеуір. Ол өмірге келгенде ата-анасы «болаттан берік, ержүрек, батыл болсын» деген пиғылмен атын Болат қойғанда ниеттерін түсінген ағайын-туыс «жөн» деп шешкен. Ата-ананың ақжолтай армандары періштелерінің құлақтарына шалынған болар, осыдан аттай 51 жыл бұрын өмірге келген сол Болат бүгінде ел таныған, өзі де елге танылған аптал азамат болып қалыптасты. Болат десе, Болат-ақ! Мығым денелі, қақпақтай жауырынды, құрыш білекті, ең бастысы, жауырыны жер иіскемеген күрес өнерінің хас шебері ол облыстағы білдей басқарманы басқарады. Жұмбақтай бермей, жөнімізге көшсек. Біздің бүгінгі сұхбат қонағы ОҚО Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев.

– Бәке, күрес дегенде делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем. Әлемді мойындатқан Қажымұқаннан кейін де өмірге талай-талай тарланбоздар келді, төрткүл дүниеге қазақты танытты. Солардың бірі – өзіңіз. Күресті кездейсоқ таңдамаған боларсыз?

– Бала кезден күреске тоймаған қазақ емеспіз бе? Ауыл балаларының басты ермегі де, қызығы да күрес еді, бір кездері. Шаңды ауылдың шаңын қағып, балалықтың бал қызығына тоймай өскен сол бір сағым жылдар артта қалып, мектеп бітірдік. Өмірге жолдама алар тұста көп ойландым. Бала кезден спортқа, оның ішінде күреске деген қызығушылығым мені бәрібір осы салаға жетеледі. Оның үстіне атақты Қажымұқан тұрған Темірланның түлегі емеспін бе, құжаттарымды Алматыдағы денешынықтыру институтына тапсырдым. Ол кездегі оқуға қабылданудың қатал талаптарын білесіз, соған қарамастан студент атандым. Институтта білім алатындардың осалы жоқ, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, сайдың тасындай іріктелген қыз-жігіттер. Рас, қыз балалар бұл салада ол кезде өте аз болатын. Жоғары оқу орнындағы жетістіктерім мен көрсеткіштерімді жіпке тізбей-ақ, оқуды аяқтаған соң Темірландағы спорт мектебіне жаттықтырушы болып келгенімнен бастайын. Ол кездегі талап бойынша жоғары оқу орнын бітірген түлектер институттың жолдамасымен еліміздің кез-келген аймағына, кадр сұранысы негізінде жіберілетін. Бармауға болмайды, онда диплом жоқ. Маған, әйтеуір, өз ауылыма келуіме тура келді. Бұл сол кездері кез-келген ауылға тән спорт мамандарының жетіспеушілігінен де болуы мүмкін. Келе сала білекті түрініп, іске кірістім.

– Сондағы Болат пен қазіргі Болаттың айырмашылығы қалай?

– Ой, ол кезде тау қопарар бұла күш, қайрат-жігер жетіп артылатын. Керек болса, демалуға, ентік басуға уақыт бола бермейтін. «Чемпиондар ауылдан шығады» деген үрдіс сол кездері қалыптасқан. Ауылдың балалары қалалықтарға қарағанда шымырлау, қайсарлау келетіні рас. Себебі, олар физикалық тұрғыдан шыңдалған, жігерлі әрі қағілез болады. Оларды бабына келтіру, жаттықтыру, шыңдау үшін көп күш жұмсаудың да қажеті жоқ, тек бағыт-бағдар беріп, күрес ережелерін үйретсең болды, өздері-ақ қағып алады. Ашығын айту керек, бүгін де, ертең де дәл осы ауыл балаларын тиісті дәрежеде баптап, бағыт берер мықты бапкер болса, қазақтың намысын жыртар, болашақ чемпиондар дәл осы ауыл балаларынан шығады. Бұл тұрғыда қазір мемлекетіміз ауқымды жобаларды қолға алып, ауылды жерлерден спорт мектептерін, спорт алаңшаларын, спорт үйірмелерін көптеп ашып жатыр. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы да осыған саяды. Күні кеше әлем назарын өзіне аударып, жиырма жасында жасындай жарқылдаған Бекзат Саттарханов та, олимпиада төрінде Қазақстан туын көкке көтерген Мұхтархан Ділдәбеков пен Еркебұлан Шынәлиев те ауылда өскен. Менің де алғашқы жаттықтырушылық жолымды ауылдан бастауым сондықтан. «Қайтсем, ауыл балаларынан чемпион дайындаймын» деген ой ғой. Еңбегім еш кеткен жоқ, талай талантты спортшылар мен күрес майталмандарын тәрбиелеп, жолға салдым.

