«Жазушылар одағын Алматыдан Астанаға көшірген жөн»

342
0
334745208a8e0ebb769a2ccc314999be

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:

Өткен аптада Шымкентте Жамбыл облысының Оңтүстіктегі мәдениет күндері өтті. Аталмыш шараға Алматыдан ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы да келіп қатысқан болатын. Ақын өмірінде, шығармашылығында не жаңалық болып жатыр, мұны Маралтай ақынның өзінен сұрап білдік. 

– ҚР Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин ҚР Сенатына депутат болып кетті, бірақ төрағалық қызметті әлі тапсыра қойған жоқ. Соңғы кездері ақын-жазушылар дүрлігіп, Оразалиннің орнын тапсыруын талап етіп жүр. Осыған орай ұлт зиялыларының бір тобы Елбасының атына Ашық хат жариялап та үлгерді. Төраға – Астанада, одақ – Алматыда, жұмыс қалай жүріп жатыр?
 – Бұрын Жазушылар одағының сырт жағында тұрып сөйлейтін болсақ, бүгінде ішіндеміз. Сырттай қарағанда одақта отырғандар жұмыс істемейтіндей көрінеді, бірақ мұнда жұмыс қайнап жатады. Бүгін пәлен ақынның пәлен жылдығы Алматыдағы бір сарайда болып жатса, тура сол күні екіншісінің бірдеме жылдығы қаланың екінші басындағы концерт залында өтіп жатуы мүмкін. Әйтеуір күніміз бос өтпейді. Жұмыс көп. Егер Оразалиннің орнына басқа біреу келсе де, жұмыс сол жоспармен, осы бағытта, біз жасап отырған деңгейде ғана атқарылады. Біз бар мүмкіншілігімізді сала отырып, жұмыс жасап жатырмыз.
Қазір біз ақын-жазушылардың кітаптарының жарық көруі, басқа да шет мемлекеттермен араласуы бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Осыдан біраз жылдар бұрын одақта жұмыс мүлде тоқтап қалғандай болған. Жұмыс Оразалиннің кесірінен тоқтап қалған жоқ. Біз мынаны түсінуіміз керек, қоғамның әр кезеңінің өз мүмкіншілігі болады. Ал дәл қазір қоғамда қандай мүмкіншілік бар,  Одақ сол мүмкіншілікті пайдалана отырып жұмыс істеп жатыр. Одақтың өзінің  қалыптасқан дәстүрі бар, бағыты бар, жолы бар, сол жолмен келе жатыр.
– Сіз ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңеске мүше болып қабылдандыңыз, яғни сіз жастардың проблемасын көтеруге тиіссіз. Сіздің көзқарасыңызша, бүгінгі жастардың басты проблемасы не?
– Аталмыш кеңестің 49 мүшесі бар, тізім бойынша мен соның ең соңғысымын. Бұл ҚР Президентінің Жарлығымен бекітіледі екен. Бұл жерде жастардан мәселесі көтеріліп отырады, ал шығармашылықта жүрген азаматтардан жалғыз өзіммін. Маған әдебиет, мәдениет туралы ғана емес, жалпы өнер туралы мәселе қаузауға тура келеді. Қазірше кеңесте жастардың мәдениеті, руханияты, әдебиеті тұрғысында ешқандай отырыс өткен жоқ. Бірақ, осы уақытқа дейін мен әр жиын сайын сөз сұрап алып, шығармашылық жолында жүрген жастардың мәселесін көтеріп келемін, мұны өзімнің парызым санаймын. Жуырда Талғар қаласында кеңестің 16-шы көшпелі отырысы өтті, сол кезде жастар мәселесі төңірегінде жеті мәселе қозғадым. Тілі мен тарихы, мәдениеті мен әдебиеті дамыған ел ғана Мәңгілік ел бола алатынын тарихтан білеміз. Сол себепті мен кеңес мүшелерінен келесі отырысты қазақ әдебиетіне, оның ішінде жастар әдебиетіне арнауды ұсындым да, жастар әдебиетінің жеті даму бағытын ұсындым. Біріншіден, тек қана әдебиетші жастарға арналған жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтіп отыратын фестиваль ұйымдастыру және шет мемлекеттерде өтетін фестивальдарға жастарды жіберіп отыру керек. Екіншіден, қазақстандық көркем ойлау жүйесі брендін қалыптастыру үшін жастар шығармашылығының кеңінен насихатталуынжүзеге асыру керек. Мемлекеттік