Қозғалған қылмыс қозғалыссыз тұр, қылмыскердің кім ЕКЕНІ құпия

393
0

IMG_2810Күші басым адам әлсізге күштілік етіп, әлімжеттілік жасайды. Бұл қарапайым азаматтардың арасында болып жатса, араағайындыққа түсіп, әділетсіздік орын алса күштінің басын әлсіздік алдында идіресің. Ал, егер әлімжеттілікті қолында құзірлі қызметі бар, өзі заң саласында жұмыс атқарып, заңды бұзып, лауазымын әлсіздерге күш көрсетуге жұмсағандарға не айтуға болады?
Біздің редакциямызға Түркістан қаласы, Қарабура көшесі, 35 үйдің тұрғыны, 31 жастағы азамат Талғат Сәрсенбайұлы Болжаев қос парақ арызын бірнеше қосымша «тіркемелерімен» алып келді. Көрген зәбірінің себебін былай баяндайды:

«20.06.2013 жылы Түркістан қаласының Қазақбаев көшесінде өзімнің жүргізуімдегі «ВАЗ-21014» көлігіммен кешкі сағат сегіз жарымдар шамасында келе жатқанда кенеттен екі белгісіз автокөліктердің құрсауында қалдым. Екеуі екі жағымнан шығып, мені көшенің ортасында қысып тоқтатты. Шығып кетуге мүмкіндігім болмады. Көліктің ішінен бетперде киген екі ер кісі және полиция формасындағы қалалық МАИ-дың бастығы Біржан ОМАРОВ менің машинама жақындап, әлгі белгісіз екеу машинадан шығарып, қолымды қайырып, МАИ бастығы Біржанның қасына алып келді. Ол мені мемлекеттік нөмері Х486 «Фольваген» «Пассаттың» багажына салуды бұйырды. Содан мені 15-20 минут жүріп, қаланың сыртына апарып, Біржан жаман сөздермен балағаттап, денемнен ұрып, сіріңкенің қорабын көрсетіп, «мынаны қалтаңа салып қаматамын» деп қорқытты. Бетперде киген азамат қолындағы пышаққа ұқсас қатты затпен денемнен қайта-қайта ұрып, тепті. Содан кейін мені қайтадан бір белгісіз жерге алып келді. Ол жерде көргенім үлкен қақпа болды. Біржан «соның ішіне қамап ұстаймын» деп қорқытты. Мен машинаның багажында жатқан кезде перде киген, көзі көк адам мені өзінің ұялы телефонына видеоға түсіріп, намысыма тиетін сөздер айтты. Қайтадан жүріп мені Түркістан қаласының ақылы автотұрағына алып келді. Содан «сенің көлігің тұрақта» деп көрсетіп, «осы жерде бола бер, мен жарты сағатта келемін» деп кетіп қалды. Мен денемдегі жарақаттарды көрсету үшін қалалық емханаға бардым. Одан кейін Түркістан қалалық ІІБ-на бардым. 21.06.2013 жылы ОҚО ІІД-і ОЗБ арыздандым. Түркістан қаласының прокуратурасына және Қаржы полициясына арыздарымды түсірдім. Қазіргі таңда құзірлі құқық қорғау орғандарынан ешқандай нәтиже болмай тұр.
Үйге «Біржаннан келіп тұрмыз» деп келушілер көп болып кетті. Солардың арасында көшеде жүрген және мені аңдытып қойған жігіттер келіп, маған «кешірім бер» деп жатыр. «Кешірім бермесең біздер осы істің аяғына дейін барамыз» деп қорқытады. Шымкенттен келген жігіттер өздерінің аттарын айтып, олар да қорқытып жатыр. Қазіргі таңда менің және бала шағамның өмірі қауіпте. Зиян келтіріп кете ме деген ойдамын. Заң орындарынан үмітімді үздім. Мен енді республикалық қоғамдық-саяси «Уақыт» газетіне келіп отырмын. Көмек берулеріңізді сұраймын. Арыз өз қолыммен дұрыс жазылды. Т.Болжаев»
Арыздың қысқаша мазмұны осы. Біз арызбен қоса тапсырылған қосымша құжаттарға көз салдық. Онда Түркістан қаласы прокуратурасының, қаржы полициясының Түркістан аймағы бойынша басқармасынан, Түркістан қаласы ішкі істер басқармасының құжаттары тіркеліпті.
24.06.2013 жылы 4/11-6405 шығыспен Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары А.Абдурасилов ОҚО ІІД ОҚБ-ның бастығы, полиция полковнигі С.Айтбековке және арыз иесі Т.Болжаевқа «Сізге Түркістан ҚІІБ-ның АТК №3313 санды болып 1982 ж.т Болжаев Талғаттың жазған арызы негізінде жинақталған іс құжаттарды жолдаумыз. Екінші мекенжайға қабылданған шешімді хабарлай отырып, шешімге наразы болған жағдайда Түркістан қалалық прокуратурасына арыздануға құқылы екендігін ескертеміз. Тіркелді: «7» парақта» деп жазылыпты.
5 шілде 2013 жылы Түркістан қалалық прокурорының орынбасары Б.Қараманов қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысын бұзып, қылмыстық іс қозғау туралы қаулы қабылдайды. Ондағы құжатта Т.Болжаевтың арызы бойынша жинақталған №13512605200086 тексеру құжатының негізінде анықталған жайлар заңсыз әрекеттің болғандығын жоққа шығармайды. Т.Болжаевтың арызы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген тергеуші Қ.Тасов 24.06.2013 жылғы ҚР ҚІЖК-ның 37 бабының 1 бөлігінің 2 тармағымен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабыланған. Қала прокуратурасы 05.07.2013 жылы Түркістан аймағы бойынша Қаржы полициясынан азамат Т.Болжаевқа қатысты тағайындалған сот-медициналық сараптама қортындысы негізінде 24.06.2013 жылғы қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулыны бұзып, ҚР ҚК-нің 308 бабында көрсетілген қылмыс белгілерімен қылмыстық іс қозғау туралы талап-тілек түскен. Сот медициналық сараптамасының 30.07.2013 ж. №1376 қортындысына сәйкес азамат Т.Болжаевтың денсаулығына «жеңіл» дәрежелі зиян келтірілгендігі айтылады. Сондай-ақ, осы анықтамада жинақталған тексеру құжаттарын зерделеу кезінде Түркістан ҚІІБ-ның белгісіз қызметкерлернің іс-әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 308 бабының 4 бөлігі «а» тармағында көзделген қылмыс құрамы анықталғаны да жазылған. Сөйтіп бұрынғы тергеуші қабылдаған шешім қалалық прокуратураның қаулысымен бұзылған.
Т.Болжаевтың арызы бойынша қолда бар құжаттар осы. Ары қарай не болғанын редакция үшін толық мәлім болмағандықтан және арызды тексеру жүргізудің нәтижесін білу мақсатында біз осы арызды жария еттік. Қылмыс арыз иесінің айтуы бойынша қозғаусыз жатыр. Және қылмыстық әрекетті полиция қызметкері күш қолданып, заңсыз әрекет жасады деген шағымының нәтижесін біз облыстық прокуратура арқылы толық білгенді жөн санап отырмыз.

P.SАрыз негізсіз жазылмай-ды. Оның өн бойында шындық бәрібір елес беріп тұрады. Зәбір көрген қарапайым азаматтың арызының ақырының не болатындығын біз назарға алдық. Ол біздің ұдайы бақылауымызда болады.