Ғалымжан АЙНАБЕК, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Жастар жұмыссыз қалады деп қорқудың қажетi жоқ»

402
0


Ол, қайда жүрмесін, адамдарға көмектесуді, қамқор болуды басты парызы санайды. Өйткені, Ол адамдарды жақсы көреді. Оған Адамдарды жақсы көрмеуге болмайды, мамандығының өзі Одан соны талап етеді. Ол деп отырғанымыз – Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан АЙНАБЕК. Ғалекең – дәрігер ғана емес, депутат, халықтың адамы. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты. Халық қалаулысымен арадағы әңгімеміз халықтың денсаулығы туралы ғана емес, қоғамдағы түрлі мәселелер төңірегінде өрбіді.

«Медицина бір орнында тұрған жоқ»

–Ғалымжан Асанұлы, таяуда ғана ҚР Президенті халыққа кезекті Жолдауын жолдады. «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталған биылғы Жолдауда Елбасы келесі жылдың 1 шілдесіен бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы – 28 пайызға көбейетінін жеткізе отырып, бірнеше міндеттер жүктеді. Соның ішінде міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселесін зерттеген жөн дегенді айтты. Қазақстан бір рет мұндай тәжірибені қолға алды және ол сәтсіз аяқталды. Бұл қазақстандықтардың медициналық қана емес, жалпы сақтандыру деген дүниелерге деген сенімін жоғалтты. Дәрігер ретінде осы медициналық сақтандыру дегеннің ұтымды-ұтымсыз жақтарының ара жігін ажырата айтып беріңізші.
–Өз басым міндетті медициналық сақтандыруды енгізу қажет деп есептеймін. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Рас, кезінде мұндай тәжірибе елде сәтсіз аяқталды, ол кезде мемлекет жаңа ғана тәуелсіздігін алған, елді жұмыссыздық жайлаған кез, халыққа денсаулығына көңіл бөлу тұрмақ нан тауып жеу мұң еді. Қазір жағдай түзелді, адамның 85 пайызға дені сау болуы не болмауы өзіне, қалғаны дәрігерлерге байланысты. Адам өз денсаулығына деген жауапкершілікті өз мойнына алуы керек.
Былтыр Түркияға барып, медицинасымен танысып қайттым. Оларда медициналық сақтандыру кең қолданылады, азаматтардың табысының бірнеше пайызы сақтандыру полисіне аударылып отырады, жұмысы жоқтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалады. Түркия медицинасын екі мемлекеттің медицина жүйесін біріктіру арқылы жаңа жүйе жасау арқылы дамытып отыр. Олардағы денсаулық сақтау саласының осыдан он жыл бұрынғы және бүгінгі жағдайының арасы жер мен көктей. Бүгінде мұндағы клиникаларға әлемнің көптеген елдерінен науқастар келіп, ем қабылдап, операциялар жасатады.
–Биылғы Жолдауында Елбасы «Қазақстан медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады» дегенді айтты. Сіз айтып отырған Түркияға барып ем қабылдайтындар арасында қазақстандықтар да бар. Кейде телеарналар ата-аналардың балаларының сырқатын шетелдерде емдету үшін қаржылай көмек сұраған түсірілімдерді көрсетіп жатады, соған қарағанда Қазақстан медицинасы кейбір науқас түрлерін емдеуге әлі де болса қауқарсыз. Мұндай жағдайда медицина туризмін дамыту мүмкін деп ойлайсыз ба?
–Рас, біздің отандастарымыз Қырғызстан, Өзбекстаннан бастап, Қытай, Малайзия, Тайланд, Ресей, тіпті Еуропа, АҚШ-қа дейін барып ем-дом қабылдап, кейбір келіншектер шетелдерде босанып келіп жатыр. Бірақ, бізде де медицина өте қарқынмен дамып келе жатыр. Басқа жақты айтпағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының өзін алайық. Осыдан бес-алты жыл бұрын денсаулық сақтау саласы қандай еді, бүгін қандай? Облыста жүрекке операция жасалып, бүйрек ауыстыру – трасплантация жасала бастады. Бұрын мұнда орталықтар тек Алматы мен Астанада ғана болатын, соның өзінде кезек күтуге тура келетін. Ендеше, медицина бір орнында тұрған жоқ. Мемлекеттен медицинаға миллиардтаған қаржы бөлініп, құрал-жабдықтар алынуда. Жастар шетелге барып оқып келіп жатыр, мамандарымыз да шетелге барып оқып-тәжірибе жинақтап қайтуда, тіпті соңғы кездері ол жақтан мамандарды өзімізге шақыртып, шеберлік сыныптары өткізіліп жатыр. Егер өз қолымыздан келіп тұрса, азаматтардың шетелге шығып несі бар?! Расы керек, Елбасының «Қазақстан медициналық туризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады» дегені бізге – медицина саласы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Біз сол бағытта жұмыс істеуіміз керек, соған ұмтылуымыз керек.
