«Шынайы өнер-цирк» облыстық байқауы өтті
Халықаралық цирк күніне орай «Шынайы өнер-цирк» облыстық байқауы ОҚО аудан, қалаларындағы оригиналды цирк жанрындағы әуесқой өнерпаздар арасында өткізілді. Өнер додасына 11 үміткер қатысып өз өнерлерін көрсетті.
Шараның мақсаты — Оңтүстік-Цирк мекемесіне өңіріміздегі жас дарындарды топтастыру, оларға қолдау көрсету, келешекте кәсіби маман ретінде шыңдауға жол ашу болып табылады. Цирк жанрына өз бетінше талпына өсіп келе жатқан жас дарындар ішінде бәйдібектік 3 жастағы Ерасыл Бейсалы мен Сайрам ауданынан 5 жасар Шершод Муратжановтар да бар.
Байқауға қатысушылар клоунада, акробатика, иллюзия және фаер-шоу, иога, кір тастарын көтеру сынды түрлі жанрда өнер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Бәйдібек ауданынан келген «Балауса» акробатикалық тобы лайық деп танылды.
Бірінші орын және цирк ардагерлері тағайындаған арнайы жүлдеге Созақ ауданы, Қ.Кемелбекұлы атындағы жалпы орта мектептің иллюзиянисттері ие болды. Оңтүстіктегі цирк өнерінің майталманы,Бәйдібек ауданының тумасы Ж.Шекербеков атындағы арнайы жүлдемен Сайрам ауданынан келген жас сиқыршы Равшанбеков Шахжаһон марапатталып, И.Ниязов атындағы жүлде қазығұрттық акробаттар тобына бұйырды. Сонымен қатар, »Ең үздік нөмір» номинациясымен Сайрам ауданынан Анартаев Дилмурат марапатталып,»Экстрималды нөмір» номинациясы сарыағаштық З.Саадуллаевқа берілді. «Ең жас қатысушы» номинациясы Сайрам ауданынан Ш.Мұратжановқа тапсырылса, «Көрермен көзайымы» номинациясы Шымкент қаласының қатысушысы Э.Мансадовқа еншісіне берілді.
Суретті түсірген: Асхат Әсетұлы.