«СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУДА» САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

235
0

Шымкент қаласының Полиция департаменті алдағы 25-мамырда өткізілетін «Соңғы қоңырау» және 12-маусымда мектеп бітірушілер үшін ұйымдастырылатын «Аттестат тапсыру» іс-шараларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын пысықтау бойынша мәжіліс өткізді. Бұл туралы uakit.kz Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оған Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жумаханбетов, аудандық полиция басқармалары басшыларының орынбасарлары, қалалық ішкі саясат пен білім басқармаларының өкілдері, мектеп директорлары, ата-аналар комитеті және қонақ үй меңгерушілері қатысты.

Өткен жылы Шымкентте дәл осы «Соңғы қоңырау» іс-шарасынан соң бірқатар оқушылар қонақ үйлер мен демалыс орындарынан орын алып, көңіл көтеру кештерін өткізгені туралы деректер болған. Бұдан бөлек мектеп оқушыларының жол талғамайтын қымбат көліктерді жалдап шерулер өткізгені де белгілі. Аталған жиында осындай келеңсіздіктерді алдын алу шаралары талқыланды. Осыған орай, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Е.Жумаханбетов әрбір мектепке 10 полиция қызметкері бекітілетінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылы 25-мамырда Шымкентте орналасқан 142 мектепте болатын «Соңғы қоңырау» шарасы сағат 08:30-11:00 аралығында өтеді. Сол күні кешкі сағат 20:30-23:00 аралығында «Әл-Фараби» алаңында Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен мектеп бітірушілерін құттықтау іс-шарасы болады. Ал «Аттестат тапсыру» іс-шарасы барлық 142 мектепте 12-маусымда өткізіледі. Іс-шара мектеп ғимаратында өтеді.

uakit.kz