–Жұқпалы аурулар дегенде, алдымен конго-қырым қанды қызбасы ойға оралады. Ауылда өстік, кене көріп өстік, бірақ кенеден адам өлгенін ести қойған жоқпыз. Бүгінгі кене неге соншалық қауіпті болып кетті?
–Конго-қырым қанды қызбасы – аса қауіпті жұқпалы аурулар түріне жатады. Аты айтып тұрғандай, ол алғаш Конгода пайда болған. Кейіннен Қырымда да осындай жәйт орын алған. Бізде бұрын кенеден келетін кеселдің табиғи ошағы – Созақ ауданы болатын, ал қазір қауіптің қай жақтан келетінін нақты білмей отырамыз. Өйткені, елде ішкі-сыртқы миграция жүріп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандары барлық ауданға шығып, кенелерді жинап, тексеру жасағанда 70 кенеде вирус бары анықталды. Бұл аса сақтықты қажет етеді, бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Кененің түрі көп, адамдарды шағып та жатыр. Мұның ішінде әлгіндей вирусы бар кенеге тап болудың ақырының не болғанына қайбір жылы Түркістанда орын алған жағдай дәлел. Содан беріде де мұндай жағдай кездесіп жатыр. Облыс бюджетінен мал қораларды, малдарды дәрілеу үшін қаржы бөлініп те жатыр, осының нәтижесінде осы бір қауіпті аурудың беті қайтқандай болып отыр. Бұрнағы жылы облыста осы диагнозбен 3 жағдай, былтыр 5 жағдай тіркелді. Оның бірі кісі өлімімен аяқталды. Мұндай жағдайда азаматтар жүріп алмай, денсаулығы сыр бере бастаса дереу дәрігерге көрінуі қажет, өткізіп алса, оны емдеу дәрігерлерге де қиын.
–Сіз медицинадағы соңғы бес жылдағы ахуалды мысалға келтіріп отырсыз. Рас, медицина саласына мемлекет мықтап көңіл бөліп жатыр. Бірақ, халықтың денсаулығын жақсартуға жағдай жасалынған сайын халық та аурушаң болып бара жатқандай, тіпті бұрын-соңды естіп-білмеген жаңа ауру түрлері де пайда болып жатқан сияқты…
–Жоқ, мен мұндай пікірмен келіспеймін. Мен өз салам туралы айтып көрейін. Мәселен, осыдан бес-алты жылдай бұрын «ана мектептің балаларынан «сары ауру» табылды», «мына мектептен А гепатиті шықты» деп шулап жататынбыз. Мен басшылық жасайтын жұқпалы аурулар ауруханасында тек қана «сары аурулар» жататын төрт-бес бөлімше бар еді. Бүгінде облыс бойынша мұндай науқастар жататын бір ғана бөлімше бар, ауруханаға аптасына бір-екі адам ғана түседі. Бұл А гепатитінің азайғанын көрсетеді.
