ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР – ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТУІ ТИІС

192
0

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осылай деген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» сәтті орындалып келетінін айтты.

«Биыл қаламызда «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25 пайызға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы
20 пайызға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25 пайызға өсті»,-деді қала әкімі.

Жалпы Шымкент қаласында 2022 жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23,3 пайызға өсіп, 216867 теңгені құрады.

Айта кету керек, биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 2022 жылдың 5 айында 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылып үлгерген. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов хабарлады.

–Шымкент қаласы экономикаға тартылған инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы жылдың 5 айында қалаға 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде шаһар экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді М.Әйтенов. Қала әкімінің айтуынша, инвестиция негізінен құрылыс және өнеркәсіп салаларына бағытталып жатыр. Мәселен өнеркәсіп секторында 16 инвестжоба іске асырылмақ. Жалпы құны 52 миллиард теңгелік бұл жобалар жаңадан 1 мың тұрақты орнын құру көзделуде.