САЙРАМДА АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ЖЕТКІЗІП БЕРУ ҚЫЗМЕТІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

278
0

Еліміздегі коронавирус індетінің алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы 10 ірі базар өз жұмысын тоқтатқан болатын. Қазіргі таңда ауданда бір ғана «Иман» ЖШС-нің базары мен «Арзан» маркеті азық-түлікті жеткізіп беру қызметімен айналысуда, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.


Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков және ауданның бас полицейі Бауыржан Зиятаев аталған сауда орындарын аралап, азық-түлік қоры мен баға тұрақтылығына және ондағы төтенше жағдай талабына сай тәртіп пен тазалықтың сақталуын тексеріп шықты.
Сайрам аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әбдібек Зиятайұлы бүгінде ауданда 1 айға 32 түрлі қажетті яғни, жеке кәсіпкер қоймаларындағы және сауда орындарындағы азық-түліктің жалпы қоры – 12,9 мың тоннаны құрайтынын айтты.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 9 тауар түріне шекті баға бекітілген. Ұласбек Сәдібекұлы сол тізімде бекітілген аса қажетті азық-түлік тауарларын тұтынушыларға шекті бағадан асырмай сатуды ескертті.
Бұдан бөлек, сауда орындары мен дүкендерде күнделікті дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Ал сатушыларға арнайы киім мен қолғап киіп, қызмет көрсетпеген жағдайда, сондай-ақ, сатып алушыларды үш адамнан артық кіруіне жол берсе, айыппұл төлеп, дүкендерінің жабылатыны ескертілген.
Тәртіп бойынша, тұтынушылар 1-1,5 метр қашықтықты сақтау тұруы тиіс, бұл туралы жұмысшы топ аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

uakit.kz