Жаз айларында Оңтүстік жақта кездесетін өткір ішек инфекциялары да бұрынғыдан әлдеқайда азайды. Тұмаумен түсетіндер де азайды. Бұл, халықтың жағдайының жақсарғанынан, өз денсаулықтарына көңіл бөле бастағанынан деп білемін. Соңғы жылдары елдің көбі қыс басталмай жатып тұмауға қарсы екпе салдырып алады. Содан болар, тұмаумен ауруханаға түсетіндер саны жыл санап азайып келеді. Кейбір ауру түрлері мүлде кездеспейтін болды. Халық аурушаң болып болып барады дейсіз, ол кейбір азаматтарымыздың бұрыннан денсаулықтарына дұрыс қарамай, ауруын асқындырып алуынан. Ауру әбден меңдеп, өлуге жақындаған кезде келеді де, ем қонбағаны үшін дәрігерді кінәлайды. Елбасы қайбір жылы «дені сау ұрпақ, дені сау ұлт» туралы айтқан болатын. Ол үшін ата-ана бала дүниеге келмей жатып денсаулықтарына мән беруі керек. Биылғы Жолдауда қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыру жайы сөз болды. Біздегі медицинаның даму беталысы сол күнге де қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Бұрын-соңды естімеген жаңа ауру түрлері пайда болды дейсіз, біз кеңес дәуірінде білім алдық. Ол кезде Кеңес одағы жабық мемлекет болатын, бірен-сараны болмаса, сырттан турист кірмейді, елден ешкімді шығармайды. Содан егемендігімізді алдық, қайда барғыңыз келсе – ерік өзіңізде. Шет елмен байланыс артқан сайын жаңа ауру түрлері келе бастады. Бұл дәрігерлерден кез келген жағдайға дайын отыруды талап етеді.

«Жастар жұмыссыз қалмайды»

–Былтыр әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа көтеру жайлы мәселе қызу талқыланып, нүктесін Елбасының өзі қойып берді. Егер аналарымызды, әсіресе бейнеті ауыр ауыл әйелдерін 63 жасқа дейін жұмысқа жегіп қойсақ, 80 жасқа жету мүмкін бе?
–Менің бір білгенім, көп әйелдер зейнет жасына жетсе де қызметерін әрі қарай жалғастырғысы келеді. Мәселен, медицина саласында әйелдердің үлесі басым. Тәжірибелері мол, өз жұмысынан ләззат алса, олардың қолын неге қағуымыз керек? Меніңше, ол ешқандай қысым жасау емес. Сондай-ақ, әйелдерге қарағанда еркектер аз өмір сүреді, оны айналамыздан көріп жүрміз.
–Бұл проблема жастар арасында жұмыссыздықты арттырып жібереді деп ойламайсыз ба?
–Халық саны жыл санап артып келеді, жуырда ғана 17 миллионға жеттік деп бөркімізді аспанға аттық. Бір жылдары далада да, қалада да бүкіл қазақ жаппай баласын заң факультеттерінде оқытты. Баласының сот, прокурор, әкім не министр болғанын қаламайтын ата-ана бар ма?! Алайда, соның бірен-сараны болмаса, көбі дипломды сандықтың ішіне салып, айналып келгенде базарға шықты не құрылысқа кетті. Адам өмірдегі орнын өзі таба білуі тиіс. Елде үлкен зауыт-фабрикалар салынып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сөйтіп, бізде техника саласы мамандарына тапшылық бары сезілді. Бүгінгі жас – елдің болашағы, ел ертеңі солардың қолында. Елбасы кешегі Жолдауында мұнай мен газды шикізат күйінде экспорттап отырғанымызға қынжылыс білдіріп, алдағы уақытта соларды қайта өңдейтін зауыттар салу керектігін айтты.
Шымкент үшінші қала болады деп отырмыз. Осыған орай қалада құрылыс қызу жүріп жатыр, кәсіпорындар салынып жатыр. Осының бәрі маман керек. Ендеше, жастар жұмыссыз қалады деп қорқудың қажеті жоқ.
Рас, облыста медицина колледждері көп, бірақ олар да жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Халық саны артып, қала құрамына жаңа елдімекендер қосылып жатыр. Бұл – болашақта жаңа емхана-ауруханалар салынады деген сөз.
–Сіз – дәрігерсіз әрі үлкен бір аурухананың бас дәрігерісіз, мемлекеттен жалақы аласыз, сондықтан сізге жұмысты тастап шығып кетуге болмайды. Сіз, сонымен қатар, Шымкент қалалық мәслихатының депутатысыз. Осындай жағдайда сайлаушыларыңызбен кездесуге қалай уақыт тауып жүрсіз?