– Ал ауылды тастап, қалаға келу сырыңыз неде? Әлде, ауылда зеріктіңіз бе?

– Әркімге туған жері ыстық. Ауылдың саф ауасы, қонақжай халқы, әсем табиғаты, бәрі-бәрі өзіне тартып тұрады. Менде ауылды тастап кету туралы ой болған жоқ. Темірланда жүрсем де облыс орталығында, үлкен қалаларда өтетін жарыстарға жиі шығып тұрдым. Әсті, сондай кездері мықты мамандардың көздеріне жиі түссем керек. Мардан Сапарбаев, Ақжол Асқаров, Жақан Оңалбеков сынды спорт майталмандарымен араластым, солардың ақыл-кеңестеріне жүгіндім. Олардан аз тағылым алған жоқпын, қамқорлықтарын көп көрдім. Сол ағаларым маған бағыт-бағдар нұсқады. «Бәріміз де ауылдан ұштық, еңбегіңді елге арнағанға не жетсін. Әйтсе де, Болат бауырым, өсемін, өрлеймін, мұнан да биік жетістіктерге жетемін десең, Шымкентке келгенің жөн. Мұнда да өзіңді күтіп тұрған қыруар жұмыс көп. Сен ендігі жерде жаңа қырыңнан көрінуің тиіс. Рас, Темірланда аз жұмыс істеген жоқсың. Өзің тәрбиелеген шәкірттер облыс қана емес, еліміздің намысын қорғап, біздің даярлаған спортшылар жете алмаған жетістіктерге жетті. Ендігі жерде біліктілігің мен тәжірибең мұнда керек. Сол үшін облыс орталығына келгенің жөн» дегенде, «мақұл» деп бас шұлғымасам да, ойланып көруге мұрсат алдым. Отбасыммен ақылдасып, қабырғаммен кеңесіп, ағайын-туыстың пікірлеріне жүгініп, Шымкентке баратын боп шештім. Осылайша, менің Ордабасыдағы жаттықтырушылық қызметім аяқталып, өмірдің тағы бір баспалдағына қадам бастым.

– Жаңа орта, бейтаныс жандар, қатаң талап алғашқыда тосындау көрінсе де, ауылдан арман қуып келген сізге кері әсерін тигізе қоймаған болар?

– Жоқ, ол не дегеніңіз? Кімде-кім алдына нақты мақсат қойса, діттеген межесіне жетпей қоймайтыны анық. Менің де алдымда таудай талап, жүйелі жоспар тұрғандықтан онша-мұншаға көңіл аудара қойған жоқпын. Облыстағы іргелі спорт мектебін маған сеніп тапсырғандықтан, сенімнен шыға білуге барынша талпындым. Бағамды басшылар берсе беріп жатқан шығар, өзіме не тапсырылды, не істеуім керектігін жақсы білдім.
Қиындау тірліктерге көбірек ұмтыламын. Менде бала кезден қалыптасып, қаныма сіңіп кеткен қағида бар. Ол «өзгеге сене біл, басқалардың сенімін ақтауға барыңды сал». Егер осы қағиданы нақты іс жүзіне асыра білсең, сөзден гөрі іске басымдық берсең ғана көп адамға қажет абырой мен атақ сені өзі іздеп келеді. Мен мұны өз өмірімнің сан қырын салыстырып барып, таразыға салғаннан соң айтып отырмын. Жалпы, пенде болған соң жетістігіңмен қатар кемшілігіңнің де болатыны рас. Ол өзіңе байқалмағанымен «сырт көз қашанда сыншы», тез байқайды. Ондай ескертулер өзіме талай айтылды да. Қателікті тез түзеуге, қайталамауға тырысамын. Жаңа жұмыс орныма тез үйреніп кетуімнің сыры – мен жас маман емеспін. Тәжірибем бар, бұл сала маған жақсы таныс, сондықтан бейтаныс орта жатырқай қарсы алды деуіме ешқандай негіз де, себеп те жоқ.

