«ФРОНТ-ОФИС» ашылды

341
0

Тұңғыш рет Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан жаңа мемлекеттік қызмет көрсету орталығы – «ФРОНТ-ОФИС» ашылды. Тұсаукесер шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

Қаладағы Т.Рысқұлов көшесі №8А мекен-жайында орналасқан бұл офис бүгінде ТМД-дағы теңдесі жоқ жоба болып отыр. Мұнда қалалық әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлық түрін бір жерден «Бір терезе» жүйесі арқылы ұсынады.

Сала жауаптыларының айтуынша мемлекеттік қызмет көрсетудің бұл түрі бизнес жүйесінің өкілдеріне сенім береді. «ФРОНТ-ОФИС» жүйесі өтініш иесінің құжаттарын қабылдау кезінде арнайы бақылау коды арқылы беріліп, тіркеуге алынған құжат штрих код арқылы әкімдіктің тиісті бөліміне жөнелтіледі. Өтініш қысқа мерзімде қаралған соң, жауабы «Фронт-офиске» бағытталып, тұрғындарға беріледі немесе өтініш иесінің электронды мекен-жайына жіберіледі. Сондай-ақ өтініш иелері бақылау коды арқылы өтініштің қаралу барысы жөнінде мәлімет алуға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар қала тұрғындары бұл жобаға «shymkent.gov.kz/frontoffice» сайты арқылы кіруге немесе байланыс орталығының 545-545 телефонына қоңырау шалу арқылы ақпарат алуға болады. Бұл бір сөзбен, ыңғайлы, жылдам әрі заман талабына сай қызмет түрі болып саналады. Айта кетерлігі, бұл кеңседе 25-26 маман еңбек етіп, 400-ден аса қызмет түрін көрсететін болады деп жоспарланып отыр. Барлық өтініш, сұрақтарға ҚР Заңнамасында белгіленген мерзімде жауап берілетін болады.