«ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ОЙРАН» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

375
0

Жуырда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының акт залында жазушы Момбек Әбдәкімұлының Алматыдағы «Ел шежіре» баспасынан шыққан «Түркістан өлкесіндегі ойран» атты тарихи романының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер жиынына белгілі жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке, көрнекті ақын, «Ақиқат журналының бас редакторы Аманхан Әлім, филология ғылымдарының докторлары Мекемтас Мырзахметов, Құлбек Еркөбек, Халықаралық «Түркі әлемі» студиясының директоры, танымал қаламгер Доқтырхан Тұрлыбек сияқты елге аттары мәшһүр бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиын басында сөз алған Бексұлтан Нұржеке «Түркістан өлкесіндегі ойран» романына жалпы сипаттама жасап, ондағы көтерілген мәселелер жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. «Бұл кітап, – деді ол, – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің және Түркістан республикасы мен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына һәм сталиндік қуғын-сүргіннің 80 жылдығына арналып жазылыпты. Автор 1916-1937 жылдар аралығында Түркістан өлкесінде өткен саяси уақиғаларды нақты тарихи мәліметтер мен деректер негізінде көркем әдебиет талабына сай тізбелеп, оларды кітаптағы бас кейіпкер – Мамажан Сартайұлының іс-әрекеттері мен образы арқылы нанымды түрде жазбалап шыққан. Ең маңыздысы – кітаптағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің оңтүстік өлкесінде де қатты белең алғаны, сол соғыста жергілікті қазақтардың шеккен қасіреттері мен тартқан азаптары туралы кең ауқымда берілген деректер шығарманың құнын арттырып тұр. Аталмыш еңбектің қай жағынан алғанда да, тарихи шығарма талаптарына сай жазылғаны бізді қатты қуантты».
Бұдан кейін сөз алған қаламгерлер мен ғалымдар кітапта жазылған тарихи уақиғалар мен жазушының жазу стиліне, сөз қолданысына талдау жасап, онда келтірілген Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхамеджан Тынышбаев және басқа да қазақ қайраткерлерінің бейнелері, сондай-ақ шығарманың басты кейіпкері, түркістандық қайраткер Мамажан Сартаевтің тұлғасы сәтті суреттелгені хақында әңгімеледі.

Өз кезегінде сөзге шыққан Аманхан Әлім былай деді: «Момбектің шығармаларын көптен бері оқып жүрмін. Ол модернизм тәсілін жақсы меңгерген жазушы. Кітаптарын жеңіл тілмен жазады және бір ерекшелігі – образдың бейнесін ашу үшін көп сөзділікке бара бермейді. Кейіпкердің бейнесін тек қызықты оқиғаларды қуалап отырып-ақ аша біледі. Мәселен, бүгін тұсауы кесіліп отырған тарихи романында бас кейіпкердің кім екенін оның қасқырдың арланымен кездескен сәтінде-ақ ашып берген. Оның басқа жазушылардан және бір өзгешілігі – тарихи даталар мен оқиғаларды нақты деректер негізінде тізбелеп береді һәм оларды құрғақ баяндаумен емес, біреудің аузымен айтқызады немесе ойына түсіртеді. Біз мұндай әдісті – жазушының өзіндік тапқырлығы және бөгделерден стилдік айырмашылығы көп екен деп білгеніміз жөн.
Момбектің қазақтың шешендік өнерінен көп хабары бар екені де осы кітапта байқалады. Кітаптағы Мошқал, Құтпан сияқты кейіпкер болыстардың өзара айтысы кезінде бұл құбылыс әдемі баяндалады. Бірі – қарапайым қазақты жақтайтын, бірі – орыс ұлықтарын қолдайтын екі болыстың осы айтысындағы ұтқыр сұрақтар, ұтымды жауаптар, қарапайым пенденің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін сөз қолданыстары… иә, қайсыбірін айтайық, осы бір тарауды есті оқырман қайта-қайта оқығысы келетіні анық.

«Түркістан өлкесіндегі ойрандағы» ең бір баса көрсететін нәрсе – Момбек мұнда 1916-1937 жылдар аралығындағы Ташкент пен Шымкент төңірегіндегі қазақтардың қандай қиыншылықтар көргенін, қандай зобалаңды шақтарды бастан кешкендерін тәптіштей баяндайды. Сол жылдардағы түрлі зұлматтарда қанша қазақтың шейіт кеткенін, қаншасының басқа жаққа ауып кеткенін нақты деректермен жазбалайды. Осыған қарап, М.Әбдәкімұлын мұрағат материалдарын көп жинаған һәм сол мағлұматтарды оқырманға жеңіл тіл, жатық сөйлемдермен жеткізе білген қазіргі заманның озық жазушысы ретінде тануға тиіспіз» дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова.

Серікбай САПАРҰЛЫ.