1830 ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

127
0

Шымкент қаласында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. Яғни қаладағы кәсіпкерлік сала уақыт өткен сайын дамып келеді. 

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылды» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Қала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген.

М.Әйтенов «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатқанына да тоқталып өтті. Онда 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген.

Айта кету керек, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте индустриалды аймақ ашу бойынша қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынған. Аумақтың инфрақұрылымы толық аяқталса, мұнда бірнеше кәсіпкерлік нысанда жұмыс басталады. Сәйкесінше, қыруар қаржы тартылып, жүздеген, тіпті, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға үлкен қолдау болары сөзсіз. Қала берді қаладағы кәсіпкерлік саланың қанат жайып, саланың дамуына да тың терпін берері белгілі.