МҰҚТАЖДЫҚ БОЛМАСА, ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КӨСЕГЕСІ КӨГЕРМЕЙДІ
«Жас Алаштағы» «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мәлімдемесін оқығанда туған ой
Кеудесінде титтей болса да қазақтық қасиет бар кісі осы мәлімдемені оқыса, «Апырау, біз осы қай елдің тұрғынымыз?» деп өз-өзіне сауал тастап, аһ ұра қынжылары кәдік. Ақиқатында, еліміздегі 17 миллион халықтың 10 миллионынан аса тұрғыны қазақ бола тұра, Қазақстан мемлекетінде сол қазақтың тілі үстемдік құра алмағаны өте өкінішті-ақ. Бірақ қаншалықты өкінсек те, жанымыз күйініп, жүрегіміз қан жыласа да, қайтеміз, мәлімдемеде көрсетілгендей, қазақ тілінің хәлі мүшкіл. Бірақ ол осындай мүшкілдікке неге тап болғанын ұлт даналары мен зиялылары, тіл жанашырлары өткен ғасырдың соңынан бері шырқырап айтып келе жатса да, олардың ұсыныстарына, уәждеріне тоңмойын билік селт етер емес.
Сөзімізді ә дегеннен-ақ билікті кінәләудан бастағанымыздың өз себебі бар. Өйткені бір мемлекетте не нәрседен де кемшілік кетіп жатса, ол кемшілік халықтың қателігінен емес, ел саясатын жүргізіп отырған үкіметтік құрылымның олқы істерінен туындайтыны сөзсіз. Өйткені қайсыбір елдің болмасын, әр салаға тиісті реформаларын да, экономикасын да, ішкі-сыртқы саясатын да жүргізетін сол елдің билігі.Ендеше, мемлекеттік тіл саясатына да ықпал ететін – сол билік. Өкініштісі, біздің Қазақстан билігі жоғарыдағы саясаттарды бір қалыпты жүргізіп жатқанымен, мемлекеттік тіл саясатына жүрдім-бардым қарауда. Десек те, «Қазақстан үкіметі оған жүрдім-бардым қарайды» дегеніміз артықтау болар. Неге десеңіз, елімізде мемлекеттік, яғни қазақ тілі туралы заң бар, орындалуы міндетті түрлі қаулылар бар. Иә, бәрі бар. Алайда өзі шығарған заңды биліктің өзі орындамайтынын көргенде, бұл мәселеде оның кінәлі екенін мойындамасқа лажың жоқ.
Сол билік және оның жер-жердегі ұлты қазақ өкілдері айтады: «Қазақ тіліне заң жүзінде мемлекеттік мәртебе берілген. Енді оны бар тарапта қолданып, өркендету – қазақтың өз мойнында. Бірақ қазақ тіліне қазақтардың өздері селқос қарайды. Сондықтан да оның алдыңғы орынға шығып, өркендей түсуіне өзіміз кінәліміз» дейді. Бар кінәні халыққа жаба салғыш ондай шенеуніктердің «өзіміз» дегендері – қара қазақтар. Олар осындай жаттанды да тұрақты уәждерімен ел алдындағы жауапкершіліктен оп-оңай құтылғысы келеді.Ондай шенеуніктер өздері мен әлгі «өзіміз» деген қара қазақтың тұла-бойында орыс отаршылдығы қалдырған сызатты таптың барын, одан қазақтардың өз беттерінше жуық арада ажырай қоюы екіталай екенін ұқпайтын тәрізді. Ұқса да, бір адамға жағыну үшін әдейі солай айта ма, кім білсін, әйтеуір барлық шенеунік қазақ тілінің өркендемей жатқаны туралы мәселеге келгенде қазақтың өзін кінәләудан арыға бармайды. Бірақ арыға бару үшін де білім, ақыл, қайрат, ақыр түбі намыс пен батырлық керек. Халыққа кеңес айтқыш қазіргі заманның ақылгөй шешендері білімді болса, белгілі саясаттанушы ғалым Э. Томсонның «Отаршылдықта болған ел отарлықтан құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздану керек.
