Атамқұлов оң-солын танып үлгерді ме?
Былтырғы тамыз айында ел аумағындағы ең ірі үштіктің қатарына енетін Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы Бейбіт Атамқұловтың қолына Елбасы тарапынан үлкен сеніммен берілген болатын. Одан бері сырғып 11 ай мерзім де өте шықты. «Осы уақыт ішінде не атқарылды?» деген сауалдың туындауы сөзсіз.
Рас, алғашқы сәттерде жаңа басшының тарапынан біраз іркілістер болды. Оңды-солды кадрдың сапырылыстырылған ауыс-түйісі орын алған жоқ. Бірақ бұрын дербес басшылықта, оның ішінде әкімдікте мол тәжірибесі болмағандықтан шығар Бейбіт Бәкірұлы істің аңдысын талғамға салғандай көрінді. Бұл баяулық біздің басылымның назарынан тыс қалмады. Қос бірдей сын мақала жарық көрді. Әкім оны дұрыс қабылдап, тиісті жауабын берді. Одан беріде өткен уақытта бір байқағанымыз облыс басшысы билікті тас түйін қолға алып, талапты да, қатаңдықты да қатар жүргізді. Ара-арасында кадрлар орын алмасты, жаңадан тағайындаулар болды. Төменгі буындағы билік басшыларына әкім тарапынан ұсыныс айтылып қана қоймай, кәдімгідей салиқалы сұраныстың болғандығы байқалды.
Алда ел алдында жылдық есеп беретін кез жақындап келеді. Неден ұтты, неден ұтылды? Міне сол есептік мерзімде артта қалған жұмысқа, оның бары мен жоғына сындарлы сараптама жасалынып, толық талдау болмақ. Биліктің ұтқаны, ұтылғаны сол уақытта таразы сынына түсері хақ.
Үлкен есеп берілер алдында біз өңірдің зиялы қауымынан, кәсіп иелерінен, жалпы жұртшылықтан облыс әкіміне тиісті баға берер толғамды, талғамды пікірлер мен ұсыныстар күтеміз. Ол біржақты саясатты ұстанып қоймай, облыс басшысының жұмысының жүйеленуіне, тың бастамалардың қозғаушысы болуына, облыстың әл-ауқаты мен экономикасының, саясатының ілгерілеуіне өзінің пайдасын тигізіп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Тұщымды ойлар топтамасы «Уақыттың» бетінде әркез жарық көретіндігіне көпшіліктің назарын баса аударғымыз келеді.
Шындығында да, Бейбіт Атамқұлов бір жыл ішінде оңы мен солын толық танып үлгере алды ма? Үлгерсе оның берген пайдасы не? Пікір өздеріңізден, қалың қауым.
«Уақыт».