– Сіз ғой, Оңтүстіктің тарихында облыс спортын екі рет басқарған жансыз. Дәл осы өзіңіз басқарған тұстарда облыс спортшыларының атағы мен абыройы елімізден асып, әлемге танылды. Әсіресе, олимпиадашыларымыз Сиднейде атой сап, көк байрағымызды көкке желбіреткені әлі күнге есте. Лондонда да жаман көрсеткіш көрсетпегенімізбен, уыстағы медальдар неге сусып кетті?

– Ойында жеңіс те, жеңіліс те болады. Бұл заңдылық. «Өткен ойында жеңіп едік, бұл ойында неге жеңілдік?» деген сауал туындамауы тиіс. Жүлдеден жүлде қоймайтын небір саңлақ спортшылардың өздері сүрініп жататын кез болады. Ал, ешқандай үміт күтпеген спортшылар бар, ойда-жоқта алтыннан алқа тағатын. Мен сізге бір мысал айтайын.
Сидней олимпиадасына барарда біз Бекзат Саттархановтан дәл мұндай олжа күтпегенбіз. Сол жолы біз Бекзаттың еншісіне алдын ала екі жекпе-жекте жеңіске жетсе жетеді деп тон пішіп қойғанбыз. Соның өзіне қол жеткізсек, ол үлкен нәтиже болып саналар еді. Қазақстанның бас жаттықтырушысы Серік Әбденәлиев те осы межені қанағат тұтатынын білдірген. Бірақ Саттарханов бәрімізді састырды, жоспарымызды жоққа шығарды емес пе? Олимпиада чемпионы болғанынан бөлек, қазақ боксының тарихында небәрі 20 жасында алтын алған Бекзаттың бұл ерлігіне бас имеген қазақ қалмаған шығар сонда. Өзіміз де еңіреп тұрып жыладық. Миллиардтаған халықтың арасынан кішкентай ғана қазақтың қарадомалақ баласы алыптың тірлігін істеп, елдің туын көтеріп тұрса, қалай жыламассың? Ал, Лондонда өткен олимпиадаға үкілеп үміт қосқан, «осы жүлде алады-ау» деген спортшыларымыз біз күткен межеден көріне алмады. Оған бола спортшыларды, не бапкерлерді кінәлау дұрыс емес. Қазақ мұндайда: «Не бақ шабады, не бап шабады» — демеуші ме еді? Құдайға шүкір, бұл жолы алынбаған алтындар келесі олимпиадада қанжығаға байланар деген үмітімізді үзбейік, оған лайықты ұл-қыздарымыз Оңтүстікте көп. Феруза Ергешова, Нұрсұлтан Мамаев, Біржан Жақыпов, Мөлдір Әзімбай сынды спортшыларымыз алдағы өтер аламан жарысқа осы бастан-ақ дайындық үстінде. Лондоннан олжалы қайтпағанымызбен, басқа түрлі халықаралық, әлемдік жарыстарда топ жарып жүрген жерлестеріме алғыстан басқа айтарым жоқ.
Ал қызмет барысына келсем, Оңтүстіктегі спорт саласын маған сеніп тапсырған екен, үдеден шыға білу үшін барымды да, жанымды да аямамын. Қай жерде жүрсем де осы салаға деген жанымның ауыратыны бар. Оған сүйіспеншілігім де шексіз. Спорт мектебінің директоры болып тұрған тұста Алатаудың баурайындағы «Бәйшешек» деген спорттық сауықтыру орталығын әлдебір қалталы азаматтар екі мәрте өз меншіктеріне алып қоюға әрекеттенді. Сонда олардың бұл тірліктері заңсыз екенін, спортшыларға жасалынып жатқан қысым екенін айтып, дабыл қақтым, тиісті жерлерге жеткіздім. Сол орталық бүгінде спортшылардың игілігінде. Мен мұны мақтан үшін немесе абыройымды арттыру үшін айтып жатқаным жоқ. Біз спорт саласына жанымыз ауырып, күйзеле де білуіміз керек. Бұл лауазымға екінші мәрте отыруым, біріншіден, халықтың ыстық ықыласынан туса, екіншіден, ел ағаларының маған сенгендері болар. Мен де өз кезегімде Оңтүстік спортының дамуына, спортсүйер қауымның көңілдерінен шығуға ұмтыларым анық.