–Менің телефон номерім әрдайым қосулы, Шымкент қалалық әкімдігінің және мәслихаттың сайтында да мәлімет тұр, әр сейсенбі және бейсенбі сайын сайлаушыларымды өз кабинетімде сағат 15.00-17.00 аралығында қабылдаймын. Мен сайланған округке «Қазығұрт» шағын ауданы, К.Маркс және Құрсай елдімекендері кіреді. «Қазығұртта» ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды деген ағамыз бар, сол кісімен күн сайын хабарласып отырамыз. Егер мәселе туындай қалса, халықпен кездесеміз. Мәселен, былтыр мынадай жағдай болды: 2012 жылы бюджеттен 11 көшеге, 900-ден аса үйге газ кіргізуге қаржы бөлінді. Жыл соңында газдың кіргендігі туралы есеп беріліп қойылды, алайда сол газ былтыр жыл соңында ғана берілді. Былтыр көктемде қосамыз деген, жаз өтті, күз өтті. Газ жоқ. Халық шулай бастады, газ келеді деп бәрі дерлік пештерін алып тастаған. Ақсақалдармен бірге «ҚазТрансГаз-Аймаққа» бардық. Сөйтсек, мердігерлер кейбір талаптарды орындамаған екен, олар кемшілікті түзетуге уәде берді. Сонымен, газ жылдың соңында бір-ақ берілді ғой. Сол аралықта мәслихат сессияларында да бұл мәселені көтеріп, қала әкіміне депутаттық сауал жолдадым. Бұл орайда ақсақалдардың еңбегі зор болғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде Құрсайда жаңа мектеп салынып жатыр, құрылыс сапасын өзім де, ақсақалдар да қадағалап отырмыз. Оның үстіне өзім «Нұр Отан» партиясының бақылау постының төрағасымын, мектептің мерзімінде әрі сапалы бітуін өз тарапымыздан қадағалап отырмыз. Сол ауылда бұрынғы балалар бақшасының ғимараты бос тұрған, соның ЖСҚ-на, биылғы бюджетке енгізіліп, қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Жаңа балабақша биыл пайдалануға беріледі. №48 мектепке қосымша ғимарат салу үшін қаржы бөлгізуге ықпалым тиді.
Жалпы, мен сайланған округте шешімін таппай отырған өзекті проблемалар жеткілікті. Бірінші мәселе – жарық. Трансформаторларда жүктеме көп болғандықтан, жарық жиі өшіп қала береді. «Солтүстік» су магистралі іске қосылса, ауыз судың мәселесі шешіледі деп күтіп отырмыз. Үшінші мәселе – жол. Төртінші мәселе – транспорт.
–Мәслихаттың соңғы сессияларының бірінде Сіздер, депутаттар, игерілмеген қаржыны қаладағы орталық көшелердегі темір шарбақтарды ауыстыруға бөлуді бірауыздан қолдап жібердіңіздер. Қалада асфальт түгілі тас төселген көшеге зар болып отырған шағын аудандар бар, қаржыны сондай мәселелерге жұмсауға болмас па еді?
–Бүгінде қалада көлік апаты жиі орын алып жатыр, тіпті жаяу жүргіншілерді қағып кеткен жағдайлар да жиі кездеседі. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет. Мәселе осылай төтесінен қойылған кезде қарсылық таныта алмадық. Бұл мәселені бүгін құптамағанмен, ертең құптауға тура келетін еді.
–Бесінші шақырылым депутаттарының сайланғанына тура екі жыл толды, осы екі жылда Сіздер үшінші қала әкімімен жұмыс істеп жатырсыздар. Байқап жүргеніміздей, жаңадан келген әкімдердің бәрі де жұмысты орталық көшелердегі аялдамаларды ауыстырудан бастайды. Әр әкім келген сайын аялдамалардың стилі өзгеріп тұрады, бірі дүңгіршегімен қояды, келесісі дүңгіршексіз аялдама қойғызады. Қала сыртындағы қаншама көшеде аялдама жоқ, бүтін нәрсені бұза бергенше шағын аудандардағы көше бойларына неге орнатпасқа? Білгіміз келгені, Сіздер сондайда неге үнсіз қала бересіздер?
–Бүгінде қалада көлік көп, ол көлік кептелісіне апарып соғып жатыр. Содан бағдаршам жанынан қосымша оң жақтан өтетін көше жасауға тура келді. Кейбір аялдамалар тура сондай жерге орналасқандықтан, оларды көшіруге тура келді. Рас, кейде қарын аштырарлық тірліктер болып жатады, оның бәрі мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында айтылады. Бірақ, жалпылама көзге көрінетін жұмыс істеліп жатқан кезде біз сол жұмыстарға баға берміз.

