РАМАЗАН АЙЫНДА ЖЕТІМ МЕН ЖЕСІРЛЕРГЕ МЕЙІРІМ ТАНЫТУЫМЫЗ КЕРЕК

206
0

Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар Рамазан айында жомарт жандарды, кәсіпкерлерді, халыққа жанашыр азаматтарды, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге, қайырымдылық жасауға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақыруымыз қажет.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен қасиетті Рамазан айына қатысты баспасөз мәслихаты кезінде  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді осындай ой айтты.

Жиында Рамазан айының қасиеті мен ораза ұстаудың адам жанына тигізер пайдасы төңірігенде келелі кеңестер айтылды.

Жиынға Түркістан қалалық орталық «Хилует» мешітінің бас имамы Жүсіпбек Қасымбеков, Түркістан қалалық еңбек және соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбаймбетов және облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов қатысып, олар журналистер сұрағына жауап берді. Дін өкілдері қасиетті айда адамзат өзін тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды жаман әдет-қылықтардан аулақ болу қажеттігіне тоқталып өтті.  Өйткені, ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ, құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Және олар құлшылық кезінде амалдарымызды көбейту, көбірек Алланы еске алу, жиірек Құран оқу абзал екендігін айтты.

Ал зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз.  Бас имам зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылатынын айтты.

uakit.kz