– Енді облыс спорты, оның елімізге қосып жатқан үлесі жайында біле отырсақ…

– Біздің басқармаға қарасты Олимпиада резервін дайындау орталығы, облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі, Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернаты, 14-ке жуық мамандандырылған спорт мектептері, 5 мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорындары аймақ спортының тасы өрге домалауы мақсатында еңбектенуде. Облыс әкімі А.Мырзахметовтің өзі тиісті бағдарламалардың жүзеге асуын жіті бақылап, Оңтүстік спортының дамуына күш салып келеді. Ол кісінің «Ордабасы» футбол клубына барынша жағдай жасап, нәтижесінде «Ордабасының» ел кубогын жеңіп алғанын білесіздер. Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернаттың өзінен бір Олимпиада, Әлем чемпионатының 6 жүлдегері, Азия ойындарының 23 жеңімпазы, ел біріншіліктерінің 220-дан астам жеңімпазы шығыпты. ҚР құрама командасына 201 спортшымыздың мүше екендігі де біз үшін зор жетістік болып саналады. Айта кетерлік тағы бір мақтанышымыз, облыс бойынша 170 мыңға жуық адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту үшін 55 БЖСМ, ОРМБЖСМ, ЖСШМ, ОДО және дарынды балалардың спорт мектеп-интернатында, 27 олимпиадалық, 13 олимпиадалық емес, 8 ұлттық және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері бойынша 36580 адам спортты өздеріне серік еткен. Облыс әкімінің тікелей бастамасымен халықаралық талаптарға жауап берерлік бірнеше спорт кешендері бой көтермекші. Жеңіл атлетикаға арналған зәулім ғимарат пен теннис корты Қазақстандағы бірегей кешендер болары анық. Облыс орталығындағы 21 стадион, бір «Мұз сарайы», 27 спорт кешені, 18 жүзу бассейні, 662 ірілі-ұсақты спорт залдары 2500-дей ашық спорт ғимараттары халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортпен шұғылдануына қызмет көрсетеді. Ел спортының болашағы ауылға да қатысты. Елді мекендерде 91156 қыз-жігіттер спортқа ден қойған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды да салауатты өмірге қалыптастыру жақтары қарастырылған. «Денсаулық пен спорт — егіз» ұғым екенін түсіндіру барысында арнайы іс-шаралар, акциялар мен кездесулер ұйымдастырылды. Алдағы кезде балалар мен жасөспірімдер клубын, денешынықтыру орталықтарын көбейту де қолға алынбақ. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қалада спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек.

– Өткен жылы күш атасы Қажымұқанның туғанына 140 жыл толуына орайластырылған үлкен халықаралық турнир өткізілгенін білеміз. Осы турнир жөнінде тарқатыңқырап айтып берсеңіз.

– 47 жыл қатарынан өтіп келе жатқан турнирге жеті мемлекеттің 160-қа жуық білекті балуандары қатысты. Турнир шымылдығын ашқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Бізде спортқа деген ықылас ерекше, оңтүстік өңір қашанда спорт саласында алдыңғы қатарда. Сол себепті облыс әкімдігі жергілікті спортшыларды қолдап, көмектесіп келеді» — деді. Ол кісінің бұл сөзінде ақиқат бар. Асқар Исабекұлы спортты жан-тәнімен түсінетін адам. Өзі де спортпен айналысады. Өткен жылы елімізде өткен қысқы Азиада ойындарының алауын ұстап, Шымкенттің көшелерінде жүргенінен бәріміз хабардармыз. Үнемі қолдау мен жанашырлық танытып жүрген ол кісіге рахмет, Оңтүстік спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Бұл турнир де Асқар Исабекұлының бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Әр салмаққа бас жүлдеге автокөлік тігілгендіктен, барлық белдесулер өте тартысты өтті. Қазақстандағы дзюдо, самбо және қазақ күресі шеберлерінің бәрі Шымкенттің боз кілемінде бақ сынасты. Қазақша күрестің майталмандары, әлем чемпиондары Бауыржан Тәліп, Бақтыбай Қисықов, Ерлан Естек, Дархан Өрікбаев, Мәди Құрымбаев, Бейбіт Ыстыбаев сынды балуандардың өнеріне қуана қол соққан жанкүйерлер қазақ күресінің беделі жыл сайын артып келе жатқандығына куә болды. Әр салмаққа тігілген темір тұлпардың сегізі өз иесін тапса, бір көлік турнирдің бас төрешісіне, біреуі Темірландағы Қажымұқан мұражайына табыс етілді. Осы жарыста шымкенттік Мәди Құрамбаев пен Нұрзат Бегасылов чемпион болса, моңғолиялық Собахтын Ордене турнирдің түйе балуаны атанды.
Менің айтайын дегенім, мұндай жарыс, турнирлер Шымкентте жиі өткізіледі. Солардың барлығының дерлік басы-қасында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жүретіндігі. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда өзгелерге өнегелік көрсетіп жүрген ол кісіге деген менің ықылас-пейілім, ұстанымым әркез жоғары.

