МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

198
0

Шымкент қаласында «21 мамыр —Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» аталып өтті. Биылғы мерекенің ерекшелігі еркін форматта ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады. Мерейлі күні өнердің туын биік ұстап, тұғырынан таймаған мәдениет майталмандары қала басшылығына өз алғыстарын білдірді.

Үшінші мегаполисте мәдениет саласында соңғы уақыттарда ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келеді. Саладағы түйткілді түйіндер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мекемелердің материалдық-техникалық базасы да жақсара түсуде.

Мәдениет — ұлттық руханияттың түп-тамыры. Сондықтан елдің рухы артып, мерейі үстем бола түсуі үшін аталған салаға айрықша мән беру керек. Ал Шымкентте бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Былдырлаған бүлдіршіннен бастап сала майталмандарына дейін өзі өнерін жетілдіруіне жағдайлар жасалған. Мәселен, соның бір айқын айғағы ретінде қала құрылысы жүріп жатқан оқушылар сарайын айтуға болады. Мұнда мектеп жасындағы балалар түрлі үйірмелерге қатысып, өнерін ұштап, елдің мәдениетін әлемдік деңгейге танытуға мүмкіндік алмақ.

Қала берді қаланың өзінде халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттың ұпайын түгендеп, елдің атын танытуға айрықша үлес қосып келе жатқан жандар жетерлік. Ал олардың қабілеті мен дарынын әрі қарай дамытуға қалалық әкімдік тарапынан тиісті шаралар атқарылып келе жатқанынан да қалың оқырман хабардар. Қала әкімінің өзі жас таланттарға арнайы қолдау көрсетіп келе жатыр. Білім мен өнер бәйгесінде оза шапқан отандастарымыздың жетістігі — елдің жемісі. Сондықтан бұл саланың маңызы ерек. Мәдениетке көрсетілер қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек. Жемісті жұмыстардың арқасында саланың тасы өрге домалап, өресі биіктей түсуде. Мұны барша біледі деген ойдамыз…