Отаршылдар елден кетсе де, олардың көлеңкесі қалады. Тәуелсіздік алған елде саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен ұлттық сана көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – ең алдымен тілде көрінеді» деген байламын, осы тақылеттес өсиеттер қалдырған Алаш зиялыларының сөздерін білмейді-ау. Білсе, осындай байлам-өсиеттерден сабақ алып, соған орай еңбектенер еді-ау. Бәлкім сол білместіктен болар, отарлық кептен құтылса да, отарсыздану жолында қауқарсыздық танытқан Қазақстан билігі бұл тарапта белсенді қимыл көрсете алмай, өз жұртының тілін сыртқа теуіп, баяғы отарлаушы елдің тілін үстем күйінде қалдырып отырғаны.
Француздар: «Францияны Франция еткен француздар емес, француздарды француз еткен – Франция, яғни Франция билігі» дейді. Демек, қазақтарды қазақ ететін қазақтар емес, Қазақстан билігі болуы тиіс. Билік ұлттық сананы жаңғыртуға, байырғы жұртының тілін өркендетуге күш салмаса, екі-үш ғасырдан бері орыстық мінезді бойына сіңірген, кеудесіне аралас мәдениет қонған, соның арқасында орысты зор, өз ұлтын қор санайтын шала қазақ – таза қазақ қалпына қайта түспейді. Тіпті араларында бір бөтен ұлт жоқ болса да, отаршылықтың зардабынан тілі шұбарланған ту шалғайда жатқан ауылдардағы қазақ та, еш уақытта таза тілді қазақ боп қалыптаспайды. Неге десеңіз, біздің елде таза қазақ тілін қажет ететін бір де бір мекеме, не жұмыс орны жоқ. Таза қазақша оқытатын мектептер мен тек қазақ тілінде жұмыс жасайды делінетін мекемелердің өзінде де кейбір бухгалтериялық, банктік құжаттар орыс тілінде жүреді. Ал қазақ мектебін бітірген түлектер қалаға оқуға барса немесе бір жерге жұмысқа тұратын болса, баяғы кеңес кезіндегідей орыс тілісіз аттап баса алмайды. Себебі түсінікті, барған ортасы қазақ тілін керек етпейді, қай жерде де оған мұқтаждық жоқ, қай жерде де орыс тілі үстем.
Бесенеден белгілі,билік жалпы халықты белгілі бір талап аясына шоғырландыра алмаса, қара жұрт өзінің бойына сіңісті қасиеттер мен ұстанымдардан оңайшылықпен айырылмайды. Халықты олардан айыру үшін айқай-шудың да, ұрыс-керістің де түкке қажеті жоқ. Ол үшін ел-жұртты үкімет байыпты жолмен мұқтаждыққа әкелу керек. Осы жерде мынаны мысал етіп айтайын: қазір қай жұрттың өкілі болса да, кәрі-жасына қарамай, заманға лайық техникалық құралдарды тез арада-ақ меңгерді. Жазуды ежіктеп оқитын сауатсыз деген кемпір-шалдардың өзі ұялы телефондарды қалай пайдалануды демде-ақ үйренді. Сабақты ең нашар оқиды деген балалар бір қадалса болды, әп-сәтте-ақ компьютердің «құлағында ойнап» шыға келеді. Міне, мұның бәрі заман талабы мен мұқтаждықтың көрінісі. Енді біздің үкімет Қазақстанда тұратын ұлттардың бәрін осылай заман талабы мен келешек үшін қазақ тіліне мұқтаж етіп қойса ғой, бар мәселе өз-өзінен-ақ шешілер еді. Ол үшін үкімет алдымен биліктегі ұлықтан кішікке дейінгі шенеуніктерді мемлекеттік тілде сөйлеп, сол тілде жұмыс жасауына қатаң талап, қатал міндет қоюы ләзім.
Дейміз ғой, бірақ өкінішке орай біздегі іс керісінше. Керісінше болатыны, біздің үкіметтің басында бойларына отарлықтың қамыты шешілместей боп киілген, оны шешуге талпынбайтын, қай тарапта да орыс тілін жандандырған кілең «орысжандылар» отыр. Осыны бағамдасаң, Қазақстан жуық арадағы уақыт ішінде қазақшаланады деуге сену қиын. Сонда «тіл, тіл» деп шерменде күймен қартайған шерлі Шерағаңның, мұзбалақ Мұхаңның (Шаханұлы), тіл үшін «Мұңлық-Зарлықтағы» мұңнан да бетер мұңданып жүрген басқа да жанашырлардың жан шырылы тиістілердің құлағына жетпей, босқа көтерілген дауға ұқсайтын құры байбалам күйінде қалмақшы ма.
