ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНДЕ 50 КӘСІПОРЫН АШЫЛАДЫ

148
0

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.

«Бұл кәсіпорындар жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады. Бүгінгі таңда аймақта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 50-ден астам ірі жоба іске аспақ. Оған 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді»,-деді әкім.

Бұдан бөлек, ел Презииденті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында тағы да бір «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118,9 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Сонымен бірге 2,6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд. теңгеден 573,7 млрд. теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді.