ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Қаратау ауданына қарасты Нұртас шағынауданында жыл соңына дейін 653 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады. Қазіргі таңда шағынауданда бағаналар тартылып, электр желілері тартылуда. Аталған жұмыстар 2021 жылы басталып, бүгінде құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы аяқталған.
Атап айтқанда 600-ден астам электр бағанасы орнатылып, 2 шақырым электр желілері тартылды. Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жоспар бойынша, сапалы жарықпен қамту тамыз айында толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Нұртас шағынауданын табиғи газбен қамту жұмыстары қатар атқарылуда. Газ жүйелерінің жалпы ұзындығы 15,7 шақырымды құраса, бүгінде оның 75 пайызы орнатылды. Биыл Нұртастағы Тасанбаев және Хан тәңірі көшелері жарықтандырылады.
Жалпы Шымкент қаласының көшелерін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету мақсатында – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарлануда. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек. 2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құрады. Жоспар бойынша өткен жылы 104 көшені жарықтандыру қажет болса, жоспар артығымен орындалып, 136 көшеде жұмыстар толығымен аяқталды.
Бұдан бөлек, «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарылады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады. Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған. Қазіргі таңда, 40-қа жуық көше диспетчерлік орталыққа қосылған. Жыл соңына дейін көше санын 100-ге жеткізу көзделген.