ЖАЛАҚЫ БЕРУДЕГІ ЗАҢСЫЗДЫҚТЫҢ БӘРІ ЖІТІ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Былтыр еліміздің кейбір мектептерінде мұғалімдер өздеріне тиесілі жәрдемақыны толық көлемде ала алмаған. Мәселен, еңбек демалысына немесе іс сапарға шыққанда берілуі тиіс ақшаның ұстаздарға тек белгілі бір бөлігі ғана төленген, деп хабарлайды uakit.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
«2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ұстаздарымызға 119 миллион теңгеге жуық қаражатты қайтарып бердік. Жалақылары дұрыс есептелінбеген. Еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру жәрдемақысы да дұрыс төленбеген. Іс-сапар шығындары толық берілмеген», — дейді қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева.
Мысалы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылындағы Смаилов атындағы орта мектептің 40-қа жуық мұғалімі еңбек демалысына шыққан кезде берілетін жәрдемақыны толық көлемде алмаған. Бұл келеңсіздікті кәсіподақ өкілдеріне аталған мектептегі ұстаздардың бірі телефон арқылы жеткізген. Нәтижесінде кәсіподақтың араласуымен мұғалімдерге төленбеген қыруар қаражат педагогтарға санап берілген.
Өз сөзінде Айгүл Мұқашева бұл елде бар проблема екенін, алдағы уақытта мұндай заңсыздықтың бәрі жіті тексерілетінін мәлімдеді.
uakit.kz