БИЫЛ «ТАСКЕН» ТҰРҒЫНДАРЫ САПАЛЫ ЖАРЫҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

195
0

Шымкентте 81 елді мекеннің 35-де жарық сапасы төмен. Мегаполистің солтүстік аумағына жарық жетпейді. Осы мәселені шешу үшін ағымдағы жылы қуаты 220 кВт-қа тең «Бозарық» подстанциясы іске қосылады.  Қазіргі таңда оның құрылысы жүріп жатыр.

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа  есеп беру жиынында айтты.

Әкімнің сөзінше «Бозарық» подстанциясынан бөлек, келер жылы қалада төрт подстанция іске қосылады. Бұл нысандардың пайдалануға берілуінің нәтижесінде 90 мың халқы бар 30 елді мекендегі жарық мәселесі өз шешімін табатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Шымкенттегі «Түркістан» сарайында қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа есеп беру жиынын өткізді. Жиынға жарық мәселесі бойынша шағымдарын айтуға келген тұрғындар да болды. Мәселен, «Таскен» тұрғын албының Исаева Гүлжамал есімді тұрғыны әкімге «Жарықтың сапасыздығы шаршатты. Бізде 10 трансформатор бар. Бірақ олардың 5-уі жекеменшік. Сол үшін де жарық үшін төлейтін баға тым жоғары болып келеді. Электр бағандарының тозығы жетіп, ескірген»,- деп шағымын жеткізді.

Өз кезегінде қала әкімі «Осы мәселені биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мекемесімен бірлесіп шешеміз. Сапалы жарық жеткізіп береміз»,- деп кесіп айтты.

Қазіргі таңда қала халқының электр энергиясымен қамтылуы 93 пайызды құрайтынын айта кетейік.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз