БЕКШИН БАС САНИТАР БОЛДЫ

275
0

Жандарбек Бекшин Алматы қаласының тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды uakit.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Ол ағымдағы жылдың 20-наурызына дейін Қазақстанның бас санитар дәрігері болған.

Бекшинді тағайындау туралы бұйрыққа 18-сәуірде ҚР денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қол қойған.

Бұған дейін Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметін Айзат Молдағасымова атқарған.

Денсаулық сақтау министрлігінде ұзақ жыл жұмыс істеген Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирус 11-16 наурыз аралығында табылуы мүмкін деп болжам жасағаннан кейін бір аптадан соң қызметінен кеткен. Бекшиннің айтқандары әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Бекшиннің математикалық модельдеуге сүйеніп, болжам жасағанын, ол расталмауы да мүмкін екенін айтқан.

Алайда Бекшиннің болжамы расталды. Қазақстанда 13 наурызда алғаш рет коронавирус жұққан бірнеше науқас анықталды. Қазіргі таңда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 1676 адамға жетті. Оның ішінде 400 науқас емделіп шықты.  Қаза болғандардың саны 17 адам. Толық мәліметті мына https://www.coronavirus2020.kz/?fbclid=IwAR2gtKXlLkqmwjbk2U_zP9q-nL_7-_rNLNtEXE_xeMmRLPLs70ZUuvZCqnU сілтемеге өту арқылы біле аласыз.

uakit.kz