ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ 20 ҚАЗАНДА БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласы әкімінің өкіміне сәйкес, 2022-2023 жылғы жылыту маусымы 20 қазаннан басталады. Ескере кететін жайт, жылумен әуелі аурухана, балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік маңызы бар ғимараттар қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1987 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылыту маусымына дайын. 15 жылу қазандықтар мен 17 сорғы стансалар да толық дайын. 19,4 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Қаламызда көмір қоры жеткілікті.

Естеріңізде болса, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен қыс маусымына дайындық жұмыстары турасында жиын өткен болатын. Онда тиісті сала басшылары жылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте 18 жылу қазандығы дайын тұр. Халыққа қажет көмір қоры да жеткілікті.  Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбековтың айтуынша, инфрақұрылым жүйелерінің жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Игілік, Жиделі және Сайрам тұрғын алаптарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газ қысымын өлшеу жұмыстары және «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қарасты су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары толық орындалған. Қазіргі уақытта қалада сала мамандары жылу маусымына дайындық барысын тексеріп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, тұрғын үйлерді тексеру барысында Еңбекші ауданына қарасты Теріскей шағынауданындағы 2 тұрғын үйде және Әл-Фараби ауданына қарасты Ғ.Ильяев көшесіндегі 1, Түркістан көшесіндегі 1 тұрғын үйде дайындық жұмыстары жүргізілмеген. Бұл бойынша тиісті шаралар қабылданып, жұмыс атқарылуда.

Жиналыс соңында қала әкімі басқарма басшыларына бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтар болсақ, жоғарыда аталған олқылықтардың орнын толтыру қажетін айтты. Сонымен қатар қыс маусымына дайындық жұмыстарын, оның ішінде жекеменшік электр қуатын тартатын кәсіпкерлердің қысқа дайындығын анықтау мен зерделеу бойынша комиссиялық топ құруды тапсырды.