ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ АЙҒАҒЫ

186
0

Ана тілі… жүректің терең сырларын,
басынан кешкен дәуірлерін,
қысқасы жанның барлық толқындарын
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қазына.
Ж.Аймауытов.
Қазақ тілі –қазақ халқының ана тілі, әдеби тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл достықтың дәнекершісі, мәдениетіміздің көрсеткіші. Тарихымыз –өткеніміз бен бүгініміз және ертеңгі болашағымыз сол тіл арқылы сыр шертеді. Мемлекеттік тілді дамыту – ел саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі десек «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндері тізбесін бекіту туралы» №689 Қаулысының негізінде айтулы мерекелердің арасында Қазақстан халқы Тілдері күні 5 қыркүйекте атап өтілетін болады. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. Мұхтар Әуезов: «…Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі» деп баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тілдер күнімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай болмақ. Елбасымыз: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде, тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ат-баба алдындағы ұлы парызымыз! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған –оның ғажайып тілі. Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деген. Ендеше осындай айтулы мерекемен Төлеби ауданының тұрғындарын, оқырмандарды, аудан қонақтарын Қазақстан халқы тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Асыл қазына тіліміздің мәртебесі биік, абыройы үстем болсын!
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы Ә.Әсілбек

90