«Балалар баратын жер жоқ»

–Сіз жоғарыда «Қазығұрт» жақтағы ақсақалдардың белсенділігін сөз еттіңіз. Жалпы, бүгінде қазақ қоғамында «ақсақалдар институты әлсіреп кетті, ақсақалдардың сөзінде дуа қалмады» дейтін пікір көп айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?
–Мен – ауылда өскен, ауылдың тәрбиесін көрген жігітпін. Үлкенді, ақсақалдарды сыйлап, алдын кеспей өстік. Өз отбасы ғана емес, әулетіне, қала берді ауылға сөзін өткізетін ақсақалдарды көрдім. Ара-тұра кездесетін кейбір шалдар үшін бүкіл ақсақалдарды кінәлауға болмайды. Мен жоғарыда айтып өткен ақсақалдар өз қара бастары үшін емес, ел үшін шырылдап жүр. Ардагерлер кеңесіне бөлінген бөлмеде сол маңдағы ауыл ақсақалдары жиі-жиі бас қосып, елдік мәселелерді талқылап отырады. Сондықтан «ақсақалдар институты жұмыс істемейді» дегенмен келіспеймін.
–Қоғамда көп әйел алу туралы мәселе оқтын-оқтын көтеріліп тұрады. Бұл мәселе жуырда қайта бас көтерді. «Қазақ байыса қатын алады» дегенді айтқан біз емес. Бұл мәселенің қайта бас көтеруі қазақтың байығанын көрсете ме?
–Мәселені мен басқаша түсіндіріп көрейін. Бүгінде елде түрлі себептермен тұрмысқа шықпай қалған қыздар көп. Мансап қуғаны ма, шетелге еліктегені ме, әйтеуір оң босағада отырып қалатын қыздар көбейді. Сонымен қатар, бүгінде ажырасуды намыс көрмейтін жағдайға жеттік. Мәселені қозғаушылар бұған демографиялық тұрғыда келген деп ойлаймын. Екінші-үшінші әйел болып тисе де, біреудің етегінен ұстап, бала сүйсе, қазақтың саны артар ма еді деген мәселе ғой.
Енді таяқтың екіінші ұшы бар. Жалпы, Табиғат-Ана – шебер. Дүниеге жүз ұл бала келсе, соған сәйкес жүз қыз бала туылады екен. Алайда, өсе келе ер жігіттердің саны біртіндеп азая береді. Бізде көлік апаттары, үлкен төбелестер қаншама жас жігіттің өмірін қиып жатыр, біраз жігіт жазасын өтеу орындарында жүр. Сондықтан да тепе-теңдік бұзылды да, бойжеткендердің саны артып, тұрмысқа шыға алмай қалуы сондықтан.
–Жуырда ғана Шымкентте тапа-тал түсте жасөспірімдер атысып, оқиға бір баланың өлімімен аяқталды. Негізі аса ауыр мұндай қылмыстар қалада жиі орын алып тұрады. Әйтеуір, бүгінгі бала қатігез, жауыз болып кеткендей. Баланың бетін қайтсек бері қарата аламыз?
–Меніңше, ол үшін алдымен телеарналардан зұлымдықты, атыс-шабысты насихаттайтын киноларды беруге тыйым салу керек. Бір-бірімен атысып-шабысып отыратын компьютерлік ойындар да көп, соны да түбірімен құртпай, бала тәрбиесін дұрыс жүргізу мүмкін емес. Әйтпесе, үйде қанша жерден тыйым салсақ та, бала оған тоқтамайды. Бұған мемлекет тарапынан тыйым салмаса болмайды.
Бүгінде ата-ананың бәрі жұмысбасты, таңда кетеді, кешке келеді. Күндіз баласы кіммен жүр, не істеп жүр – қадағалау азайды. Тәрбие осыдан ақсайды. Бала тәрбиесін осылай босаңсытып алдық, босаңсытып қана қоймай қараусыз қалдырдық. Соның нәтижесін енді көріп жатырмыз. Түрлі секталар, теріс діни ағымдар көбейді. Бала кез келген қылықты тез қабылдайды. 13-15 жастағы бала – жанып тұрған от, олардың бойында энергия көп. Сол энергияны, күш-қуатты қайда жұмсарын білмейді. Сондай кезде оларды қалай қарай бағыттаймыз – сол жолмен кетеді.
