БІЛІМ МЕН ІЗДЕНІС — ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Фурқат атындағы №37 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» зияткерлік-ағартушылық жобасы аясында 8-10-сынып оқушыларына арналған мазмұнды әдеби талқылау өтті. Іс-шара барысында оқушылар қазақ әдебиетінің құнды шығармалары — Дулат Исабековтің «Гаухар тас» повесі, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі бойынша өз ойларын ортаға салып, кейіпкерлер тағдырын, шығарма идеясын, ұлттық құндылықтарды терең талдады.
Бұл үш туындының да ерекшелігі — адамгершілікті, адалдықты, рухани беріктік пен жауапкершілікті дәріптеуі. Әдеби кейіпкерлердің өмірлік тәжірибесі мен таңдауы жасөспірімдерге адами қасиеттің мәнін түсіндіруге бағытталған. Мәселен, «Гаухар тастағы» мейірім мен сенім, «Қорғансыздың күніндегі» әділдікке ұмтылыс, «Ұшқан ұядағы» тәрбие мен отбасылық құндылықтар оқушылардың дүниетанымын байытып, адам болмысына терең үңілуге мүмкіндік береді. Бұл талқылаудың мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен толық үндеседі. Бағдарлама жас ұрпаққа адалдық, әділдік, жауапкершілік, намыс, қамқорлық сияқты қасиеттерді сіңіруді көздейді. Әдебиет арқылы тәрбиелеу — осы міндеттің тиімді жолдарының бірі. Оқушылар шығармаларды талдай отырып, өмірде дұрыс таңдау жасаудың, әділетсіздікке қарсы тұрудың, жақсылыққа ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Сонымен қатар, бұл бағыт жасөспірімдерді өз ойын еркін айтуға, ойлануға, салыстыруға, дәлелдеуге баулиды. Іс-шарада жастардың кітапқа деген қызығушылығы артып, оқушылар арасындағы пікір алмасу олардың сөздік қорын, ойлау мәдениетін, талдау қабілетін дамытты. Бұл да «Адал азамат» бағдарламасының тұлғалық дамуды қолдауға бағытталған міндеттерімен үйлеседі. Кітап оқу арқылы оқушылар тек әдеби білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, елжандылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Білім мен ізденіс қай заманда да табыстың кілті. Кітап оқитын ұрпақ — ойы озық, болашағы берік ұлттың негізі. Осындай әдеби шаралар жасөспірімдердің жан-жақты дамуына, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына және ел ертеңіне жауапкершілікпен қарауына серпін береді. Бұл, өз кезегінде, бәсекеге қабілетті, жан-жақты жастардың өсуіне ықпал етеді.