ТЕРІСКЕЙДЕ «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» БАЙҚАУЫ ӨТУДЕ
Созақ ауданы, «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Сүгір Әліұлының 135 жылдығына арналған «Күй құдіреті» облыстық күйшілер байқауы басталды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармамасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, Созақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін байқаудың мақсаты — қазақ халқының мәдени мұрасының бірегейі – күй өнерін бүгінгі ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, еліміздің белгілі күйші композиторларының шығармаларын халыққа таныстыру, дәстүрлі күй орындау өнерін дамыту және талантты күйшілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады.
Байқаудың ашылу салтанатында Сүгір Əліұлының 135 жылдығына орай Созақ ауданының 135 күйшісі «Бозінген» күйін орындады.
Дəулескер күйші С.Əліұлын еске алуға арналған өнер додасын Созақ ауданының əкімі Полатов Салыхан Сабырұлы және облыстық мəдениет басқармасының басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы құттықтау сөзбен ашып берді.
Күнгейдің күйшілері сынға түскен байқауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Мұханғалиев Қуанышбек Жанболатұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, «Сырдария» университетінің профессоры, күйші-дирижер Бөрі Иса, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің аға оқытушысы Анашев Марат Ильясұлы, А.Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебінің оқытушысы Жүзбаев Ерғали Әлімханұлы, күйші-композитор, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры міндетін атқарушы Бейсеқожаев Нұрсат Саттарұлы төрелік жасауда.
Байқауға облыстың барлық аудан, қалаларынан іріктеуден өткен 16-35 жас аралығындағы 26 үміткер қатысуда.