Бәріңіздің естеріңізде болар, еліміз тәуелсіздік алған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көптеген орыстар мен басқа ұлттар келешегін Қазақстанмен байланыстыра алмайтынын бағамдап, өздерінің тарихи отандарына көше бастады. Осында мәңгілік қаламыз деп ниеттенгендері дереу қазақша үйренуге кірісіп, балаларын қазақ бала-бақшаларын мен мектептеріне бере бастаған-ды. Қай ұлттың өкілдері болса да, қазақтар мен оның тіліне деген құрметтері өсіп, ой-пиғылдары өзгере түскен-ді. «Қазақтар бізге қысым жасап жатыр» деп анда-санда бір ауданның немесе бір облыстың көлемінен аспайтын шу шығарып, оқтын-оқтын бас көтерген «Лад» секілді кейбір шовинистік топтардың байбаламы болмаса, бөтендердің жалпы жұрты тыныштықты қалап, ел саясатына көнгендей еді… Бұл кезде Латвиядағы барлық халықтың 40 пайызы , жұртының саны 1 миллионның ар жақ-бер жағындағы Эстонияның 30 пайызы, осылармен шамалас Литва мемлекетінің 25 пайызы орыстар болса да, бұл елдер отарлықтың барлық зардабынан арылуға күш салып, өз тілдерін мемлекеттік тілге айналдырып, ұлттық рухтарын көтеруге бірден кіріскен. Ал 2000 жылға қарай Қазақстанда қазақтардың саны 55 пайыздан асып кетсе де, біз 1997 жылы орыс тіліне қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылатын ресми тіл мәртебесін бердік. «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар тең қолданылады» деп Ата Заңда жазып қойдық. Осыны көрген бөтендер қазақ тіліне құлшыныстарын бірден азайтып, балаларын да қазақшаға үйретуге деген ниеттерінен демде бас тартты. Жоғарыдағы заңды орыстар қоймай жүріп қабылдатқан жоқ. Ылғи орысша оқу орындарында оқыған, отарлықтың бойларына сіңген кеселінен айырылуға құлқы жоқ, өз тілін білмейтін шалақазақ шенеуніктер қабылдатты. Бұл заң бөгделер тұрмақ, дүбәрә қазақтардың да көңілдерінен шыққаны соншалық, былайғы жерде орыс тілінің мәртебесін орыстар емес, солар көтеретін, қорғайтын болып шықты.
Егер біздің билік қазақ жағдайын ойлап, алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы саясаттан танбай жүре бергенде, тіліміздің ахуалы дәл қазіргідей аянышты кепке түспес еді. Егер жоғарыдағы жағдайларды ойласақ, тап бүгіндері елімізде ешқандай мәртебеге ие бола алмай түрған қазақ тілінің жай-күйіне қарап тұрып, Елбасының «2017 жылы қазақстандықтардың 80 пайызы, 2020 жылы 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады» дегеніне сенесіз бе. Бұл – ұлттық рухты көтеру үшін жиі-жиі дауыс шығаратын ұлтшыл азаматтардың, тіл жанашырларының көңілдерін аулап қою ма, әлде халықты кезекті алдау ма? Мейлі, ол сөздердің түбі ақиқатқа айнала қойсын дейік, бірақ дәл қазір оған ешқандай дайындық пен қадам жасалып жатқан жоқ қой. Әлде телеарналар мен газеттерге сұхбат бергенде өлгенінің күнінен, болмаса өз-өзін мәжбүрлеп, ыңқылдап зорға сөйлейтін заты да, аты да қазақ министрлердің, әкімқаралардың сөйлеу мәдениеті өте төмен шатты-бұтты қазақшасы – 2017-ші пәлен, 2020 жылы түген пайыз қазақстандықтар қазақша сөйлейді деген жоспарға бастама ма? Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері биік тақтан түспей келе жатса да, әлі күнге дейін еш болмаса қазақша «нан сұрап жерлік» сөздерді үйрене алмаған бөгде ұлттан шыққан шенділер, бүгін түгілі, келешекте де күллі қазақтардың өздеріне орыс тілінде сөйлейтініне нық сенімді боп жүрген қатардағы кірмелер, ана тілін үйренуден гөрі ағылшын тіліне ден қоя бастаған нигилистер енді үш-төрт жылда біздің тілді судай сапырып, Елбасы жоспарының үдесінен шыға ма?
«Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы да, түсінген адамға біз жоғарыды сөз еткен Елбасы жоспарына қарама-қайшы нәрсе. Бұл бағдарлама 16-17 жастағы бозбалалар оқитын оқу орындарында қолданылса мақұл ғой, оны бірінші сыныптан бастап қолға алуды жоспарлаған біздің шенеуніктердің ойлаған, көксеген мұраттары не? Әлде олар балалардың бәрін тумысынан дарынды, барлығын бірдей көп тілді тез меңгеретін полиглот етіп шығарамыз деп ойлай ма. Әр баланың әр текті туылатынын, кейде ең үздік оқиды дейтін баланың екінші, үшінші тілді үйренуге құлықты болмайтынын, ал кейбір баланың қанша жыл оқыса да, өзге түгіл өз тілін де толық меңгере алмайтынын «үш тұғырлы тілді» ойлап шығарғандар білмей ме. Бұл дегеніңіз, баланы, әсіресе қазақ баласын не мұнда, не анда етпеудің нағыз тәсілі ғой. Жалпы, «үш тұғырлы тіл» дегенді барлық оқушыға міндеттеп керегі не? Оларды қосымша пән ретінде өткізсе, әр бала өзі қызығатын тілді үйренуге өзі-ақ ықыластанады емес пе.
Кейде маған осы «үш тұғырлы тіл» бағдарламасы тек қазақ мектептеріне ғана арналған бастамадай көрінеді. Себебін айтайын, орыс мектептерінде қазақ тілі пәні «үш тұғырлы тілден» бұрын бар. Мектепте осы пәнді және «үш тұғырлы тілге» сай бағдарламамен оқып шыққан, оқитын орыс пен басқа да бөгде ұлттардың балалары неге сол «үштің» ең біріншісі болып есептелетін – қазақ тілін меңгеріп шықпайды? Басқа жақты қайдам, қазағы қалың оңтүстіктің өзінде мектепте қазақ пәнін оқыған бір де бір орыс баласының қазақша сайрап тұрғанын көрген емеспін. Сол орыспен бірге оқыған қазақ баласы да қып-қызыл басқа тілді боп қалыптасқан. Осыған керісінше, тәуелсіз қазақ елі болсақ та, қазақ мектебінде оқыған қазақтың жазған баласы орысша білуге міндетті, оны білмесе біреу емес, екеу емес, бүкіл қоғам әлгі баланы жазғырып, күлкіге айналдырады. Осындайды көргенде, басқаны қайдам, мен басым күллі қазақтарды қазақ елінде емес, басқа бір елде тұрып жатқан диаспорадай сезінемін.. Диаспора сияқты емей, енді неменеміз, ортамызда бір орыс екі-үш ауыз қазақша сөйлесе таңырқап, болмаса қол шапалақтап мәз боламыз. Мая Петерс пен Индира Тен телеарнада жаңалық пен «Таңшолпанды» қазақша жүргізсе, «Міне, басқалар қазақша үйреніпті» деп бөркімізді аспанға лақтырамыз. Кеңес кезінде үш Татьяна домбырамен ән салғанда да жарылып кете жаздағанбыз.Негізінде жаңа аталған кәріс, орыс қыздары қазақшаны есейгендерінде үйренбеген. Олар қалың қазақтың арасында өскендіктен, айналадағы тіршілік пен қарым-қатынасқа байланысты мәжбүрлік пен мұқтаждықтың арқасында жастайынан қазақша сөйлеген. Қазақ ауылдарында тұрғандықтан қазақшаны судай сапыратын мұндайлар көп-ақ. Бәрі де керек болған соң үйренген. Ал қазіргі қазақстандық басқа ұлттың бәріне осындай мәжбүрлік пен мұқтаждық бар ма? Әрине, жоқ! Сонда орыс тілі үстемдік құрып, ал қазақ тілі төмендеп тұрған елде «алдағы бес-алты жылда жұрттың 90 пайызы қазақша сөйлейді» деген сөз авторының жоспары қалай орындалмақ?..