телеарналардың бірінен жастар әдебиетіне арналған айына төрт сағат шығып отыратын бағдарлама ұйымдастыру керек. Үшіншіден, жастар шығармашылығының шет тілдерге жүйелі түрде аударылуын қамтамасыз етуіміз керек. Төртіншіден, жас қаламгерлердің ұлттық және жалпыадамзаттық дүниетанымы мен отаншылдық қасиеттері беки түсуі үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша әдебиет саласына жыл сайын екі квота бөлу. Бесіншіден, «Әдебиетші Қазақстан» және «Көшпелі кітапхана» секілді айдарлармен жастар шығармашылығын кеңінен насихаттаудың концептуалды бағдарламасын құру. Бұл бағдарлама аясында жас қаламгерлердің республиканың барлық аймақтарына сапар жасауын қадағалап, шығармашылық кештерін өткізуді қамтамасыз ету. Алтыншыдан, «Жастар әдебиетін қолдау» қорын құрып, сол қордың құрылтайшылығымен «Жастар әдебиеті» журналын және порталын құру. Мұны мемлекеттік бюджеттен немесе бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін пайдалана отырып қаржыландыру. Соңғы мәселе — Қазақстан Жазушылар одағын Алматыдан Астанаға көшіру. Бұл – жаңа, сергек ойлайтын әдеби элитаның қалыптасуы және оның Астанаға шоғырлануын қамтамасыз етер еді.
Мәселен, кеңестің 14-ші көшпелі жиыны  Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Оған кеңес төрағасы Абдулла Әбдірахымов пен ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов те қатысты. Сол кезде мен үш-төрт мәселе көтердім. Бізде Абай, Шәкәрім, Махамбет оқулары деген өтіп тұрады, осыларға мемлекет тарапынан грант тағайындалса дедім. Жастар шығармаларының шет тілдерге аударылуы, шығармашылықта жүрген жастарға әр облыстан 5 жас азаматқа пәтер берілсе деген ұсыныстарымды айтқанмын.
– Cіз жаңа Жазушылар одағын Астанаға көшіру туралы идея айтып қалдығыз, бұл ақын-жазушы аға-апаларыңызға ұнайды деп ойлайсыз ба?
– Әрине, бұл менің жеке пікірім. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары ретіндегі емес, азаматтық тұрғыдағы пікірім. Ақындық жағынан осылай болса дұрыс болар еді-ау деген ізгі ниетпен туындаған ұсынысым еді. Бұл менің жеке ұсынысым болып қала береді.
– Сіздің әдебиеттегі аға-апаларыңыздың көбінің сұхбаттарын оқи қалсақ, реніштері көп. Өмірге, қоғамға, билікке, бір-біріне… Сіздің не өкпеңіз бар?
– Қазір біреуге біреудің өкпелейтіндей жөні жоқ, әркім өзі үшін талпынуы керек. «Алма піс, аузыма түс» деп жататын дәурен өткен. Қоғамның ешкімді аямайтын өз өмір сүру заңдылықтары бар, біз соған бейімделуіміз керек. Қазір өз басым осы елдің тыныштығын қолдаймын. Жалғыз мен емес, елдің бәрі соны қалайды. Сол сияқты қаламгер мен қаламгердің арасында ымыра болғанын қалаймын. Қазақ әдебиеттегі сол кісілерге қарап бой түзейді, біздің арқамызда осындай жүк тұр. Ақын-жазушылар – ұлттың бағдаршамы, компасы.
– Бүгінгі жастар кітап оқымайды дейтіндер көп. Бірақ ғаламторға үңілсек, жастардың шығармашылығына арналған сайттар көп. Осыған қарап, жастар кітап оқымайды деп кінәлауымыз дұрыс емес шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, біз кітаппен өстік, интернетті мегерген бүгінгі жастардың мүмкіндігі бізден әлдеқайда көп. Жастар керегін ғаламтор арқылы табады. Байқауымша, жастар арасында поэзиямен «ауыратындары» да көп. Поэзия дейтін дәрумен сияқты ғой, кез келген адам өзінің жоғын поэзиядан табады, содан іздейді, өз сезімін өзгенің поэзиясы арқылы кейіпкеріне жеткізе алады. Жалпы, қай дәуірде, қай кезеңде болмасын, аға ұрпақтың өзінен кейінгі ұрпаққа көңілдері толған емес. Солай болуы заңды да.
