ШЫМКЕНТТІКТЕР ҚАЛАНЫ ДАМЫТУҒА QR-КОД АРҚЫЛЫ ҰСЫНЫС БІЛДІРЕ АЛАДЫ

Шымкент қаласында тұрғындар пікірін тікелей ескеруге бағытталған жаңа бастама іске қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Жоба Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен жүзеге асырылады және оның басты мақсаты – қала тұрғындары мен жергілікті билік арасындағы байланысты күшейту, қоғамдық ұсыныстарды жедел жинақтап, қаланың дамуына ортақ үлес қосу.
Жаңа жобаның атауы «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» деп аталады. Бұл бастама әрбір қала тұрғынына қала өмірін жақсартуға бағытталған өз ойы мен ұсынысын оңай әрі жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін әкімнің тұрғындармен кездесуі, қоғамдық қабылдаулар немесе қала аумағын аралау кезінде айтылған ұсыныстар негізінен ауызша қабылданып, кейін арнайы сараптаудан өтетін. Енді бұл пікірлер жүйелендірілген форматқа көшіріліп, арнайы цифрлық жүйе арқылы қабылданады. Алдағы уақытта қоғамдық орындарда, саябақтарда, аялдамаларда, сондай-ақ қалалық автобустарда QR-кодтар орнатылмақ. Тұрғындар смартфон арқылы QR-кодты сканерлеп, қаланы көркейтуге қатысты өз идеясын немесе қандай да бір мәселеге қатысты ұсынысын бірден жолдай алады. Бұл тәсіл халықпен кері байланысты жеңілдетіп қана қоймай, ұсыныстарды жедел тіркеуге, оларды санаттарға бөліп талдауға және нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жобаға үлкен үміт артып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, ал оның сапалы дамуы тікелей қала тұрғындарының белсенділігіне байланысты. Әрбір азаматтың пікірі маңызды, сондықтан мұндай жобалар халықты қаланың даму үдерісіне тікелей қатыстыру үшін қажет. Түскен ұсыныстардың барлығы сарапшылар тарапынан мұқият қаралып, ең маңыздылары мен тиімділері нақты жоспарға енгізіледі.
Бұл бастама әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуды мақсат етеді. Тұрғындар көбіне белгілі бір аумақтағы мәселелерді жақсы біледі және олар ұсынған идеялар қаланың нақты қажеттілігіне жақын келеді. Сол себепті жоба қала өміріне жаңаша серпін беріп, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға және қаланың экологиясын реттеуге бағытталған ұсыныстардың артуына ықпал етпек. «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы азаматтық белсенділікті арттырудың қолайлы тетігі ретінде бағалануда. Бұл қаладағы оң өзгерістерге бірге үн қосып, тұрғындардың пікірін құрметтеуге бағытталған маңызды қадам. Жоба толық іске қосылғаннан кейін қала әкімдігі ұсыныстардың орындалу барысы жөнінде тұрақты ақпарат беріп, тұрғындармен ашық түрде жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.