– Туризм саласы біздің елде кешеуілдеп қалған сала. Бірақ жиырма жыл ішінде атқарылған шаруалар аз емес. Соның ішінде Оңтүстіктің де ойып алар орны бар. Бұл жөнінде алып-қосарыңыз бар ма?

– Туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстардың атқарылғаны рас. «Алатау» тау шаңғысы базасы, «Біркөлік» демалыс аймағы, «Тау самалы», «Айна бұлақ», «EKo Villaige Kaskasy», «Красные скалы», «Ақ мешіт» шатқалдарындағы жаңадан бой көтерген демалыс аймақтары, «Ақсу Жабағылы» қорығы, тарихи-мәдени нысандар кез-келген саяхатшының көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Қаланың шығысындағы Алатау жоталары мен Жабағылы тау, Балдыберек, Бұғылытау, Ақсу мен Арыс өзендерінің жанға жайлы ауасы, Түлкібастың әсем табиғаты, Қазығұрттың басындағы Нұх Пайғамбардың кемесі, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи, Сайрамдағы Ибрагим ата, Қарашаш ана, Шаяндағы Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері өткеніміздің бір белгісіндей, тарихы тереңде жатқан шежіреміз. Жалпы, Оңтүстік өңірі туризмге сұранып-ақ тұрған аймақ екендігі анық. Біз бүгінге дейін де, ертеңгі күні де осы саланы барынша дамытып, ел игілігіне беруге жағдай жасауға әрекеттеніп бағудамыз. Бұл мақсатта облыс әкімі Асқар Исабекұлының да атқарып жатқан қыруар еңбегі, алға қойған мақсаты бар.

– Бәке, адам өмірге келеді, есейеді, қалыптасады. Өмір болған соң оның өкініші мен күйініші, сүйініші мен қуанышы болады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

– Өткен өмірге өкінішім жоқ. Уақыт көшкен бір керуен сияқты. Бейнеттің зейнетін, жоқшылықтың баршылығын татқан адаммын. Бапкерлік те, басшылық та қызметте жүріп, өн бойыма ешқандай жамандық жуытпауға тырысамын. Біреудің көңілін қалдырып, намысына тиетіндей сөз айтпадым. Қызмет бабын, қолдағы билікті пайдаланып, жеке басымның мүддесін көздемедім. Керісінше, жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеуге ұмтылдым. Артымда жақсы сөз қалдыруға тырыстым. Ата-анамның аманатын орындауға, ағайын-туыстың қадіріне жетуге, отбасымның ырыс-ынтымағын жоғалтпауға, өзімде болғанның өзгеде де болуына ден қойдым. Күйініш-күйгелек жанның қасиеті. Ешнәрсеге күйіп-піспеуге, олқылықтың орнын тез толтырып жіберуге тырысамын. Өзім баптап, бәйгеге қосқан шәкірттерімнің әрбір жетістігіне олардан бетер сүйінемін. Елімнің жарқын болашағына қуанамын. Бүгінгі жастарға барлық жағдай жасаған ел ағаларына сүйінемін.
Рахмет, ел-жұрт, облыс басшылары сенім артты, қолыма билік тізгінін берді. Мұның да өтеуі барын жақсы түсінемін, қолымнан келгеннің барлығын жасауға мен дайынмын. Ұлт діңгегі – тілі, діні, мәдениеті, салт-дәстүрі. Мен атқарған қызметтер жұртымның игілігіне жараса, бұдан асқан бақыт, қуаныш бар ма? Төрт қасиет бойымда түгел барда, өзімді төрт құбылам сай деп есептеймін. Әрине, атымызға айтылатын сын жеткілікті. «Сын түзелмей, мін түзелмейтінін» білгендіктен, сынды дұрыс қабылдаймын.

