ШЫМКЕНТТІК ДЕПУТАТ БІР ЖЫЛДА 100-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ЫҚПАЛ ЕТКЕН

262
0

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы  Бұхарбай сайлаушыларымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, қойылған сұрақтарына жауап берді. Қаладағы №29 мектепте  өткен кездесуде депутат былтыр 100-ге жуық адамның жеке мәселесін шешуге ықпал еткенін айтты ,- деп хабарлайды uakit.kz.

Халық қалаулысы оларға 2019 жылы атқарған жұмыстарын айтып берді. Кездесуге  90-ға жуық ана келді. Олардың басым көпшілігі көпбалалы. Депуттаттың тұрғындармен кездесуінде  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, табысты көтеру және аз қамтылған азаматтарды қолдау, білім беру жөніндегі басым бағыттары туралы тақырыптар әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ, Нұрғазы Бұхарбай  сайлаушыларына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тапсырмаларына байланысты енгізіліп жатқан жаңалықтарды да жете түсіндірді.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халықпен ашық диалогты жалғастыру керек» деді. Мен жеке қабылдауыма келген азаматтарды қабылдап, мәселелерін тыңдап, оны шешуге көмектесемін. 2019 жылы «Nur Otan» партиясында, қалалық мәслихатта, жұмыс орнымда жалпы саны 44 қоғамдық қабылдау өткізіп, 100-ге жуық азаматтың жеке мәселесін тыңдап, олардың шешілуіне ықпал жасадым. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», — деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.

Кездесуге келген сайлаушылар депутат Нұрғазы Бұхарбайға бірнеше талап-тілектерін жеткізді. Өз кезегінде ата-аналар оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп айналасына бейнекамералар орнату қажеттігін айтты. Сонымен қатар олар, оқулықтың жетіспеушілігіне наразылық білдірді. Жол сапасының төмендігіне қынжылған, маскүнемдердің көптігіне алаңдап, учаскелік полицейлер осы жәйттерді өз бақылауына алуын сұрағандар да болды.  Сонымен қатар бірқатар ата-аналар депутатқа  №29 мектеп жанынан қосымша 300 орындық ғимарат салу керектігі туралы ұсыныс білдірді. Себебі, оқушылардың көптігінен аталған білім ұясында балалар  сыймай жатыр.

Өз кезегінде  Нұрғазы Бұхарбай кездесуде айтылған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолданып, алдағы уақытта олардың өз шешімін табуына барынша ықпал ететінін жеткізді.

uakit.kz