ҚАНДАСТАР ҚАРАП ЖҮРМЕС ҮШІН КӘСІП ҮЙРЕНЕДІ

449
0

Мегаполис мәртебесін алған 2018 жылдың маусым айынан бастап бүгінге дейін Шымкентке 2000-нан астам қандас қоныс аударған.

Ал жыл басынан бері үшінші қалаға көшіп келген 340 отбасындағы 464 азаматқа қандас мәртебесі берілді. Атамекенге оралған азаматтардың басым көпшілігі атап айтқанда 448 адам көрші Өзбекстан Республикасынан келген.
Сондай-ақ, атажұртқа Ауғанстан, Қытай және Ресей елінен де қандастарымыз көшіп келіп, қаланың әр ауданына қоныстанып отыр.
Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарға 11 жылдан бері Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» қызмет көрсетуде. Орталық мамандары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, елге оралған азаматтарға 6 ай мерзімде бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін ұсынады.
Қазіргі таңда мұнда 14 отбасы құрамындағы 29 адам жаңа ортаға бейімделуде. Орталықта дәнекер, массаж, компьютерлік графика, шаштараз, есепші, кондитер, тігінші, сантехник, электрик, жиһаз жинаушы сынды түрлі кәсіптер бойынша тегін оқу курстары қарастырылған.
Қандастарға барлық сұрақтар бойынша ақпараттық бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.