УЛЫ ГАЗДАН САҚ БОЛ!
Түркістан қаласындағы №1 А. Байтұрсынов атындағы мектеп лицейінде «Улы газдан сақ бол!» атты іс-шара өткізілді,-деп хабарлайды uakit.kz қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне сілтеме жасап.
Орта буын сынып оқушылары қамтылған іс-шара кезінде мектеп мұғалімдері оқушыларға улы газдың қаупі туралы түсіндірді. Өз кезегінде мектеп директоры Д. Құдайбергенов оқушыларға улы газдың қаупі туралы «Көмірқышқыл газының ең жаман қасиеті – оның ешқандай иісі жоқ, сондықтан оның буларының ауада болуын арнайы құрал-жабдықсыз анықтау мүмкін емес. Көмірқышқыл газының негізгі улы компоненті – көміртегі тотығы. Көміртек тотығы (СО) – түсі, иісі, дәмі жоқ газ. Адам оны деммен жұту кезінде сезбейді, сондықтан улану байқалмайды. Улы газ ауаға таралса өрт тудырады. Әдетте улы газдың ауаға таралуына пештердегі жарықтар, бітелген мұржалар, бітелген құбырлар себеп болады»,-деді.
Сонымен қатар аталған іс шара кезінде оқушыларға ата-ананың бақылауынсыз қалған жағдайда пешке жақындау, газ плиталарын қосу балалар өмірі үшін өте қауіпті жағдайға апаратын құбылыс екені айтылды.
Шараның басты мақсаты –азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау, төтенше жағдайлардың алдын алуды іске асыру, оқушыларды қандай да бір сыни жағдайда өзін-өзі ұстау ережелеріне үйрету.