ЖАСТАР ЛИГАСЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ШЫҚТЫ

152
0

Бұдан біраз уақыт бұрын үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасының» басталғаны турасында сүйіншілей хабарлаған едік. Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізу мен салауатты өмір салтын насихаттауды көздейтін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен қолға алынған жоба үш айға созылды. Осы аптада шырайлы шаһардағы «Қажымұқан» орталық стадионында футболдан ақтық ойын өтті. №65 және №90 мектептің аяқдоп шеберлері бақ сынаған байрақты бәсекеге қала әкімі де қатысты.

Финалдық ойын 3:1 есебімен аяқталып, №65 мектептің оқушылары биылдың чемпионы атанды. Стадионға жүздеген адамды жинаған ойын жобаның жабылу салтанатына ұласты. Салтанатты шарада қала әкімі сөз алып, балаларды жеңісімен құттықтады. «Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін.Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын!» деп тілек білдірді шаһар басшысы.

Жоба ел аумағында өтетін республикалық чемпионаттарға команда жасақтау мақсатын да көздейтінін айта кету керек. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жылдан жылға қатысушылар саны да артып келеді. Мәселен, өткен жылы 140 мектеп қатысып, бағын сынаса, биылғы сайыс 151 орта мектептің 6 мыңға жуық оқушысын қамтыды. Футбол, волейбол, баскетбол және шахмат ойындарынан өткен байрақты бәсекенің жүлде қоры – 80 миллион теңге. Яғни, әр жеңімпаз командаға 20 миллион теңге ақшалай сыйлық беріледі. Оны жеңімпаздар мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсай алады. Айта кету керек, биыл өткен сайыстарды ұйымдастыру мен төрелік ету жұмыстарына 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары атсалысқан.