Бәсекеге қабілетті білім – бүгіннің басты талабы

265
0

23Жақсы педагог-оқытушы қазіргі таңда қоғам үшін аса қымбат қазына болып есептелмек. Бәсекеге қабілетті Қазақстанның қарышты экономикасы десек те, жақсы экономикадан демеу алатын, қуатты әлеуметтік мемлекеттің қабілетті халқы үшін де ең қажеттісі – білімділік. Елбасының Жолдауындағы сабақтастық та осы арада тоқайласады. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезең тұсында әркім хал-қадірінше жан бағып, еліміздің білім шаңырақтарындағы білікті педагогикалық буынды шашыратып ала жаздадық. Сол тұстарда мектептерде ұрпақ тәрбиесіне осалдық танытылды. Махмұд Қашқаридың өзі: “Құттылықтың негізі – білік” демеп пе еді?

Уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту – бүгінгі күннің басты міндеті. Сондықтан оқу-ағарту саласында оқытудың жаңа технологияларын меңгерудің қажеттілігі туындайды. Бұл бағытта мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек қажет-ақ.ХХІ ғасыр білімнің жаңа философиясын, жаңа ақпараттық және педагогикалық технологияларын талап етеді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған білім беруге қатысты мәселелер бәрімізді де бей-жай қалдыра алмайды. Қазақстандағы әрбір ұрпақтың ертеңгі күні дүниенің төрт түкпірінде  өзінің қалаған, ұнатқан және қоғамға пайда ойлар мақсатта еркін еңбек ете алатын болуын Елбасымыз қадап айтты. Қазақтың заңғар жазушысы М.О.Әуезовтің “Ел боламын  десең, бесігіңді түзе” деген өте терең мәнді, орынды да әдемі нақылы бар. Ол – еліңнің ертеңі – жас ұрпағыңды жақсылап өсір деген сөз ғой. Осы міндеттің көп салмағы мұғалімдер мен тәрбиешілерге түсетіні аян. Елдің ертеңгі күніне сенімін орнықтыру, өнімді де шығармашылық еңбекті өрістету, қоғамды кернеп бара жатқан бұзақылықтарға қарсы күшті тосқауыл қойып, адамдардың бейбіт өмірін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің мағыналы мақсаты. Атап айтқанда, әлемнің дамыған елдерінде білім беру жүйесінің табыстылығы, ең алдымен, педагог кадрларды даярлау сапасы, педагог кадрларды қатаң іріктеу және педагог мәртебесінің айқындалатындығымен байланысты.
Педагогикалық қызметке балалармен жұмыс істеуге бейімі бар, қабілеті жоғары, талантты жастарды тарту жұмыстарын мемлекеттік маңызды басымдылықтар деңгейіне көтеру және оны жүзеге асыру механизмін әзірлеу – кезек күттірмейтін іс.Педагог кадрларды іріктеудегі үлкен жауапкершілік – педагог мәртебесінің артуына тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалім имиджін көтеру, оның жағымды бейнесін қалыптастыру және тұрақтандыру өзекті мәселе ретінде қарастырылған. Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін арттыруға қатысты көптеген шаралар атқарылып жатқанымен, оны дамыту мен жетілдіру педагогтік қауымдастықтың үлесінде екендігі сөзсіз. Сол себепті мұғалім мәртебесін көтеру үшін ең алдымен мұғалім имиджін қалыптастыру шараларын жоспарлау, оның нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында озат педагогикалық тәжірибелерді жинақтау, тарату және насихаттау жұмыстарын күшейту қажет. Мұғалім бейнесінің кәсіби сипаты мен қызметінің қажеттілігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты қамтамасыз ету, халықаралық баспасөз беттерінде жарияланымдар жасау қызметтерін жүйелеу жұмыстары аса маңызды.

Қалима БИМУРЗАЕВА,
№93 Абылайхан атындағы мектептің мұғалімі. Сайрам ауданы.