– Сіздің ойыңызша, басшының қатал болғаны дұрыс па, әлде жақсы басшыға жұмсақ мінезді қасиет жараса ма?

– Қарамағыңдағы адамдардың жағдайын біліп, түсініп жүрген жақсы қасиет. Басты талаптардың бірі – айтқан сөзіңде тұрып, берген уәдеңнің үдесінен шыға білу. Басшының талапшыл да, өз қағидаларына берік болғаны дұрыс. Заман көшінен қалып кетпей кадрларымызды оқытып, тәжірибеден өткізіп, тәрбиелеп шығуға тырысып жатамыз. Олар да заман көшінен кенже қалмауы тиіс. Әрине, біздің тарапымыздан талап күшті болмаса, босаңсып кететініміз рас. Мұны қаталдыққа жатқызуға бола қоймас. Жайдары, мінезі жұмсақ басшылар да кейде бір көтерілсе, жуық арада басыла қоюлары екіталай. Басшыға тән қандай қасиет болса да, оны қарамағындағылары дұрыс түсінгендері жөн.

– Болат Наурызбайұлы, жалпы Тәуелсіздік деген ұғымды қалай түсінесіз, мемлекеттің, Елбасының саясатын, қаншалықты бағалайсыз?

– Тәуелсіздік деген – тәтті сөз. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандап өткен қол жетпес байлық. Тар жол, тайғақ кешу замандарындағы осы жолда қаншама қиындықты көріп, қасіретін тартсақ та, «әттең, тәуелсіз ел болғанда…» деген арман кез-келген қазақтың басында болғаны анық. Өзгесін айтпағанда, 1986 жылғы Алматыдағы жастар көтермесінің өзінде-ақ Тәуелсіздіктің төбесі қылтиып тұрғаны рас еді. Өзінің егеменді ел болғанын жариялағалы бері Қазақстан әлемдік деңгейде танылды, өсіп-өркендеді, адам танымастай өзгерді. Алпауыт елдердің өздері санасатын болды.
Ал тәуелсіздік ұғымы өз кезегінде біздерге Елбасы есімімен етене байланысты. Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан қалыптасу мен дамудың ғажайып жолынан өтті. Сондықтан, біз еліміздің тәуелсіздігімен қалай мақтансақ, елімізді ерен биіктерге көтерген Елбасымызбен де солай мақтануға тиіспіз. Біздің тәуелсіздігіміздің баянды, мемлекетаралық ынтымақтастықтың қалыпты жағдайда болуы, ішкі және сыртқы саясаттағы рөліміздің көтерілуі, көрші мемлекеттермен шекарамыздың ретке келуі, өзге елдердегі қазақтардың елге оралуына мүмкіндік тууы, мұның бәрі сарадал басшының, Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің арқасы. Елбасының арманына айналған Астанадай әсем қала өмірге келді. Нұрсұлтан Әбішұлының тағдыр жолы бізге заман адамды емес, адам заманды өзгертетінін дәлелдейтіндей көрінеді. Қысқасы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліне нұрын шашқан тұлға болып қалатыны сөзсіз.

– Жастарға айтар тілегіңіз...

– Еліміздің болашағы – жастар деп жиі айтамыз. Сол жастардың бойынан отансүйгіштік, адамгершілік, биік жауапкершілік, ізденушілік қасиеттерді көргім келеді. Олар биік белестерге, жетістіктерге талмай ұмтылғанда ғана, елін-жерін, Отанын қастер тұтып, оған өлшеусіз қызмет етулері тиіс. Жас ұрпақтың алған білімін өмір заңдылықтарымен байланыстыра білуіне, ойлау қабілеті мен тіл шеберліктерін дамытуға, еңбекқорлыққа үндеуде аға ұрпақ өкілдерінің де алар орындары ерекше. Бағыт-бағдар беретін, жөн сілтейтін біздерміз. Қазақстан 20 жылда қандай жетістіктерге жетсе, алдағы 20 жылда жетер жетістігіміз мұнан әлдеқайда көп, ауқымды боларына сенемін. Сол игі істердің, баянды бастамалардың басы-қастарында бүгінгі жастардың жүретіндері анық. Мен жастарға сенемін, олардың болашақтарына үміт артамын. «Өзіңді сыйламасаң, өзге де сені сыйламады» дейді. Сол үшін жастарға құрметпен қарап, оларды әркез мақтан тұтқанымыз орынды деп есептеймін.

