ТӨЛЕБИ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗ КҮШТЕРІМЕН БЛОК-БЕКЕТТЕР ҚҰРУДА
Түркістан облысы Төлеби ауданындағы елдімекендерге тұрғындардың өздері блок-бекеттер қойып, қауіпсіздік шараларын қолға алуда.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жергілікті билікпен келісе отырып атқарылып жатқан мұндай шараның мақсаты – коронавирус індетінің ел ішінде таралуын болдырмау. Ауыл азаматтары ұйымдастырған бекеттерде елдімекендер аумағына кіретін немесе шығатын көліктерді залалсыздандырып, жолаушылардың дене қызуын өлшеп, тіркеуге алуда. Сондай-ақ, әрбір азаматқа себепсіз үйден шықпауға, барлық жерде жеке бас тазалығын ұстанып, карантин режимін бұзбауға шақыруда.
Бұл атқарылып жатқан жұмыстарға жергілікті халық түсіністікпен қарап, оң көзқарас танытып отыр. Шараға ауыл белсенділері мен ерікті жастар атсалысып жатыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай сақтық шараларын ауданның барлық елдімекендері эстафета түрінде жалғастыруда.
Ағымдағы
жылдың 27-сәуіріндегі жағдай бойынша облыста вирус жұқтырғандар саны — 109. Оның ішінде
Төлеби ауданында 1 адам.