– Сіз қайбір жылдары Елбасыға арнап «Көшбасшы» деген поэма жаздыңыз, сонда сізді сол үшін кінәлаған ақын-жазушылар көп болды. Қарап отырсақ, өз заманында Мұқағали ақын да «Ильич салған ізбенен» деп жазған. Бірақ, сол үшін қазақ Мұқағалиды жек көріп кеткен жоқ қой…
– Сол кезде мен таза емес жерді басып кеткендей көрді көбісі. Талай ағаларымыз сұхбат арасында мен туралы артықтау сөздер айтып жатты. Ғаламторда да мені жазырғандар көп болыпты. Өзім сол интернет дегенді біле бермеймін, жанашыр дастарым жеткізіп жатты. Кейіннен Елбасы туралы шыққан кітапты қарап отырсам, мен туралы пікір айтқан ағаларымыздың өзі де Елбасыға арнап өлеңдер жазған екен. Таң қалдым.
– Біз қазір іздегенімізді ғаламтор арқылы табуға тырысамыз, бірақ сіздің дүниелеріңізді табу бізге мүлде қиын. Кітаптарыңыз да қолға түсе бермейді. Шығармашылығыңызда не жаңалық бар?
 – Осы мәселе үнемі алдымнан шығады да тұрады. Енді осы мәселені қолға алмасам болмайды екен. Бұл – заманның ағысы, содан қалуға  болмайтын шығар деп ойладым. Алдағы уақытта сайт ашуды қолға алатын шығармын. Соңғы кітабымның шыққанына бес жылдан асып кетіпті. Жақында бір баспадан жаңа кітабым шыққалы жатыр, алдын-ала ештеңе айтпай-ақ қояйын. Барған жерде бәрі кітабымды сұрайды. Өз кітабым өзімде жоқ.
– Өзіңізді тапқанмен, өлеңіңізді таппаймыз…
– Гүлнар Салықбаевадан бірде кітабын сұрап барғанымызда «Өз кітабым өзімде жоқ» деген еді. Сонда таң қалғанбыз. «Кітабын беруге қимай тұр ғой» деп ойлағанбыз. Сол жағдай өз басымызға түсті.
 – Сіздің  өлеңдеріңіз газет-журналдарға да шықпай кетті. Себебі не? Әлде өздері сұрасын деп жүрсіз бе? Ел оқымаса, білмесе өлең жазып керегі не сізге?
– Жоқ, олай емес. Сұраған жерлерге беріп тұрамыз. Сұрамаған жерге «өлеңімді басшы деп жылтыңдап ұсыныс жасау ыңғайсыз сияқты. Бірақ, байқағаным,  «көзден кетсе көңілден де кетеді» деген рас екен. Баспасөзден, басқа жерден шықпаған соң бірте-бірте  ұмытыла бастайды екенсің.  «Кентавр» деген кітабым үш тілге аударылып, Лондонда жарыққа шықпақшы. Енді сол шамалы бітпей тұр. Алдымен орыс тіліне, содан ағылшын тіліне аударылады, соның орыс тіліне аудармасы бітпей жатыр.
– Өлеңнің  мағынасы өзгеріп кетеді деп қорықпайсыз ба?
– Ондай уайым бары рас. Бірақ, «торғайдан қорыққан тары екпейді» деген бар, қарап отыра берсем тағы болмайды ғой. Орыс тіліне жақсы аударылуына мән беріп отырмыз. Бір қызығы, орыс тіліне аударған нұсқасын ағылшын мамандары жаратпай тастапты. Олардың аударманың көркемдік сапасына көңілдері толмапты, соған ішім жылып қалды. Бұл шаруа да келесі жылы аяқталып қалар деген сенімдемін. Ағылшын тіліне аударылатын кітаптарды сарапшылар әлеуметтік желілер арқылы сауалнама нәтижесі бойынша таңдапты, бұл оқырман таңдаған үш кітаптың бірі. Бұл – менің ғана емес, қазақ елінің мәртебесі деп ойлаймын.
– «Уақыт» газеті үшін уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлжамал МҰСАЕВА