– Бәке, ел сыйлаған азаматсыз, алдағы жүрісіңізге жүрім тілеп, еліңізге, халқыңызға адал қызмет етуден танбаңыз деп тілейміз. Ойыңызды бөлісіп, ашық-жарқын пікірлесіп, қойған сауалдарымызға салмақты жауап қайтарған еңбегіңіз үшін алғысымызды айтып, жүлде салар саңлақтарыңыз көбейе берсін дейміз.

– Рахмет!

Сұхбаттасқан Ердәулет Сұлтан.

  

Сiз не дейсiз?

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Күрес федерациясының құрметті президенті:

– Өзгелерге қарағанда спорт саласы қиын да ауыр сала. Нар көтерер жүкті арқалап жүрген Болат Қырықбаевтың өзі де кезінде мықты спортшы атанғандықтан болар, оған бұл саланы басқару онша таңсық емес. Еліміздегі спорттың дамуына, жүлде қорымыздың көп болуына Оңтүстіктің қосып жатқан үлесі сүбелі екенін айта кеткен жөн. Соның ішінде күрес, бокс, көркем гимнастика, таэквандо, байдарка және каноэ есу шеберлері халықаралық, әлемдік ареналарда еліміздің көк байрағын жоғары көтеріп жүр. Бірнеше олимпиада, Әлем және Азия чемпиондары шыққан Оңтүстіктен әлі де талай тарланбоз спортшылардың шығатыны даусыз. Жауырыны жер иіскемеген. Қажымұқанмен қазақ қалай мақтанса, Оңтүстіктің жұртшылығы Бекзатпен, Мұхтарханмен, Еркебұланмен, Еленамен, Әлиямен, Мөлдірмен, Біржанмен, т.б. мақтана алады. Ел қоржынына алтын, күміс салып жүрген бұл спортшыларды бабын келтіре баптап, бәйгеге қосып жүрген Болат Қырықбаевқа қалайша «бәрекелді» демеске! Оған «Құрмет» ордені осындай еңбегі үшін де берілді емес пе?

  Сiз не дейсiз?

Алмасбек Мамытбеков, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

–Адамды еңбегіне қарап бағалау керек болса, Болат Қырықбаевты осы орынға қояр едім. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, ол тәрбиелеп, баптаған шәкірттерінің осалы жоқ. Өзі де бір кездері талантты ұстаздарынан тәлім-тәрбие алған Болат Наурызбайұлының облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасын басқарудағы тәсілі мен тәжірибесі көпке өнеге боларлық-ақ. Спортқа қызықпайтын, оны бағаламайтын жан кемде-кем. Қанды қыздырар, делебені қоздырар талай аламан бәйгелерде жерлестерімізідің жетістіктеріне қуана қол соғып, бөркімізді аспанға атқанымыз әлі есте. Елдің атын ер шығарар сондай жарыстарда спортшыларымызға дем беріп, рухтарын жанып жүретін Болат Қырықбаевты көреміз. Бұл дегеніміз, өзінің жауапкершілігін жете түсінетін, осы жолда жанын салатын, еңбегінің жемісін көргісі келетін басшыға тән азаматтың бітім-болмысы.

Сiз не дейсiз?

Бақтияр Тайжан, “Оңтүстік Қазақстан” газетінің директор- бас редакторы:

– Болат Қырықбаев өз ісіне мығым, жауапкершілігі жоғары азамат. Мұндай кадрларды бағалауымыз керек, тиісті жерінде қолдау көрсеткен жөн. Ол қызмет сатысында ешкімнің сүйемелдеуінсіз, өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында көтерілді. Талапшыл басшы, тәжірибелі маманның ғана қолынан келетін жауапты қызметті атқарып келе жатқанына аз уақыт болған жоқ. Нәтижесін көріп жүрміз, басқарманың атқарған жұмыстары ауқымды. Оңтүстіктің атын да, атағын да шығарып жүрген саңлақ спортшыларымыз аз емес. Олардың бағын да, бабын да асырып жүрген Болат Қырықбаевтың еңбегі екені анық. Оңтүстік Қазақстан облысында спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Бұл үшін облыс әкімі Асқар Исабекұлына рахмет айтуымыз керек. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда ол кісінің ұйытқы болуымен талай тірліктер қолға алынған. Солардың басы-қасында ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп жүрген Болат бауырымыздың еңбегі ескерерлік-ақ!