348 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

179
0

Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған.

Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қаладағы сапалы жолдардың саны артып, көрсеткіш одан әрі жоғарылай бермек. Аталған бағыттағы бастамалар бір сәтке де толастамақ емес, қарқын күшейе береді. Миллион халқы бар мегаполисте мәселе түбегейлі шешілмесе де тиісті шаралардың атқарыла беретіні белгілі.

Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар.

Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді. Аталған бағыттағы жұмыстар қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерде қарқын алмақ. Тиісті жұмыстар жүзеге асса, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендердегі жол мәселесі біршама шешімін табады. Тек жол мәселесі ғана емес, жалпы инженерлік инфрақұрылым мәселесі бойынша бүгінгі ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатыр. Мұның өзі шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесі әкімдіктің тікелей бақылауында екенін айғақтайды.