Мен өз округімді айтайын, ол жақта балалар баратын жер жоқ. Төрт-бес сырахана-дәмхана бар, жасөспірім ол жерде арақ ішу, темекі шегуді үйренеді. Бұл, әсіресе, жоғары сынып оқушыларына және жаңадан мектеп бітірген балаларға қатысты. Футбол не волейбол ойнайын десе спортзалдар мен алаңдар мектептің өзінен артпайды. Оның үстіне бүгінде мектептер бөтен адамды мектеп маңына жуытуға қорқады. Сөйтіп жүріп жасөспірім түрлі пәлеге ұшырап жатады. Егер түрлі спорт секцияларын ашып тастасақ, балада сабақтан кейін ерігіп жүруге уақыт болмас еді. Баланың бәрі жаман емес, жақсы балалар да көп.
Бүгінгі жастарды байқайсыздар ма, бәрі дерлік арақ ішпейді, оқып жүріп бизнес ашуды, дүние тауып аяққа нық туруға әрекет жасайды. Сонан соң олар иманды. Кеңес одағының көзін көрген менің замандастарымның көбі дінге әлі біржола бет бұра алма жүр, ал жастардың аузынан «Алласы» түспейді.
Бала – болашақ ата-ана, сондықтан оларды жастайынан денсаулығын күтуге, ол үшін спортпен шұғылдануға бағыттауымыз керек. Денсаулық – дені сау ұрпақ, дені сау ұлт болып қалыптасуымыз үшін керек.
–Енді Сіз айтып отырған ауылдарда спорт кешендерін немесе алаңшаларды салуға не кедергі?
–Мәселенің бәрі жерге келіп тіреле береді. Кезінде жер телімдері бей-берекет, жоспарсыз берілген екен, тіпті көше түсетін орынға да үй салынып кеткен жағдайлар кездеседі. Осының өзі көп мәселенің шешілуіне қолбайлау болып отыр.
Былтыр мектеп жанынан спорт алаңшаларын салу туралы мәселе көтеріліп, бірқатар мектептерге 3,5–5 миллион теңге шамасында қаржы бөлінді. Мұнда да жерге қатысты мәселе алдымыздан шықты. Сондай-ақ, үлкен теннис алаңшаларын салатын да жер жоқ. Осындай түрлі үйірмелер ашып тастасақ, болашақ Олимпиада чемпиондарының ауылдардан шықпасына кім кепіл?! Біз соларға жағдай жасай алмай отырмыз.
Бұл мәселелер сайлауалды бағдарламамда болған, әлде де сол мақсатта жұмыс жасап жатырмын.
–Сіздер қалалық мәслихатта бірнеше депутат барсыздар. Ендеше, Сіздерге өз округтеріңіздің ғана емес, Шымкенттегі медицина саласының жоғын жоқтауға тура келеді. Сіздіңше, Шымкентте осы салада қандай өзекті проблема бар?
–Шымкентте барлық емханалар орталықтандырылып жатыр, емханалар саны 11 болды. Елбасы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері ғана емес, жеке секторға да көңіл бөлуді тапсырды. Егер жекеменшік медицина орталықтары мемлекеттік меншіктегі мекемелерден артық қызмет көрсетіп жатса, мемлекеттік тапсырысты неге соларға бермеске?!
Шымкентте емханаларда кадр тапшылығы дейтін проблема бар, бірінде кардиолог, екіншісінде невропатолог жоқ. Мамандар болса, кабинет жетпейді.
Бас жоспарға сәйкес Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, халық саны да артып келеді. Осыған сәйкес қосымша проблемалар туындап отыр. Қала құрамына қосылған соң заман талабына сай емханалар салынуы тиіс, орта медицина қызметкерлерінен тапшылық көре қоймаспыз, бірақ бұл дәрігерлер тапшылығын тудыруы әбден мүмкін. Кейде жас мамандарды жұмысқа қабылдап, көңілді енді демдей бергенде, олар жекеменшік медорталықтарға кетіп қалады. Өйткені, онда жалақы жоғары. Шымкент үшінші қала болуға бағыт алды, жаңа шағын аудандар салынып жатыр, сондықтан да болашақта біз атқаратын шаруа көп болмақ.
–Ғалымжан Асанұлы, «Уақыт» газеті үшін алтын уақытыңызды бөліп, сұхбатқа келіскеніңіз үшін үлкен рахмет!

Гүлжамал МҰСАЕВА