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында, нақтысын айтқанда Қазақстанды Колбин басқарған кезеңде арнаулы оқу орындарында қазақтар мен орыстардың үлес салмағын теңестірген саясат жүріп еді. Атың өшкір сол саясаттың көлеңкесі тіл тұрғысында бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда жойылмай тұр. Мысалы қазағы қалың Шымкентте ашылған «Назарбаев зияткерлік мектебінің» қазақша бөліміне биыл 859 оқушы құжат тапсырса, орыс бөліміне 143 бала талап білдірген. Аталған мектептің басшылары осы жерде оқығысы келетін қазақ балаларының санынан шошып кеткен бе, әлде жоғарғы жақтан сондай тапсырма алған ба, әйтеуір, өздеріне ғана аян себеппен 859 қазақтың 64-ін, 143 орысша оқуға ниеттенген балалардың 60-ын қабылдап, тілдік саясатты тең дәрежеде ұстануды қалаған. Егер Білім министрлігіндегілер мен билік орындары келешекте елімізді қазақ тілді мемлекет ретінде көргісі келсе, мұндай теңдік пен жасанды жоспарға жол бермес еді. Олардың мұндай қылығы болашақта Қазақстанды түгел қазақтар жайлап кетсе де, ешқашан орыс тілінен айырылмаймыз деген ниеттерінің бар екенін байқатқандай ма, қалай… Әйтпесе, осы «Назарбаев мектебін» қазағы қалың Ақтауда, Қызылордада, Шымкентте, Тараз бен Жезқазғанда тек қазақша етіп қойса да болады ғой. Сөйтсе, оған дау салар бөгде бір ұлт болмас, сірә.
Орыс мектебінде оқыған балалардың қазақ тілінің көсегесін ешқашан көгертпейтінін біздің бүгінгі билікте отырған шенеуніктерден-ақ көруге болады. Мұндай келеңсіздіктен құтылу үшін қазақ мектептерінің, жоғарғы оқу орындарының санын мейлінше көбейту керек. Бірақ, Құдайға шүкір, қазақша білім беретін оқу ордалары көбейген бұ күнде. Алайда сондай ордаларда оқығандардың қазақша білімі кімге керек боп жатыр? Баста айтқанымыздай, күн көру үшін де, жұмыс істеу үшін де, ары қарай оқып немесе қызметке тұру үшін де орысша білу қажет. Басқалар тұрмақ, шалақазақтардың өзін қазақша үйренуіне мұқтаждық тудыра алмай отырған біздің үкіметтің 2017 немесе 2020 жылдары іске асады деген «көрегенділігі» қалай жүзеге аспақ?
Адам санасына өте күшті әсер ететін әрі өзіне қатты еліктіретін ақпарат құралдарының 90 пайызы орысша боп тұрған, үш-төрт жасар балаларының санасына дейін Алпамыс пен Қобыланды ерліктерінен гөрі «Человек паук» пен «Бакуган сарбаздарының», қазақтың хандары мен байларын және басқаларын ылғи ақымақ етіп көрсететін, қайдағы бір американдық түсірген «Алдаркөсе» хикаяларындағы оқиғалар шырмаған, солардың арқасында кеуделеріне тым бөгде мәдениет қонып алған мемлекетте болашақта қазақ тілі дамып, рухы көтеріледі дегенге кім иланады. Мектепте қазақша оқығанымен айналадағы әсерлер мен ықпалдардың кесірінен тілі бұзылған, көше-көшелерде ылғи басқа тілдегі жарнамаларды көріп өскен баладан ертең тілін жоқтайтын, рухын іздейтін үлкен ұлт патриоты шығады дегенге тағы кім сенеді.
Қысқасы, кедейі күн көру үшін тырбаңдап ғұмыр өткізетін, байлары байлықтары үшін тілі түгілі туған Отаны мен анасын сатуға дайын боп жүрген, «қойшы, тілде неміз бар, әйтеуір тыныштық болса екен» дейтін бойкүйез жұрты бар елдің рухын, тілін – сол елдің билігі көтермесе, түземесе, істің бәрі бос. Біздің жақта «Базарда өзбекті өзбек жаман алдайды» деген қалыпты сөз бар. Мұның мәнісін кейін түсіндім, базарда жұрт бір-бірін алдамаса, сауда ойдағыдай болмайды екен. Біздің биліктің тіл тұрғысындағы саясаты да осыған сәйкес келеді-ау деймін. Яғни, «пәлен жылы түген нәрсе орындалады» деп халықты алдап қойып, әр жылы алдағы уақыттарға орындалуы күмәнді бір жоспарларды түзіп қоймаса, саясаты жүрмей қалатын сияқты ма, қалай…
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы