ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 30-ҒА ЖУЫҚ КӘСІПОРНЫ «ULTTYQ ÓNIM – 2026» КӨРМЕСІНДЕ ӨҢІРДІҢ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІН ТАНЫСТЫРУДА

Елорданың төріндегі еңселі EXPO халықаралық көрме орталығы бүгінде қазақстандық өндірістің тынысын ашып, отандық кәсіпкерлердің басын қосқан алып алаңға айналды. Көптен күткен, бұқара мен бизнес өкілдері тағатсыздана іздейтін отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі биыл ерекше сән-салтанатпен және зор ауқымда жалауын желбіретті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылған бұл жиын өзінің өткізілу тарихындағы ең ірі, ең мазмұнды шара ретінде шежіреге енбек. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі өздерінің маңдай тер, адал еңбегімен шығарған өнімдерін таныстырып, қазақ жерінің өндірістік әлеуетін паш етуде. Осы бір заманауи нарық бәсекесінде берекелі де киелі Түркістан облысының шоқтығы биік, қадамы қарышты көрінді. Оңтүстіктің намысын жыртқан 25 іргелі кәсіпорын Астана төрінде аймақтың экспорттық қауқары мен өнім сапасын жоғары деңгейде көрсетіп, елордалықтар мен мәртебелі меймандардың таңдайын қақтырды.
Түркістандық кәсіпкерлер бұл көрмеге тек санмен емес, ең бастысы сапамен және тауар түрлерінің сан алуандығымен келген екен. Көрме сөрелеріне қойылған өнімдердің ауқымына қарап-ақ, өңірдегі шикізатты терең өңдеу мен импортты алмастыру саясатының қалай қарқын алғанын бағамдау қиын емес. Мәселен, азық-түлік секторларында брендке айналған «DALA-FRUIT.KZ» серіктестігі өздерінің табиғи балдай алма шырындарын ұсынса, «AYKAN» кәсіпорыны тіл үйіретін «Эмир» ірімшігін көпшілікке тарту етті. Ал «ҚАРҚЫН-2030» компаниясының дәмді шұжықтары мен ет өнімдері, «BEIBARS BOTTLERS» ұсынған RC Cola сусындары мен «Балмуздак» кәсіпорнының әйгілі «Ленгерлік» балмұздағы көрмеге келушілердің ең көп аялдайтын тұсына айналды. Мұнымен қоса, өңірдің ауыр өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы серпіні де сезіледі. Көрмеде «Шораев» жеке кәсіпкерлігі шығарған төзімді, арнайы қорғаныш аяқ киімдері, «Нұр-Агро 73» мекемесінің сапалы мақта өнімдері, «QazEcoPack»-тың заманауи скотч пен стрейч-пленкалары, «QAZAQ BITUM Processing» компаниясының битумдары мен «Trans Cable» зауытының кабельдік өнімдері оңтүстік индустриясының қуатын көрсетті. Тұрмысқа сән беретін «Quraq Group» серіктестігінің жұмсақ жиһаздары да талғампаз қауымның назарынан тыс қалмады.
Осындай зор маңызы бар көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы қатысып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ыстық ықыласқа толы құттықтау хатын оқып берді. Атқарушы биліктің бұл қадамы Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттаған сындарлы саясатының айқын дәлелі болса керек. Бүгінде Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өнімді дәріптеу және экспорттық көкжиекті кеңейту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға бұл көрме таптырмас демеу болары сөзсіз. Өйткені, мұндай алаңдар өңір кәсіпкерлері үшін жаңа серіктестер тауып, келісімшарттар жасасуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді игеруге даңғыл жол ашады.
Биылғы «ULTTYQ ÓNIM – 2026» тек тауар қойылған сөрелермен ғана шектелмей, іскерлік байланыс пен білімнің де үлкен орталығына айналды. Көрме аясында қызу пікірталастар өтетін панельдік сессиялар, нетворкинг алаңдары, өзара тәжірибе алмасу сәттері мен B2B форматындағы маңызды кездесулер үзіліссіз ұйымдастырылуда. Тіпті, кәсібін жаңа бастаған немесе ісін дөңгелетіп отырған жандар үшін франчайзинг, тиімді команда қалыптастыру, салық жүйесінің қыр-сыры және заманауи бизнесте жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тақырыптарында жоғары деңгейдегі тегін шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Мұның сыртында, көрмеге келуші қарапайым халықтың көңіл-күйін көтеру үшін танымал өнер жұлдыздары мен блогерлердің қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, «Халық таңдауы» онлайн-байқауы мен бағалы сыйлықтар ұтысы да қатар жүргізілуде. Бизнесті қолдау – бұл мемлекеттің берік ұстанымы. Соның айқын көрінісіндей, өткен жылдың өзінде ғана Үкімет тарапынан «Даму» қоры арқылы отандық іскер азаматтарды қолдауға 560 миллиард теңгеден астам қыруар қаражат бағытталған екен. Осы қолдаудың арқасында жалпы несиелік қоржыны 2,2 триллион теңгені құрайтын 13 мыңға жуық ауқымды жобаның тамырына қан жүгірді. Мұндай жүйелі мемлекеттік шаралардың нәтижесінде елімізде 14 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, бұрыннан бар 143 мыңнан астам адамның қызмет орны сақталып қалды.



