ҚОЛ КҮРЕСІНЕН ШАРДАРАДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ӘЛЕМДЕ КӨШ БАСЫНДА ТҰР

ҚОЛ КҮРЕСІНЕН ШАРДАРАДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ӘЛЕМДЕ КӨШ БАСЫНДА ТҰР

Түркістан облысы Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» кешені армрестлинг бойынша әлемдегі ең үлкен спорт клубы. Мұндай ауқымды спорттық клубты бұрын-соңды ешбір елден көрген емеспін.

Жуырда Түркістан өңірінде арнайы іс-сапарда болған Армрестлингтен кәсіпқойлар арасында әлемдік федерация президенті Игорь Мазуренко өзінің жеке «YouTube» арнасында осылай деп мәлімдеген.
Ол бейнежазбада аталған спорт мектебінің тынысымен танысып, сол жайында деректі фильм түсіру үшін Шардараға арнайы келгенін айтқан. Сондай-ақ, спорт клубында жаттығып жүрген жас спортшылардың еңбекқорлығына тәнті болып, олардың жеткен жетістіктерін ерекше атап өткен. Және де осындай ұлы істің негізін қалаушы, спорт шебері, ұстаз Арман Романұлы Қарсыбаевқа ерекше алғысын білдірген.
Бүгінде 5 гектар аумақты алып жатқан «Шардара Армспорт» кешенінде 1200-ден астам шәкірт спорттың бірнеше түрімен ақысыз түрде шұғылдануда. Мұнда атлеттердің емін-еркін жаттығумен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Айта кетейік, «Шардара Армспорт» армрестлинг спорт клубы 2001 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда 35 жаттықтырушы 700 баланы аталған спорт түріне баулып келеді. Бүгінге дейін спорт мектебінен 1800-ден астам спортшы түрлі деңгейдегі жүлделердің иесі атанған. Оның ішінде 48-і Әлем чемпионы, 39-ы Әлем чемпионатының жүлдегері, 26-сы Әлем кубогының иегері, 144-і Азия чемпионы, 154 спортшы Азия чемпионатының жүлдегерлері болып табылады.
Аталған спорт клубына мемлекет тарапынан да ерекше қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, спортшылардың шетелге іс-сапарлары, жарысқа қатысуы, жол, қонақ үй шығындарына Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудандық спорт бөлімі қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Шынында да ауданда қол күресі бойынша спорт түрі жақсы дамыған. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай да осы бағытта ауданның жеткен жетістіктерін көп жерлерде мақтанышпен айтып жүреді. Ол былтыр  республикалық қоғамдық-саяси «Уақыт» газетіне берген сұхбатында «Әр өлкенің өзінің ерекшелігі болады. Шардараның жұрт қызыға әрі қызғана қарайтын түстары өте көп. Әр салада ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. Мәселен, спорт саласын алайық. Ауданда армрестлинг бойынша топ жарған спортшылар саны жетерлік. Талай тартысты жарыстарда жеңісті қолдан бермей келген шымыр жігіттердің барлығы дерлік осы Шардараға шоғырланғандай»,-деп атап өткен.

uakit.kz